Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: «Мемлекеттік қызмет – әрбір ел үшін аса маңызды институт»

23.06.2020, 17:50 581

HALYQLINE.KZ

Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет – әрбір ел үшін аса маңызды институт. Дамыған мемлекет – тиімді, нәтижелі мемлекеттік қызметтің негізінде құрылады. Қазіргі таңда елімізде Елбасының «100 нақты қадам: Ұлт жоспарының» аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы тапсырмасы жүзеге асуда.

Заманауи, сапалы мемлекеттік қызметтің елдің әлеуметтік-экномикалық дамуына қосар үлесі ерекше. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілерге тиісті талаптар мен міндеттер қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Біздің өңіріміздің нәтижелі дамуы сіздердің жоғары адамгершілік деңгейлеріңізге, өз қызметтеріңізге деген адалдықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңізге байланысты болмақ.Бүгінгі күні Қызылорда облысында 3 564 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың ішінде шамамен жартысы нәзік жандылар болса, 548-і – 29 жасқа дейінгі жастар.

Облыста Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 19 және «Болашақ» бағдарламасының 7 түлегі түрлі салада қызмет атқарады. Ел мүддесі, халық игілігі бәрінен жоғары тұрғанда ғана нәтижелі жұмыс болатыны белгілі.

Осы ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», – деген еді.

Қазіргі таңда жергілікті билік органдары өз жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында халықпен ашық байланыс жасауды жолға қойды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап артады. Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтап, адал еңбек етіп, әділетті болуы қажет. Өйткені, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!

Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!Жақындарымызға жанашыр болайық!

Біз біргеміз!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: