АҚШ Президенті Дональд Трамп мәміле жедел түрде жасалған жағдайда Иранға қарсы әскери қимылдардан бас тартуға дайын екенін айтты. Мұны Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.
Трамп өз ұстанымын Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Америка басшысы әуелі Тегеранға қатаң сөз айтып, елінің әскери әлеуетін алға тартты.
– АҚШ тісіне дейін қаруланған, Иран Ислам Республикасына қарсы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері көрінбеген деңгейдегі күш пен қуатты жұмсауға дайын, – деді ол.
Дегенмен сол жазбаның екінші бөлігінде мүлде басқа мазмұн тұр. Трамптың айтуынша, Иран мен Таяу Шығыстың бірқатар мемлекеті Вашингтонға өтініш білдіріп, мәміле шарттары келісілгенге дейін шабуыл жасамауды сұраған.
– Осы өтінішке сүйене отырып, бүкіл әлемнің болашағы үшін және Иранның аман әрі гүлденген күйінде сақталуы үшін шабуылдан бас тартуға келістім, тек мәмілені шапшаң жасай алсақ болғаны. Мұндай шешімге Израиль мемлекеті де қосылды, – деп жазды АҚШ басшысы.
Америка тарапы қоятын екі талап аталды. Біріншісі, Ормуз бұғазын дереу, толық әрі ешқандай шартсыз ашу. Екіншісі, Иран тарапынан төнетін ядролық қатерді тоқтату.
Бұған дейін Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөз 3 тамызда басталатынын хабарлаған болатын.
Фото: Firstpost
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!