Сыр өңірі – қазақ руханиятының, өнер мен еңбектің алтын бесігі. Тарих толқынында талай тұлғаны түлетіп, елдік пен бірліктің айшықты үлгісін көрсеткен қасиетті мекен. Бұл топырақта туған әр азаматтың жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік ерекше. Себебі, Сыр елі – елдік пен еңбектің тамыры тереңге кеткен, дәстүр мен даму ұштасқан өлке.
Соңғы жылдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық келбеті жаңарып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мұның бәрі – ел Президенті айқындаған реформалар мен өңірдің алға басуына атсалысып жүрген еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Халықтың сенімін ақтау, елге қызмет ету Сыр елінің азаматтары үшін әрдайым биік міндет болып қала береді.
Осы орайда, аптаның басында Өнер орталығында өткен «Тарихы терең, бірлігі бекем Сыр елі!» атты еңбек озаттарын марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өңірдің өркендеу жолындағы еңбектің елеулі нәтижесін айқындап берді. Бұл тек марапаттау рәсімі ғана емес, Сыр халқының бірлігі мен еңбегінің мерекесі, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға деген зор құрметтің көрінісі болды.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Алғашқы сөз аймақ басшысына беріліп, ол өз еңбегімен өңірдің өркендеуіне серпін берген азаматтарға алғыс білдіріп, соңғы жылдары облыстың қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Н.Машбекұлы өңірдің даму динамикасы елдің жалпы саяси және экономикалық реформаларымен тікелей үндес екенін атап өтті.
– Елімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар өз нәтижесін беруде. Оның айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады. Президентіміз өңірімізге екі рет арнайы іссапармен келіп, Сыр елінің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Әр сапарында мемлекет басшысы өңірдің өзекті мәселелерін шешуге тікелей қолдау білдіріп, нақты тапсырмалар берді. Бұл – Сыр жұртшылығына деген зор сенім мен қамқорлықтың белгісі, — деді облыс әкімі.
Аймақ экономикасында инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру және өнеркәсіп әлеуетін арттыру бағытында ауқымды істер атқарылған. Биыл облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеден асып, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсім бар екенін көрсетті. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд теңгеге жетіп, соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Инвестициялық жобалардың қатарында энергетика, құрылыс материалдарын өндіру, агроөнеркәсіп кешені, логистика және қызмет көрсету салалары бар. Әкімнің айтуынша, бұл жобалар өңірдің экономикасын тұрақты дамытуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан, өз саласында табанды еңбегімен ерекшеленген бірқатар қызылордалық азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл марапаттар – өңірдің өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамдарына деген елдің алғысы мен құрметінің белгісі.
– Бүгінгі еңбектің игілігін болашақ ұрпағымыз көреді деп сенеміз. Өңірімізде еңбегімен елге сыйлы болған азаматтарға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Президентіміздің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бүгінге дейін 300-ге жуық қызылордалық мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың 50 пайызға жуығы – қарапайым еңбек ардагерлері мен озаттары. Мемлекет басшымыз жұмыс сапарының қорытындысында бірқатар жерлесімізді мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған болатын. Бүгінгі маңызды жиында осы наградаларды табыстаймыз.
Бұл Президентіміздің Сыр жұртшылығына деген ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмысымызға берген оң бағасы деп білеміз. Қай істе де әрбіріңіздің қолтаңбаңыз бар. Сіздер барлық бастамаларымыз бен жобаларымызға үлкен қолдау білдіріп келесіздер. Біз оны күн сайын сезінеміз.
Президентіміздің бізге қойған талабы да, өзіміздің азаматтық парызымыз да – халық сенімін ақтау жолында адал қызмет ету. Алдағы уақытта да туған жерімізді өркендетуге шынайы жанашырлықпен атсалыса берейік!, — деді Н.Нәлібаев.
Осылайша ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, «Парасат» орденімен «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев пен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Акса Энерджи Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алган Сарачоғлы марапатталды. Сондай-ақ «Құрмет» орденімен «Промстройсервис Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Еспенбетов, «Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роза Иманова, «Сейфуллин Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Оңғарбек Саймағамбетов, «Tau GroupLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Исламғали Қозыбақов құрметтелді.
Бұл азаматтардың әрқайсысы өз саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, салтанатты жиында ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен бірқатар азамат «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Парламент депутаттарының атынан сөз алған Наурызбай Байқадамов марапат иелерін құттықтап, олардың өңірдің өркендеуіне қосқан үлесіне ризашылығын білдірді.
– Мемлекеттік награда алу – үлкен абырой әрі жауапкершілік. Сыр елінде еңбек етіп жүрген әр азаматтың табысы – елдің дамуының кепілі. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз елге өнеге, — деді депутат өз құттықтауында.
Мерекелік іс-шара барысында әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Би өнерпаздарының орындауындағы ұлттық билер, сахналанған әсерлі қойылымдар кештің сәнін келтіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров жыр арнап, Сыр елінің бірлігі мен еңбекқорлығын дәріптеді. Мерекелік бағдарлама іс-шараның әсерін арттыра түсті. Жиынға қатысқан барлық көрермен көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!