Арал ауданы әкімдігінде ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, Қызылорда облысында ауызсумен қамту жұмыстарының жүзеге асырылу барысы жан-жақты талқыланды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Мәжіліске қала және аудан әкімдері, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы, Су ресурстары және ирригация министрлігінің топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы және тиісті басқарма мен мекеме басшылары қатысты.
Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету туралы берген тапсырмасы талқыланды.
Қызылорда облысы бойынша бұл тапсырманың орындалуы жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинұлы баяндама жасады.
2025 жылы облыс бойынша 11 елді мекенді ауызсумен қамту жобалары жүзеге асырылды. Бұл жобаларға 9,9 млрд теңге қаржы қаралды. Яғни, 5 елді мекен топтық су құбырына қосылса, 4 елді мекенде ішкі су жүйелерін салу және 2 елді мекенде су тұщытқыш қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізілген.
Жиын барысында таза ауызсумен қамту жұмыстары жөнінде аудан әкімдері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар мүлтіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Мәжілісте «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының» 200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі бойынша қолға алынып жатқан жұмыстар да сөз болды. Өткен жылы құбырдың екінші желісін тарту жұмыстары басталды. Жоба құны – 43,7 млрд теңге.
Жиында Ералы Лұқпанұлы халықты сапалы ауызсумен қамту халықтың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін айтып, бұл жұмыстар бойынша республикада ешқандай мәселе болмауы керек екенін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!