Мемлекет басшысының жолдауында жасанды интеллект барлық салада «жіпке тізгендей» қамтылған. Мәселе енді оны қалай іске асыруда?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауына тікелей қатысып, мұқият тыңдадым, жазып та, ойланып та отырдым. Бұл жолдауды инновациялық жолдау деп айтуға болады. Себебі, Президенттің баяндамасында жасанды интеллект жіпке тізгендей барлық салада қамтылған. Бұл дегеніміз, алда жасанды интеллектінің арқасында революциялық жаңалықтар болуы мүмкін. Ол үшін Қазақстан халқы жасанды интеллект ұғымын, оның сан салалы сырын, жақсы жағы мен қиындықтарын біліп алуы керек. 90-жылдары нарық экономикасын жете білмей, жұрт жайдақ атқа мінгендей көпке дейін құлаумен болды. Мақалада жасанды интеллект туралы түсініктер, мәліметтер беруді және оны біздің тұрмыс-тіршілігімізде, экономикамызда қалай іске асыруды жөн көрдім.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауы түсінген адамға революциялық жолдау болды. Себебі, мен ғалым ретінде айтсам, біз 6-шы жаңа технологиялық укладты игеруден 40 жылдай қалып отырмыз. Бірақ өркениеттің жаңалығы, мына келіп түскен цифрлы технологияны, жасанды интеллектіні дер кезінде, тиімді пайдалансақ, Ұлы Абай айтпақшы, мертікпей бір-ақ секіріп, жаңа өркениетке шығатын мүмкіндік туып отыр. Ол үшін технологиялық серпіліс қажет! Қай мемлекет осы идеяны ауыздықтай алады, сол мемлекет тез дамып алға шығады. Барлық мүмкіндікті осыған жұмылдырайық. Керек болса жасанды интеллектіні бір мерзімге кезек күттірмейтін бүкілхалықтық ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ретінде пайдалану керек. Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы да ғажап емес. ҚР Президентінің бастамасын уақытындағы Қытай мемлекетінің, Сингапур Премьер-министрі Ли Куан Юдің реформаторлық серпіліс жасаған идеясы қатарында деп білген жөн. Мемлекет басшысының бастамасына жасымыздан кәрімізге дейін бүкіл халық болып кірісейік. Халқымыздың патриоттық сезімін, ұлттық рухты көтеретін уақыт келді. Уақыттан ұтылсақ, бәрінен ұтыламыз.
Қандай да бір өркениет үшін ең басты басымдық – адами құндылық, содан кейін жасанды интеллект пен жаңа технология. ХХІ ғасырда жасанды интеллект адаммен тікелей байланыса бастады, ол экономиканы да цифрландырып, тауар шығаруға көшті, денсаулық саласынан бастап әлеуметтік есептерді де шығаруда. Жасанды интеллектінің қауіпсіздікке, киберқауіп сияқты қауіп-қатерге теріс әсері де болуы мүмкін. Теріс пиғылдылардың қолына түссе, жасанды интеллекті адамзатқа қарсы жойқын қару ретінде пайдаланылып кетуі де ғажап емес. Кеше ғана дронның өзі мұнай зауыттарын талқан етіп, көп залал әкелді, ал енді мына жағдайда қандай қауіп-қатер күтіп тұрғанын болжаудың өзі қиын. Сондықтан жасанды интеллектімен адам қайткен күнде де санасуы керек.
Бірінші өндіріс роботы өткен ғасырдың 60-жылдары АҚШ-та пайда болды. Алан Тьюрингтің өткен ғасырдың 50-жылдары айтқаны айдай келуде. Ол былай деген: «Егер машина ойланса, ол бізден жақсы ойлайды». Роботтарға салған миллиардтаған қаржы кейінгі 3-4 жылда еселеп өсуде. Әр 18 айда еселеп өсетін Г.Мур заңы іске асуда. Қазір әлемде 1,1 млн робот болса, ал өндірген машиналардың 80%-ын роботтар жасаған. Аздаған уақыттан кейін көлікте жүргізуші болмайды, адамсыз көліктер сізді керек жерге алып барады. Келешекте 50 миллион адамсыз көліктер 1 миллиард жеке көлігіңізді алмастырады.
Жасанды интеллект өмірімізге өзгеріс әкелетіні анық, бірақ тіршілікті жойып жіберетін қауіп-қатер де тудыруы мүмкін. Қазір барлық іс-қимылыңды алақандағыдай бағып, біліп, көріп отыратын заманға келдік. Біз өзімізді еркінбіз деп ойласақ та, үстімізден балыққа тасталғандай көрінбейтін тор тасталған, біз сол ақпараттық тордың астында бейқам тірлік кешудеміз. Жұтатын ауа, су, қорегіміз бар демесең, қалған барлық құқығымыз шектелген, ғарыштан әр қадамымыз жіті қадағалануда болады. Міне, алдағы заманның тірлігі – осы. Бабаларымыз бала кезімізде ақырзаман келеді деуші еді. Сонда түсінбей, «ол не?» деуші едік. Егер сенің барлық іс-қимылың шектеулі болса, бір сценариймен, көнгіш, ыңғайлы адам болып жүрсең, бұл қай заман болғаны? Құдайдың адамға берген өмір бостандығы сақталмай ма? Кейде жанның тәннен бөлініп, ана дүниеге кетерінде адамдардың мына өмірге риза болмай кететіні де сол себептен шығар деген ой келеді.
Жаңа технологияның дамуымен бірге адамның ішкі жан дүниесі, өмір құқығының шектелуі ең үлкен мәселе болып көтерілуі тиіс. Мұндай жағдайда, адам өзін тырдай жалаңаш жүргендей күйде сезінері анық. Бүгін «адамның жасанды миын» жасап шығару үшін миллиардтаған ақша жұмсалып, он жылдан бері нейротехнология саласында ғылыми ізденіс жасалуда. Сол жасанды интеллект, роботтар өмірімізге дендеп енбей тұрып, адам мен машина арасында қандай шектеу болуы керек, соны қазірден бастап анықтап алу керек. Осының жолын қазір іздемесек, кеш қаламыз. Біздің Парламент заңдар қабылдауы керек. Егер бұл мәселе шешімсіз қалса, дүние асты-үстіне түсіп, адамзат апокалипсиске ұшырап, баяғы атам замандағы ескі өмір қайта басталуы мүмкін. Қазір адамзат өз миының мүмкіндігінің жоғары шегіне жетіп, енді интеллектуалды дәрежесі кему процесіне бара жатқандай. Себебі, бүгінгі адам ойланғысы келмейді, ештеңеге бас қатырмайтын «комфортты зонаға» кіріп алған. Жаңа технологиялар көз ілестірмей өршіп, күллі әлемдегі адамзатты өз торына шырмауда. Бұл мәселе интернет шыққалы бері қатты біліне бастады.
Егер компьютер Мур заңына бағынып, өте тез дамыса, онда оның мида ұстау қабілеті алдымыздағы 100 жылда өзінің интеллектуалды мүмкіндігі бойынша адамнан озады. Мұны айтқан жақында ғана өмірден озған Стивен Хокинг – өмір бойы ғарыштағы қара құрдымдар құпиясын зерттеп өткен адам. Себебі, Стивен Хокинг жер бетінде адамзатқа төніп келе жатқан бір қауіптің барын ашық айтты. «Басқа планетаға қоныс аудару мәселесін қолға алуымыз керек, әйтпесе, кешігеміз» деген ғалымның сөзін Илон Маск қолдап, тіршілік кешуге ыңғайлы басқа планетаны бағындыруға қадам жасауда.
Сонымен, алдағы болашақта жасанды интеллект адамзатқа қызмет ете ме, әлде адамзат жасанды интеллектіге бағынышты бола ма? Рэй Курцвейлдың айтуынша, «сингулярлық күй» 2045 жылы күтілуде. Бұл дегеніміз, квантты компьютер арқылы адамның биологиялық ой-өрісі жаңа технологиямен қосылады, ал одан кейінгі заманда адам мен машинаның ешқандай айырмашылығы болмайды. Бұл адамға не береді? Денсаулығыңды қалпына келтіретін чиптер, дене мүшелерін алмастыратын бөлшектер. Адам терісінің астына орналастырылатын чиптер, адам өмірін, әлеуметтік төлемдерді, банктегі ақшаларын жүйелейтін құрылғы. Соңғысынан бас тартқан жағдайда, әлеуметтік сақтандыру, т.б. қоғамдық жеңілдіктерден айырыласың, онсыз жұмысқа алынбайсың, т.б.
Адамның өмір сүру жасы ұзарады, өмір сүру салты, қорегінің сапасы жақсарады, бірақ жоғарыда айтқанымыздай, адам өмірі өз еркінде емес, үнемі бақылауда болады. Адамның жеке өмірі, бостандығы осымен шектеледі, атыңыз «Қазақбай» емес, «Цифрбай» болады, жасанды интеллект өмірі басталады, адам мен машина арасын ажырата алмайтын күйге жетеміз.
Осындай «жұмаққа» таңдау жасайтындар да болуы мүмкін. Қазіргі қоғам бай мен кедей болып бөлінсе, ол кездегі қоғам қалай бөлінетінін елестете беріңіз. Егер адамзат осындай күйге түссе, Міржақып Дулатов айтқан «Оян, қазақ!» ұраны «Оян, адамзат!» болып өзгеруі мүмкін.
Себебі, алдымызда біз білмейтін масштабтағы өзгеріс кезеңі келе жатыр. Мұны «жаңа цивилизация» деп айтуға бола ма? Қазір біз өмірдің ең қызған кезі «Өзгерістер кезеңі» деп аталатын өтпелі заманда өмір сүрудеміз. Ақырын бір Құдай біледі! АҚШ Президенті осыны ойлап, миллиардтаған қаражатқа чиптер шығаратын алпауыт зауыттар салуды бастады.
Алдағы өмірде адам қандай болады, жасанды интеллект бой бермей кете ме, роботтар білгенін істей ме, оны білу мүмкін емес. Оны әлемдегі ең озық үлгідегі компьютер де модельдей алмайды.
Осыларға жауап беретін – сананың өзгерісі, нейробиологияның дамуы, жалпы ғылымның адамзатқа қызмет етуі. Әлем өзгеріп, сана ғасыры өз жаңалықтарын әкеледі. Бұл жерде, ең бастысы, адамзат екіге бөлінбей, бай, кедей демей, жалпы өркениетке қызмет етсе, әлем сақталады. Ғылым жалпы дамуға қызмет етеді, байлықты ғылым жасайды. Ол уақытта адамға керек пәтер, тамақ, киім, әлеуметтік сұраныс бәрі жеткілікті болады, тіпті артығымен шығарылады.
Адамзат жаңа технологиялар арқылы қаншалықты алға кетсе де, басқа планеталарда тіршілік бар ма, жоқ па, оны әлі нақты анықтай алған жоқ. Біз қол жеткізген ғылым мүмкіндігі әлі де болса, айналамыздағы материялардың 5%-ақ пайызын біле алады екен.
Бір мәселені анық айтқым келеді, біз қаншалықты алға кеттік десек те, интернет, роботтандыру, жасанды интеллект, т.б. бәрібір, бір кездерде ауылға ораламыз. Себебі, ауыл – қазақтың шыққан жері, адам табиғат-анадан ажырап ешқайда кете алмасы анық. Жақында дайын атомнан кез келген затты құрастыруға қабілетті алғашқы нанороботтар жасалмақшы екенін ескерсек.
ҚР Президенті айтпақшы, осы жетістік ауыл шаруашылығында да қолданылатын болады. Нанороботтар өсімдіктер мен жан-жануарларды алмастырып, азық-түлік өндіретін дәрежеге жететін болады. Осыған сәйкес экологиялық жағдай жақсара түседі. Себебі өнеркәсіптің жаңа түрлері болашақта қалдық заттар шығармай, оның есесіне нанороботтар ескі қалдықтарды жояды.
Ауылда шығармашылық адамдары тұруға асығады деп ойлаймын. Таза табиғат қаланың аласапыран арпалысынан қашқан шығармашылық адамдарына жан тыныштығын, таза шабыт сыйлауы мүмкін. Сол үшін шығармашылық ауылдарын ашу уақыт талабы болатын кез келеді. Қазірдің өзінде ауылға көңіл бөліне бастауы керек. Зиялы қауымға, бизнес өкілдері, есті азаматтарға «Баратын ауылыңды ертерек дайында, ауылдың тынысын ашуға қазірден көмектес» дегім келеді. Себебі болашақта ауылда тұрғысы келетін зиялылардың тізіміне кіре алмай қалуың мүмкін. ХХ ғасырда ауылдан қалаға тасысақ, ХІ ғасырда қаладан ауылға баратын кезең келе жатыр.
1959 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ физигі Р.Фейнман жеке атомдарды манипулятор көмегімен қозғалту мүмкіндіктері туралы алғаш баяндама жасаған еді. Содан бері бүгінде нанотехнология саласындағы зерттеулер практикалық маңызы зор нәтижелер беруде. «Нанотехнология» деген сөзді қазақша түсіндіретін болсақ, ол «кішкентай өлшемді технология» деген мағынаны білдіреді. «Нано» сөзі – «миллиардтың бір бөлшегі» деген сөз. Қазір бұл ғылым дүниежүзі бойынша үлкен сұранысқа ие болып отыр. Нанотехнологиялардың арқасында заманауи есептегіш машиналар мен өндірістік технологиялардың, сол сияқты, дәрі-дәрмектердің өндіріліп жатқанын білеміз.
Жаңа технологиялардың адам сенбейтін жетістік, болжамдарын футурист Рэй Курцвейл жыл сайын жариялауда. Біз сол болжамдардың мүлтіксіз орындалып, өмірімізге біртіндеп еніп жатқанының куәсі болып отырмыз. Жақын арада дайын атомнан кез келген затты құрастырып шығаратын нанороботтар пайда болады екен.
Өкініштісі сол, елімізде жаңа технологияларды дамыту баяу жүріп жатыр. Ресей мемлекеті нанотехнологияны дамытуға миллиардтаған АҚШ долларын бөліп, зертханалар ашуда. Біз де олардан қалыспауымыз қажет. Бұған ҚР Президенті жанындағы Ғылым мен технология туралы Ұлттық Кеңес аса мән беру керек деп айтқан болатынмын. Сана дағдарысын ертерек еңсермесек, келешекте кемелдікке жете алмаймыз. Қазір адам есімінен басқаның бәрі цифрға тәуелді заман.
Қазіргі уақытта әлемдегі 7 миллиард адамның 6 миллиарды ұялы телефон қолданады. Интернеттің қарыштап даму жылдамдығының қарқындылығы сондай, біз сол қарқынға әлі ілесе алмай келеміз. Интернет барлығын бір арнаға тоғыстырды: бүгінде әлемде 1 триллион датчик интернетке қосылса, алдағы уақытта 290 миллион (22%) жеңіл көлік интернетке қосылып, жол-көлік оқиғасының азаюына ықпал етеді деп күтілуде. ҚР Президенті жолдауда мыңдаған адамның жол апатынан қайтыс болып, не мүгедек болып жатқанына аса мән берді. Дамыған мемлекеттерде мұндай сұмдық жоқ. Қазір жасанды интеллектінің ең керек жерінің бірі – осы сала. Адам жанынан артық құндылық жоқ.
Чемберстің болжамы бойынша жақын арада интернет нарығы 19 трлн долларға дейін өседі. Салыстырмалы түрде, әлемнің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 100 трлн доллар шамасында екен, яғни бестен бірі деген сөз. Егер біз ғылым жаңалықтарын – компьютер тілін, жаңа интернет-технологияларды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, роботтандыруды, цифрлық экономиканы – тез игермесек, заман көшінен қалып қоюымыз мүмкін. Алысқа бармай-ақ қояйық: кеше ғана КСРО құрамында болған Эстония бүгінде оқ бойы озық тұр. Біз КСРО ықпалынан шыға алмай адасып жүргенде, олар жаңа цифрлық электронды экономиканы құрып, ең озық инновациялық елдердің біріне айналды. Қазір Эстонияның жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 28000 АҚШ долларынан асады, интернет жылдамдығы бойынша да көш бастап тұр.
Егер бұрын өндіріске керегі темір, ауыл шаруашылығы үшін жер қажет болса, қазір цифрлы дәуір келді. Экономикамыз ақпаратқа негізделіп отыр. Болашақта кім, қай ел тез арада көлемді ақпараттарды, интернет жүйесін, бірлестіктерді, желілерді, жасанды интеллектіні, геномиканы, «алтыншы-жетінші сезім» деп аталатын когнитивтік қабілеттерді тез игерсе, солар озып, әлемдік көшбасшы болады. Қазіргі кезең – VI-VII технологиялық тәртіптің заманы (ақпаратты-коммуникативті технология, нано-биотехнология, гендерлік инженерия, ғарышты игеру). Бұл жағынан біз, әсіресе, жаңа технология жағынан кем дегенде, 30-40 жыл артта келеміз. Осыдан-ақ білуге болады, неге ҚР Президенті жасанды интеллектісіз өмірдің бос екенін көрсетуде?
Дамыған елдердің 75-77%-дан астам табысы интеллектуалды экономика, адам капиталы және жоғарыда қамтылған салалардан тек 23-25%-ы негізгі қор, өндірістен, шикізатты игергеннен түседі екен. Біздің елде керісінше, табыс тек шикізатты, мұнай, газ, қазба байлықтарды экспорттау арқылы түсіп жатыр. Шикізат елінен шығатын түріміз жоқ.
Дәл осы жерде біз екі нәрсені ұштастыра білуіміз керек. Бір жағынан әлемдік ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтарын игеру, екінші жағынан, адам капиталының сапасын қалай арттыратынымызды ойлау. Ат төбеліндей 20-ақ млн халқымызды қайтсек алдыңғы қатарлы, дамыған елдердің қатарына қосамыз? Міне, мәселенің түп-тамыры қайда жатыр? Ол үшін түбегейлі реформалар жасау керек. Озық тәжірибелі, дамыған Эстония немесе басқа да елдерден үлгі алуымызға болады. Құр мақтанға салынбай, өзімізге ішкі аудит жасап, бар потенциалымызды, мүмкіндігімізді есептеп, неге шамамыз келеді, нені ықшамдау керек, қажет басымдықтарды белгілеп, Жол картасын жасап, түбегейлі іске кірісу керек. Бұл мәселеде Үкіметтің жұмысы қыруар.
Тағы бір мәселе, Цифрлық технология адам ағзасына қалай енеді? Бұл этикалық мәселені қалай реттейміз? Адам мен жасанды интеллект, роботтардың өзара әрекеті қандай болмақ – бір-бірін толықтыра ма, әлде алмастыра ма? Оларды адам басқаруы керек пе, әлде шешім қабылдау үдерісінде жасанды интеллект басымдыққа ие бола ма? Сонымен қатар, деректер базаларын құру, геоинженерия, ғарышты игеру технологиялары сынды тың, маңызды салалар алда бүге-шігесіне дейін зерттеуді талап етеді. Бұл тұста біздің Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, университеттер, ғылыми институттар мемлекеттік тапсырыспен, гранттық жобалармен ізденіс жасау керек.
Менің ойымша, адамзаттың дамуына тікелей әсер ететін басты екі фактор бар: біріншісі – ғарыш саласындағы ізденіс, яғни біздің бар өмір сүру мүмкіндігімізді кеңейту үшін жаңа планеталарды табу, екіншісі – адамның өмір сапасын жақсарту мақсатында жасанды интеллектіні игеру. Бұл екі міндетті тек «білімді қоғам» қалыптастырған кезде ғана тиімді жүзеге асыра аламыз. Осы орайда, Стивен Хокингтің мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Күн жүйесін ғылыми ізденіс арқылы игеретін уақыт келді. Мүмкін, өзімізді құтқарудың жалғыз мүмкіндігі ғарышты игеру ғана болар?». Бұрын Владимир Вернадский де осыған ұқсас пікір айтып кеткен болатын. Осы орайда бізге Советтер Одағынан қалған ғарыштық орталық «Байқоңырдың» пайдасын жөндеп игеруіміз керек еді.
Сөз соңында айтарым, біздің келешегіміз – бір аламан бәйге, көп аттан бөлініп, суырылып алға шыққан қос сәйгүліктің жарысы сияқты. Біреуі – көз ілеспей дамып келе жатқан алып жаңа технологиялар, екіншісі – адамның тума ақыл-ойы, парасаты, рухани жан дүниесі. Ең дұрысы, осы екі тұлпарды жеке жібермей, бір-біріне қарсы бәсекеге жарыстырмай, бүкіл адамзат отырған бір арбаға жегетін болсақ, озар едік. Дегенмен де адамның ой-санасы, моралі, интуициясы, сезімталдығы адамзат дамуының мәдени-тарихи кезеңдерінен жақсысын алатыны бәрінен де жоғары тұратынына сенемін! Егер біз түбі тереңде жатқан 5 мың жылдық тарихы бар Түркі тегімізден екенімізді ескерсек, біздің алатын асуымыз, жасанды интеллектіні де ауыздықтауға мүмкіндігіміз бар!
ҚР Президенті ТМД елдерінің ішінде осы басты мақсатты, жасанды интелектіні Қазақстан халқының, жастардың алдына тұңғыш рет қойып отыр. Намысты қолдан жіберіп алмай, кенжелеп қалған рухты көтерейік. Рухымыз күшті болса, бәрі болады.

Оразалы СӘБДЕН,
Ұлттық Құрылтай мүшесі,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик
«Халықтың» коллажы
(Ашық дереккөздегі суреттерді пайдаланып жасалған)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!