Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ойын ойнаған озар…

11.12.2025, 10:20 96

Осыдан шамамен он жыл уақыт бұрын компьютерлік ойын ойнап, карьера жасауға болады десем, сенер ме едіңіз? Иә, гаджетке үңілген, отбасынан алшақ, ойы оқшау балалар жайлы айтып та, жазып та жүрміз. Компьютерлік ойындарға  көп  уақытын бөліп, монитордан бас алмайтын балаларды тек маргинал жас буын ретінде мысалға келтіріп келгеніміз де жасырын емес. Бірақ та бүгінгі дамыған, минустан плюс жасаған заманда «есіл-дерті – компьютер» жастың да сағын сындырмай, әлемдік аренаға шығарып, мансабына жол сілтеуге болады. Қыруар қаржы да сол киберспортта болып тұр бүгін. Қазіргі уақытта Мажарстан астанасы Будапештте CS 2 ойынынан өтіп жатқан халықаралық турнирдің  жүлде  қоры 1 млн  250  мың  долларды   құрайды.

Мұның бәрін атап өтуіміздің расында кемісі жоқ. Бүгінде кибер­спорт саласы қарыштап дамып келеді. Бұрындары ешкім аса мән бермей, спорт санатына қоспаған индустрия қазіргі сәтте көрсетілім жағынан кемі үздік ондықты түгендеп тұр. Кәсіби киберспортшы боламын деуші жасөспірім де аз емес. Олардың ішінде ата-анасы рұқсат бермей, компьютер ойнамауы үшін қапас бөлмеге қамап қойса да мойымаған, қолы қалт етсе, ойын ойнап, дамыл таппағанының арқасында Қазақстанды халықаралық аренада танытып жатқан жігіт бар. Бұл мақаламыз сол киберспорт сарапш­ылары аузынан тастамайтын, күллі әлемге мәлім болған тума  талант  Данил  «molodoy»  Голубенко  жайлы  болмақ.

Данил – Семей қаласының тумасы. Шыны керек, өзінің айтуын­ша, ол бала күнінде компьютерден алыс болған. Футболда  бағын  сынап көрді. Болмаған  соң  каратэмен  де  айналысты.  Бірақ  бәрі  үйінде  алғаш  ноутбук пайда болғанда күрт өзгерді. CS.GO ойынының дүркіреп тұрған сәті. 12-13 жас шамасындағы бала Данил сол сәттен бастап үлгерімі нашарлап, отбасымен және оқытушылары­мен мәселелер орныққан екен. Тіпті, анасы оны «бос істен» ойын аулақ қылу үшін компьютерін сатып та жіберіпті. Десе де, виртуалды ойында өзінің дарынын өзгелерден жоғары екенін байқап, локальді турнирлерді ұта бастаған бала қойсын ба? Қырсыққанда үй жанындағы компьютерлік клубта күні-түні уақыт өткізген екен. Клуб иесі molodoy-ға тіпті тегін  ойнауға  рұқсат  беріпті-мыс.

Жас киберспортшының мансабының алғашқы қалыптасу кезең­дері елордамыз Астанада басталды десек, артық емес. Сол жақта өткен алғашқы буткемп­тердің арқасында жаттығу үшін кәсіби әрі жүйелі орта тапты. Қысқасы, нетворкинг. Оның сөзінше, сонда ол киберспорттың расымен де мамандыққа ай­налатынын алғаш сезі­ніп, көзі жеткен.

Артынша оны DMS командасы байқап, одан соң AMKAL секілді  командалар  киберсценаға шақыра бастайды. Дәл осы жерде molodoy алғаш рет Қазақстаннан тыс турнирлерде бой көрсетіп, тәжірибе  жинақтай  бастайды.

Данил үшін маңызды сәт оның Сербияға көшуінде болды. Қазақстан­дағы интернет мәселесі кәсіби киберспортшылар үшін жауыр болған тақырып екені бесенеден белгілі. Molodoy-дың атқаратын қызметі – снайперлік. 100-120 арасында ойнақтаған пинг оның мінсіз ойынына кедергі келтіреді. Сол себепті киберспортшылардың басым көпшілігі орнығатын Сербияға қоныс ауда­рып,  сонда  жаттығу өткізу Данилдің кәсіби мансабы үшін үлкен  жаңалық  болды.

Қиындықтар да кезікпеді емес, кезікті. Тілдік барьердің кесірінен мықты  командалардың  бірімен келісімшарт үзілді. Дегенмен, әр нәрсенің бір қайыры бар. Турнирлер арасында өтетін кәсіби ойыншы­лардың  ойындарының  бірінде әлемге белгілі бразилия­лық команда FURIA-ның біздің жігітке көзі түседі. Үздік ондық­тағы команданың  шақыртуы Данилді таңғалдырды. Нағыз мықтылармен  бәсекеге түсе алатынын сезінген ол мұндай ұсыныс­тан бас тартқан жоқ, келісе кетті. Сол сәттен бастап FURIA-ның да бағы жана түсті. Кибераренада аты белгілі FalleN molodoy-дың келісімен снайпер атағын тапсырып, өзі капитандық қызметті мойнына алды. Сол сәттен бастап-ақ бразилиялық команданы  жалғыз  қазақ  жігіті  ағылшынша  сөйлетті.

Атап өту қажет, тәжірибелі тиммейттердің қолдауы ерекше бағалы болды. FalleN, YEKINDAR және KSCERATO. Әрқайсысы өз білімін бөлісіп, жаңадан келген ойыншының ойынды терең түсініп, командаға үйренісуіне көмектесті. Әсіресе Сербияға FalleN-нің жеке өзі келуі маңызды рөл атқарды: ол molodoy-дың құрамға тезірек сіңісіп, өз ойын стилін қалыптастыруына ықпал етті.

Данилға аздаған уақытта осыншалықты көтерілемін деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар. Кеше ғана компьютерлік клуб жағалап жүрген бала бүгінде ең потенциалы жоғары киберспортшы саналады. Ал фанаттар оны CS-тың ең мықты ойыншысы S1mple-дің реинкорнациясы деп есептейді.

Оның патриоттығын да атап өткен жөн. Қай турнирде болмасын Данил Қазақстан туын тастамайды. Биылғы Major-да бір матч­қа басына тақия киіп шықты. Ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соғатын жігіттен қалайша айналып кетпейсің? Командаластарына қазақша кейбір әжуа сөздерді үйретіп те қойыпты. Бразилиялық фанаттар болса екі ел арасындағы қарым-қатынас­ты  мемге  айналдырғаны  қашан.

Molodoy-ды  біз  кенеттен еске алып жатқан жоқпыз. Жоғарыда жылына  екі  рет өтетін ең танымал  киберспорт  додасының  кезекті саны Будапештте өтіп жатқанын мәлімдедік. Сол турнирде Данил ең үздік ойыншылардың ішінде үшінші орында келеді. Тіпті Monesy, kyousuke сынды белді ойыншыларды  артта қалдыруда.  Топтық кезең бойынша оның командасы FURIA еш жеңіліссіз, қиналмастан 3:0 есебімен плей-оффқа өтті. Ал букмекерлер аталған команданы ең басты фаворит деп есептейді. Айтқандары періштенің құлағына шалынып, орындалып жатса, Данилдің киберспорттағы алғашқы жылының өзінде «Жылдың ең үздік есімі» номинациясын иеленуі мүмкін. Турнирде MVP атағын алса, аты әлемге одан сайын мәлім болады. Қазірдің өзінде үздік футболшылардың бірі, брази­лиялық команданың үлкен жанкүйері Неймар Жуниор қазақстандық өреннің парақшасына тіркелген. Пікірге жүрек жарды тілектерін  жіберіп  отырады.

Данилді  мысалға алып, моральға салып айт­қы­мыз келгені, жетістікке жете алсаң, қай сала­ның да жаманы жоқ. Бүгінгі ата-ана осыны ескерсе дейміз. Спорт  көзіміз  үйренген бокс пен футболдан ғана тұрмайды, жан-жақтылықты қаласақ, компьютерге құмарт­қан баланың тағдырына балта шаппай, мүмкіндік берген жөн болады. Сөзімізге molodoy – жай  ғана мысал.

А.АБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: