Бұл талдауды Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары жасады.
Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайдағы сөзі елдің алдағы кезеңдегі басты бағыттарын қамтыған маңызды мәлімдеме ретінде бағаланды. Құрылтай мінберінде айтылған ойлардың мазмұнына қарасақ, Мемлекет басшысы ең алдымен ішкі саясаттағы жаңғыру мәселесіне айрықша назар аударған. Сөздің негізгі бөлігінің төрттен бірі саяси жаңғыру тақырыбына арналған. Бұл бағыттың үлесі 25 пайызды құрайды. Яғни президент қоғамды басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік институттарды нығайту, әділеттілік қағидатын орнықтыру және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтай отырып жаңару бағытын жалғастыру мәселелерін алдыңғы орынға қойғаны байқалады.
Екінші кезекте экономикалық даму мәселелері қозғалған. Бұл тақырып 17,9 пайыз үлеске ие. Мұнда ел экономикасын күшейту, өңірлердің әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыс орындарын көбейту, өндірісті дамыту сияқты нақты бағыттар қамтылғаны аңғарылады. Құрылтайдағы сөз тек саяси ұранға құрылмай, әлеуметтік экономикалық мазмұнмен толыққанын осыдан-ақ байқауға болады.
Сөз барысында энергетикалық қауіпсіздік те елеусіз қалмаған. Оның үлесі 14,3 пайыз. Қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен түрлі тәуекелдер жағдайында энергетика мәселесінің стратегиялық мәні артып отырғаны белгілі. Сондықтан бұл бағытқа тоқталуы елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін маңызды екенін көрсетеді.
Көлік логистика саласы да назардан тыс қалмаған. Бұл бағыттың үлесі 10,7 пайызды құрайды. Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін кеңейту, инфрақұрылымды жаңарту, жол сапасын жақсарту, өңірлер арасындағы байланысты күшейту секілді мәселелер осы салаға қатысты айтылған негізгі ойлардың қатарында болғаны байқалады.

Сонымен бірге цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбы да 10,7 пайыз үлеспен көрсетілген. Бұл технологиялық жаңғырудың мемлекет үшін қаншалықты маңызды болып отырғанын аңғартады. Қызмет көрсету сапасын арттыру, басқару жүйесін тиімді ету, жаңа технологияларды экономиканың әр саласына енгізу секілді бағыттардың күн тәртібінен түспей отырғаны осы тұстан көрінеді.
Әлеуметтік салаға қатысты мәселелердің үлесі 8,6 пайызды құрайды. Бұл қатарда халықтың өмір сапасы, білім беру, медицина, әлеуметтік қолдау тетіктері секілді қоғамға тікелей әсер ететін тақырыптардың қамтылғаны түсінікті. Ұлттық құрылтайдың басты мақсатының бірі халықтың көкейіндегі мәселелерді ортаға салу екенін ескерсек, әлеуметтік бағыттың да белгілі бір деңгейде орын алуы заңды.
Мәдени тарихи мұра тақырыбы 7,1 пайыз үлеске ие болған. Бұл ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи жадыны жаңғырту, рухани сабақтастықты күшейту сияқты мәселелердің де сөз ішінде қозғалғанын көрсетеді. Құрылтайдың жалпы рухы мен маңызы дәл осы мәдени негізбен де тығыз байланысты.
Ал сыртқы саясат мәселелерінің үлесі 5,7 пайыз болып отыр. Бұл бағыттың көлемі салыстырмалы түрде аз болғанымен, оның маңызы төмендеді деген сөз емес. Құрылтайдың басты бағыты ішкі мәселелерге арналатынын ескерсек, сыртқы саясатқа аздау тоқталуы табиғи құбылыс.
Жалпы құрылтайдағы сөздің мазмұны елдің ішкі дамуына тікелей әсер ететін негізгі бағыттарға басымдық берілгенін аңғартады. Саяси жаңғыру, экономика, энергетика, көлік логистика, цифрландыру секілді салалар Қазақстанның алдағы кезеңдегі күн тәртібінде басты орында тұратынын тағы бір мәрте айқындап берді.
Диаграмма мен коллажды дайындаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!