Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Жыл үздіктері” марапатталды

31.12.2025, 0:56 27

Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде жыл қорытындысына арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі жыл көлемінде атқарылған ілкімді істерге тоқталып, аудан халқын келе жатқан Жаңа 2026 жылмен құттықтады.

“Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл өңіріміз, соның ішінде Жалағаш ауданы үшін мазмұнды істер мен нақты нәтижелерге толы болды. Мемлекет басшысының Сыр еліне сапары өңірдің жаңғыруына жаңа серпін беріп, даму бағытымыздың дұрыс екендігін тағы да айқындады. Аймақ басшысының қолдауы мен бірлескен еңбектің нәтижесінде Жалағаш ауданында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылды. Аудан дамуына қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Алда тұрған жаңа жыл – жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамалар жылы болмақ. Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы нығайту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз. Осы орайда баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын! Жаңа жыл ауданымыз үшін табысты, еліміз үшін берекелі жыл болғай! Жаңа жыл құтты болсын!» – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Биылғы жыл аудан үшін жетістікке толы жыл болды. Аймақ басшысының қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығы іске қосылды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Аққыр ауылында 172,5 млн теңгеге жаңа спорт кешені ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының «АЛАҢ» жобасы аясында 180 млн теңгеге орталық стадионның жасанды алаңы жаңғыртылды.

Өңірлік пул шеңберінде жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, құны 51 млрд теңгелік «Harvest Agro Holding» компаниясының техникалық дақылдарды егу және қайта өңдеу кластері жобасы іске асырылуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ауданымызда инвестор қаржысына салынған ең ірі жоба болмақ.

Егін науқанының нәтижесі бойынша аудан «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша “Озат аудан”» деп танылды.

Ауданды газдандыру деңгейі 51,5 пайызға жетті. Өткен жылы Ақсу және М.Шәменов елді мекендері газға қосылып, бұл бағытта 1 млрд 83 млн теңге игерілді. Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталуда.

Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде аудан жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 94 пайызға, ішкі көшелердің үлесі 86 пайызға жетті.

Жалағаш кентінде биыл 15 көшеге күрделі жөндеу жүргізілсе, Бұқарбай батыр ауылдық округінде 9 көше, Аққыр ауылында 2 көше, Жаңадария ауылында 2 көше, Қаракеткен және Далдабай елді мекендерінде 16 көше жөнделді. Сонымен қатар, М.Шәменов ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолы, ауыл ішіндегі 2 көше және «Қызылорда – Жалағаш – Ақсу – Беркімбай» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті.

2025 жылы аудандағы 4 мектеп 262,5 млн теңгеге жөнделіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Сонымен бірге, «Қазақстан халқына» қорының 200 млн теңге қаржысы есебінен 6 мектептің кабинеттері қайта жабдықталды.

Жыл қорытындысына арналған салтанатты шарада аудан әкімі бірқатар азаматтарды облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, сондай-ақ түрлі номинациялар бойынша жыл үздіктері ретінде марапаттады.

Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» Маржан Қанбаева, Салтанат Қосжанова, «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Жалағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Байымбет, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бибіәсия Дүйсенбиева марапатталды.

Сонымен қатар, «Жыл ұстазы – 2025» номинациясымен Манат Маханбетова, «Жыл дәрігері – 2025» номинациясымен Фариза Сасықбаева, «Мәдениет және өнер саласының үздігі – 2025» номинациясымен Майра Құттыбаева, «Үздік ауылдық округ – 2025» номинациясымен ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев, «Үздік бөлім – 2025» номинациясымен Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, «Үздік полиция қызметкері – 2025» номинациясымен Жарқынбек Әлиев, «Жыл құтқарушысы – 2025» номинациясымен Бағлан Тәкібай, «Жыл кәсіпкері – 2025» номинациясымен Сәуле Баймағанбетова, «Жыл меценаты – 2025» номинациясымен Мейрамбек Бақтыбаев, «Тазалық сақшысы – 2025» номинациясымен Манат Терекбаева, «Үздік коммуналдық сала маманы – 2025» номинациясымен Талғат Алимов, «Жыл спортшысы – 2025» номинациясымен Айым Мұңайтбас, «Үздік әлеуметтік сала қызметкері – 2025» номинациясымен Айгүл Әуезова, «Жылдың қоғамдық қызметкері – 2025» номинациясымен Ғазиза Кенжебаева, «Еңбек адамы – 2025» номинациясымен Ғабит Мұзаппаров, «Жыл қаржыгері – 2025» номинациясымен Дастан Бахтияров, «Жылдың үздік статистика саласының маманы – 2025» номинациясымен Жадыра Тәуекелова, «Үздік мемлекеттік қызметші – 2025» номинациясымен Нұрлан Қостанбаев, «Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясының белсенді қатысушысы – 2025» номинациясымен Жалағаш ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілетуші – 2025» номинациясымен Жошы Айбосынов, «Жылдың үздік БАҚ қызметкері – 2025» номинациясымен Маханбет Ахметов, «Жылдың үздік оқушысы – 2025» номинациясымен Рабия Қодар марапатталды.

Мерекелік шара Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ұсынған театрландырылған қойылыммен жалғасып, көрермендер әсем ән мен әсерлі сахналық көріністерге куә болды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: