Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірттерінің бойына тәрбие мен білімді сіңіре білген мұғалімдердің мерейі қашанда биік. Бүгінде осы жауапкершілік жүгі зор салада абыройлы еңбек етіп, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан Үміт Қосекеева мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Ардагер ұстаздың мерейтойына орай салтанатты қабылдау өтіп, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов ҚР Білім беру ісінің үздігі Үміт Қажығалиқызына Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-құрмет көрсетті.
– Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі міндет болса, Сіз жүрек қалауымен саналы ғұмырыңызды бала бағбаны болуға арнадыңыз. Қасиетті мамандықтың туын түсірмей, тұғырын тіктеп, тәлімін сіңіріп, тағылымын оздырып, жыл сайын жыл құсындай жас түлекті ұшырдыңыз, жаңа буынды бауырыңызға басып келдіңіз. Осы жарқын жолдағы еңбегіңіз ерекше және бәсекеге қабілетті білікті жастарды, мықты тұлға, елжанды азаматтарды қалыптастырған мәртебелі қызметіңіз үшін алғысым шексіз.
Кемел келешекке кенен азаматтарды қосып, абыройлы міндетіңізді адал атқара білген Өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! — деді Ділмұхамед Мінуәрбекұлы.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты қабылдауда қалалық маслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев, облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов және замандастары мен шәкірттері жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде мерейтой иесі қала басшылығына, әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Үміт Қосекеева еңбек жолын 1973 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №96 Бозкөл орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Одан әрі Қызылорда қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында физика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, Қызылорда қалалық білім бөліміндегі әдістемелік кабинет меңгерушісі, бас маманы, №15 қалалық гимназияның директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Қызмет жасап жүрген уақытта 33 «Алтын белгі», 75 «Үздік аттестат», 174 мемлекеттік грант иесін шығарды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!