Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мальдивке талас қыза түсті

15.01.2024, 10:20 428

HALYQLINE.KZ

Қазақтар демалуға көп баратын елдің бірі – Мальдив аралдары. Ақ құмы, кокостарымен танымал ел. Айтпақшы әлемде басына кокос құлап, көз жұматындар ішінде мальдивтіктер көш бастап тұр екен. Басыңызға биіктен Bountyдің өңделмеген түрі құласа, әлбетте өліп кетуіңіз әбден мүмкін.

Жә, әңгіме онда емес. Қысқасы осы Мальдив үшін талас-тартыс күшейді. Таласып жатқан – осы аймақтағы көшбасшылыққа ұмтылушы Қытай мен Үндістан. Картана ашып қарасаңыз, Мальдив аралдары Үндістанның жанында екенін көресіз. Ең жақын көршісі – сол Үндістан мен Шри-Ланка елдері. Айдалада Қытай жатыр. Сондықтан Мальдив аралдары Үндістанға арқа сүйеп келді.

Әлгі қырғи-қабақ соғысы кезінде Үндістан бейтарап позиция ұстанды. Сол позициясымен Мальдивті де қандай да бір блокқа кіруден сақтап қалды. 1988 жылы Мальдив басшысын қарулы топ шабуылынан Үндістанның арнайы жасағы құтқарып қалғаны бар. Содан бері Мальдив елі Үндістанды аға тұтып, іштей өзін қарыздар сезініп, Делимен жақсы қатынас ұстап келді. Осы күнге дейін.

Уақыт өтті. Қытай күшейді. Экономикасы артты. Инвестиция құю мүмкіндігі көбейді. Сөйтіп алыс-жақын елдерге инвестиция сала бастады. Мальдивке де барды. О баста Қытаймен қатынастан қашқақтаған Мальдив кейін біртіндеп инвестиция ала бастады. Бұл, әрине, Үндістанға ұнамайды. Өйткені Қытай мен Үндістан арасында жесір дауы болмаса да, жер дауы бар. Оның үстіне екеуі Үнді мұхитындағы үстемдікке де таласып жүр дегендейін.

Айтпақшы 2023 жылдың қарашасында Мальдивте президент ауысты. Билікке Мұхаммед Муиза атты азамат келді. Ол қытайшыл позиция ұстанып, бейресми «Үндістан кетсін!» ұранымен атой салды.

Мәссаған десті үнділер. Отқа майды үнді премьері Модидің 4-қаңтардағы туиті құйып жіберді. Нарендра Моди Жаңа жылдан кейін Лакшадвип атты Үндістан аралына барып, сурет салды. «Осы аралымызға келіп демалыңыздар» деп үнділерге үндеу тастады. Бұны көрген Мальдив саясаткерлері баж етті. Себебі Мальдивке ең көп баратын туристер осы Үндістаннан еді. Модидің туитіне ашуланып, жүйкесі сыр берген Мальдивтің бірнеше ірі шенеунігі қатты жауап жазды. Бұл екі ел арасындағы қатынасты суытты. Мальдив ол шенеуніктерін жұмыстан шығарып жіберді, алайда ол сәтте дау ушығып кеткен болатын. Үндістанның 10 мыңға жуық турисі турларынан бас тартты. 3 мыңға жуық ұшақ билетін кері қайтарып тастады. Бұл әрине Мальдив экономикасына соққы ғой.

9 қаңтар күні Мальдив президенті Мұхаммед Муиза Қытайға барды. Бұл шиеленісті күшейтті. Ал кеше Мальдив «наурыз айында үнді сарбаздары елімізден кетсін» деп мәлімдеді. Мальдивте 80-нен астам үнді сарбазы бар көрінеді.

Осылайша Мальдивке талас қыза түсті. Модидің туиті бар болғаны сылтау ғой. Негізі Қытай мен Үндістан арасындағы күрес қой. Қытайға сол маңнан кемелеріне порт қажет дейді сақа сарапшылар.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: