15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің айналымға енген күні. Осыдан тура отыз екі жыл бұрын алғашқы банкноталар қолданысқа енгізіле бастады. Осылайша төл теңгеміз айналымға шыққан болатын. Ұлттық ақшамызды енгізу тәуелсіздігіміздің қалыптасуына, егеменді ел үшін ұлттық нарықтық инфрақұрылымын құруға, сондай-ақ өздігімен ақша-несие, бюджет-салық саясатын сәйкесінше макроэкономикалық тұрақтандырудың тиімді саясаттарын жүргізу сияқты қажетті де маңызды алғашқы қадамдарын жасауға айрықша жол ашты.
Осы орайда теңгенің шығу тарихы мен бүгінгі қаржылық саясаты, әлемдік нарықтағы орны туралы кеңінен тарқатып көрмекпіз. Бұл жайында мамандар пікірі қандай?
ТАРИХТАН ТАМ-ТҰМ…
Әлқисса, 1993 жылдың 3 қарашасында құрылған ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия теңгені дайындап, оны айналымға шығарудың тұжырымдамасын және сценарийін әзірлеген болатын. Сол құжатта төл теңгеміздің жасалатын мерзімі, айналымға енгізу, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу жолдары, қолма-қол ақшаны айырбастаудың коэффициенті мен лимиті, валюта бағамын қалыптастыратын режим мен басқа да маңызды сұрақтардың шешімі жазылған болатын. Көп ұзамай 1993 жылдың 12 қарашасында ҚР аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-20 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау іс-шаралары іске асырыла бастады.
Ұлттық банк осы сәтте 1 теңгені 1000 сомға бағалады. Алайда енді ғана аяққа тұрған елдің саяси, әлеуметтік мәселесі мен мемлекетаралық қатынасы ескеріліп, 1 теңге 500 сом болып қайта бекітілді. Теңге купюрасының үлгілері 1992 жылдың 27 тамызы күні бекітілген болатын. Алғашқы теңгеге Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды.
Теңгенің дизайнын Тимур Сүлейменов бастаған, құрамында Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер командасы жасап шығарды. Олардың қысқа мерзімде атқарған ауқымды жұмысын ерекше атап өту керек. Ол кезде елімізде ақшаны бастыратын фабрика болған жоқ. Сөйтіп, төл теңгеміз Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын 400 жылдан астам тарихы бар банкнот фабрикасында басылып шықты.
Алғашқы ақша Ұлыбританияда басылып шыққан болса, қазір Қазақстан Республикасының Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы секілді ақша белгілерін шығаратын меншікті өндіріс орындарында дайындалатынын атап өткен жөн.
ТЕҢГЕНІ АЙНАЛЫМҒА ЕНГІЗУ ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗ ЕКЕНІН АЙҚЫНДАЙ ТҮСТІ
– Ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізу Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыда да тәуелсіз екенін айқындай түсті. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы болатын. Өйткені 90-жылдардың басы еліміз үшін аса қиын кезең болды. Еліміз бойынша өндірістер жаппай құлдырап, экономикалық байланыс үзілген соң бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-несие қатынастары тоқтады. Тауар (айналымдары) тасымалы қысқарды, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі карточкалық жүйеге көшірілді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен (яғни затпен) жүргізілді. Өндірістерде өнім өндіру тоқтады. Теңгеміздің өмірге енуі осылай басталды. Бұл өте қиын да қауырт кезең еді. Бюджеттік мекемелер мен банктер әкелген ақшаны санау кезінде касса қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Басқа да қызметкерлерден кезекшілік құрылды. Айырбастау барлық есеп айырысу кассалық орталықтарында, банктерде жүргізілді. Сондай-ақ, кассирлер инкассаторлардың күзетуімен кейбір айырбастау пунктеріне барып жұмыс істеді. Банктің ішінде күніне 4-5 сағат көз іліп, жұмыстарына қайта кірісіп отырды. Әрбір кассирдің, инкассатордың, есепшінің жұмысы бірнеше есе көбейді. Ақшаны тасымалдау кезінде жолда кедергілерге тап болмас үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері аянбай көмек көрсетті. Әлемдік тәжірибеде қолдан ақша жасауға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығып тұрады. Жаңадан қорғаныш элементтері енгізіліп, банкнота дайындауда жаңа технологиялар қолданылды. Осылайша, Ұлттық Банк әлемдік тәжірибеде бар жаңа қорғаныш элементтеріне тұрақты негізде талдау жүргізеді. Бұл ұлттық валютаны жоғары деңгейде қорғауға және қолдан жасауға жол бермеуге мүмкіндік береді, — дейді ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Толқынбек Жексембаев.
ТЕҢГЕНІҢ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАДАҒЫ АЙНАЛЫМЫ
ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының ақпаратына сүйенсек, жаңа банкноттық серияда айналымға шығу кезеңдері төмендегідей:
– 1-серия – 1993 жылғы «Портреттер» сериясы;
– 2-серия – 1993 жылдан 2003 жыл аралығында шығарылған «Әл-Фараби» сериясы;
– 3-серия – 2006 жылғы «Бәйтерек» сериясы;
– 4-серия – 2011 жылдан 2022 жыл аралығында шығарылған «Қазақ Елі/Самұрық» сериясы;
– 5-серия – 2023-2025 жылдар аралығында шығарылуы жоспарланған «Сақ стилі» сериясы.
Қазіргі уақытта өзінің дизайны, орындалу сапасы, қауіпсіздік деңгейіне қарай, Қазақстан банкноттары әлем елдері арасында бірнеше рет ең үздік ақша атанғанын атап өткен жөн. Айналымдағы монеталармен қатар Қазақстанда коллекциялық монеталар да бар. Олар – негізінен мәдени-ағартушылық міндетті арқалайтын монеталар. Өте қиын технология бойынша соғылып, көркемдік безендірілу жағынан да озық технологияларды пайдаланып жасалады. Монеталар сәулет, тарих, мәдениет салаларындағы ескерткіштерге, Қазақстан тарихындағы танымал тұлғаларға, жануарлар әлеміндегі сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарларға арналады. Ереже бойынша олар шектеулі тиражда соғылып, Қазақстан Республикасының аумағында және коллекциялық құны бойынша шетелдерде сатылуға арналады. Тәуелсіздік тынысы, ұлт байлығының белгісі болып келетін теңгеміздің бұл тарихы – егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін жол. Қалай десек те, тәуелсіз еліміздегі бейбіт тіршілігіміздің дөңгелегі төл теңгемізбен айналуда. Алдағы уақытта да теңгенің ішкі және сыртқы нарықтық экономикада айналымы арта бермек.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Теңгенің қолданысқа енуі бойынша алғашқы жылдары тұрақсыздық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиын кезеңдері болды. Бұл заңдылық та. Осы кездері әр өңір өз күнін өзі көріп, нарықтық мәселелермен бетпе-бет келді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен, яғни затпен жүргізілді, өндірісте өнім өндіру тоқтады. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық өсім алмасуына айтарлықтай ықпал етті.
Мамандардың айтуынша, осы кезеңнен бастап біздің облыста да ақша айналымы құлдырап, бюджеттік дефицит артып, бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Нақты ақшаға деген қажеттілік арта түсті. 1991-1993 жылдары ТМД елдерінде ақша-қаржы жүйесі айтарлықтай тербеліске ұшырады. 1992 жылдың қаңтарынан бастап бағаның еріктенуі бұл мәселені шешу қажеттігін тездетті. Теңгені енгізу алдында 1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер кабинетінің қаулысымен аудан орталықтарында және Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында есеп айырысу-кассалық орталықтарын ашып, онда бюджеттік мекемелер мен екінші деңгейлі банктерге есеп айырысу жұмыстары атқарылды. Осының бәрі теңгені енгізудің алғашқы шаралары болатын. Кейін ақша айырбастау осы есеп айырысу-кассалық орталығы арқылы жүргізілді. Ұлттық теңгенің аймақта айналымға шығуы осылай іске асырыла бастаған болатын.
Тақырып төңірегінде экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуровтың да пікірін білген болатынбыз.
Спикердің сөзінше, теңге – Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы және елдің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышаны. Ол 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді және сол күн еліміздің қаржы тарихындағы маңызды белеске айналды. Жалпы, теңгенің айналымға енуі Қазақстанға ұлттық нарықтық экономика құру үшін алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді. Ұлттық валютаның негізгі рөлі – ел ішіндегі тауарлар мен қызметтердің құнын өлшеу, айырбас құралы болу және жинақ құнын сақтау қызметін атқару. Теңгенің тұрақтылығы – экономикалық өсудің басты шарттарының бірі. Себебі тұрақты валюта инфляцияны тежеуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етеді.
– Ұлттық валютамыз – теңге енгізілген жылдан бастап елімізде екі деңгейдегі банк жүйесі құрылды. Инфляция деңгейі құрықталып, экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Қаржы жүйесі жоғары деңгейде халықаралық талаптарға сәйкес дамыды. Жүйелі жүргізілген ақша-несие саясаты шетелдік те, отандық та инвесторлар тарапынан еліміздің экономикасының нақты секторларына ұзақмерзімді және ірі көлемдегі инвестициялар салу үшін тартымды ахуал қалыптастыруға мүмкіндік берді. Теңге курсының деңгейі ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Әлемдік мұнай бағасы, сауда балансы, экспорт пен импорт көлемі, сондай-ақ Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты теңгенің құнына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары теңге еркін айырбас бағамы режимінде әрекет етіп, нарықтық күштердің әсерімен қалыптасуда. Бұл тәсіл экономиканың сыртқы өзгерістерге икемделуін арттырып, ұзақ мерзімде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Халықаралық деңгейде теңгенің орны еліміздің экономикалық әлеуетімен және сыртқы сауда қатынастарының дамуымен тығыз байланысты. Қазақстан – мұнай, газ, уран, астық және түсті металдар сияқты стратегиялық маңызды ресурстарды экспорттаушы ел. Сондықтан теңге халықаралық саудада, әсіресе ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы есеп айырысуда маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан теңгенің аймақтық маңызын арттыру мақсатында Ресей рублі, Қытай юані және өзге де валюталармен тікелей айырбас операцияларын дамытуда. Бұл доллар мен еуроға тәуелділікті азайтып, ұлттық валютаның халықаралық айналымдағы беделін күшейтеді. Ел егемендігі мен мемлекет тәуелсіздігінің негізгі нышандарының бірі – Теңгенің туған күні және кәсіби мереке – қаржыгерлер күні құтты болсын, — дейді экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуров өз сөзінде.
Халықаралық қаржы ұйымдарымен (Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі) тығыз байланыс орнату арқылы теңге халықаралық резервтік жүйенің бір бөлігі ретінде мойындалды. Сонымен қатар, теңгенің тұрақтылығы шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімін арттыруда.
Теңгенің беделі мен сенімділігі – елдің экономикалық дамуының айнасы. Ұлттық валютаның нығаюы ішкі өндірісті қолдап, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде халықтың теңгеге деген сенімі артқан, оған дәлел банктерде теңгелік салымдар мөлшерінің бірнеше есе өсіп, депозиттер құрылымында 70%-ды құрап отыр.
ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА БОЛҒАН КЕЗДЕ ТЕҢГЕ ТҰРАҚТЫ БОЛАДЫ
– Теңгеміз туралы айту дәл мен үшін өте ыстық. Өйткені, осы тақырып менің сарапшы болуыма тікелей әсер етті деп айтсам қателеспеспін. Ал енді тереңірек қарайтын болсақ, теңгемізді мемлекеттік нышандар қатарында тұрады деп айтуға болады. Әрине, заң бойынша бекіткен ту, елтаңба, әнұранымыз бар. Сол сияқты мемлекеттің мемлекет екенін айшықтайтын, тәуелсіз ел екенін көрсететін – оның ұлттық валютасы. Әрбір мемлекетке барған сайын сол елдің ұлттық валютасын көріп, танысып, әлемдік деңгейдегі орнына қарап, әрекет жасайтынымыз бар. Мұның өзі мемлекеттің тарихынан, егемендігінен сыр шертіп тұрады. Теңгенің осындай маңызды рөлі бар екендігін атап өткім келеді. Отыз жылда теңгеміздің жүз еседен артық құнсызданғаны бар. Егер де алғашқы кезеңге қарасақ, теңгеміз долларға шаққан кезде 4-5 теңгеге жуық болған. Қазіргі уақытта 500 теңгенің үстіне шығып отыр. Сонда осыншама құнсыз ғой деп сынап жатамыз. Дейтұрғанмен, бұл теңгенің қалай келгенін естен шығармауымыз керек. Ресеймен біркелкі рубльдік аймақтан бірлесіп шығамыз деген келісім болған. 90-жылдары Кеңес үкіметі тарағаннан кейін әр мемлекет өз алдына тәуелсіз мемлекет болып кетті. Көп мемлекет рубльдік аймақтан бірінші болып шығып кеткен болатын. Әркім өзінің алдына тәуелсіз валюталарын енгізе бастаған. Енді осындай үлкен инфляцияға тап болмас үшін үкімет сол кезде Ресеймен бірлесе отырып келісім жасайды. Аймақтан бірге шығамыз деп, салдары қатты болмас үшін. Бірақ, сол келісімді Ресей бұзып, өздері бірінші шығып кетеді. Осылайша 1992 жылдары елімізді сабан ақша басып қалады. Жұрттың үйлеріне жинағаны бір тиын боп қалады. Сол кезде Ұлттық банктің тізгінін ұстап отырған азаматтар ең алғашқы резерв қорымыз да жоқ дейді. Алғашқы алтын резерв қорын құрамыз деп жай ғана бір алтынды тауып әкеліп, «осы біздің резерв қорымыз» деп жария еткендер де бар. Теңгенің алғашқы дизайнын рәсімдеу, Ұлыбританияда басып шығару, оны бір күнде жеткізіп, бүкіл еліміз бойынша бір сәтте халықтың қолына тиетін етіп қамтамасыз ету өте үлкен қажырлы еңбек деп айтар едім. Тарих мұны білуі керек деп есептеймін. Сондықтан да төл теңгеміз бүгінгідей өмір сүріп келе жатыр. Әрине, кейбіреулер Қырғызстанның валютасы біздің теңгеге қарағанда құнды деп салыстырады. Мәселе онда емес. Әр елдің өз несие саясаты бар. Оңтүстік Кореяның ақшасын қараңыз, Вьетнамның ақшасын қарап көріңіз, долларға шаққанда әлдеқайда құнсыз. Бірақ ол елдер технологиялық өндіріс қойып, әлемге дайын өнім өндіру жағынан көш бастап тұр. Егер тауар өндіруші немесе экспорттаушы ел болсаң, тіпті жалпы экономикада ақшаның құнсызданғанын да қалайды екен. Неге, өйткені, әлемдік нарықта өніміміз бәсекеге қабілетті болуы үшін. Осындай қадамдарға да баратын мемлекеттер бар. Біз ұлттық экономикамызды айшықтайтын экономикалық моделді құруды ойлауымыз керек. Сол кезде өзіміздің шикізатттық, ресурстық елден индустриялды-экономикалық елге қарай қадам басуымыз керек. Және осы жерде айтарым, теңгеміз қашан тұрақты болады? Бізде қуатты экономика болған кезде. Ал қуатты экономика – бұл нақты өндіріс кәсібі бар ел. Сондықтан осы жолда қызмет жасауымыз керек деп есептеймін, — дейді Sana business академиясының директоры, экономист Мақсат Халық.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Иә, қазіргі уақытта сыртқы қаржылық нарықтың жағдайы қарқындап дамып келеді. Әлемдік банк жүйесі де толқымалы жағдайда тұрғаны жасырын емес. Осындай дүниежүзілік несие саясаты мен қаржылық әлеуетте теңгеміздің орнықты болғаны біз үшін тиімді. Теңге тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына айтарлықтай септігін тигізуде. Ендеше ел экономикасындағы төл теңгеміздің тегеуріні нығая берсін.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
Фото: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!