Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егемендік декларациясы: Маңызы мен мәні

23.10.2025, 12:00 214

ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында, 90-жылдардың басында қазақ қоғамында екі ірі оқиға болып, ұлт ретінде оянып,  рухани  серпілді.  Бірінші оқиға – 1989 жылы  22  қыркүйекте «Тіл туралы» заң қабылданып, онда қазақ тілі – мемлекеттік  тіл деп тайға таңба басқандай  көрсетілді. Екінші оқиға – 1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларациясы қабылданып, тәуелсіз мемлекет қалыптасуының алғашқы қадамы, бастау  жолы  қаланды. Біз  екіншісінің  маңызына  кеңірек  тоқталып, сол  кездегі  ахуалды  сөз  етеміз.

ТӘУЕЛСІЗДІК  ТҰҒЫРЫ

1990 жылғы 25 қазан – қазақ тарихындағы ең тағдырлы күндердің бірі. Бұл күні қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ликасының мемлекеттік егемендігі туралы Деклара­ция елдің тәуелсіз мемлекет болуға бағыт алған алғашқы құқықтық әрі саяси қада­мы еді. Бұл құжат ғасырлар бойы бодандық бұғауында болған қазақ халқының еркіндікке деген тарихи ұмтылысының заңды жалғасы, тәуелсіздік  дәуірінің  бастау  нүктесі  болды.

Декларацияның жобасын академик Сұлтан Сартаевтың жетекшілігімен белгілі заңгерлер Зинаида Федотова, Николай Акуев және Тілеу­хан Қабдрахманов дайындады. Заңгерлердің кәсіби білімі мен саяси батылдығы сол кездегі саяси жүйенің қысымына қарамастан, ұлттық мүддені қорғайтын мазмұндағы құжат әзірлеуге  мүмкіндік  берді.

«Республика – егеменді мемлекет. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу құқығын өзінде сақтап қалады» деген тарихи жолдармен басталатын Декларация 17 баптан тұрды. Бұл баптардың әрқайсысы сол кезең үшін ерекше жаңалық әрі тәуелсіздік идеясын құқықтық тұрғыда  бекіткен  қағидаларға  толы  еді.

Құжатта елдің егемендігі мен территория­лық тұтастығы нақты айқындалып, «Респуб­лика аумағы бөлінбейді және оған қол сұғуға жол берілмейді» деген бап жазылды. Бұл норма кейін Қазақстанның мемлекеттік шекарасын шегендеудің құқықтық негізіне айналды. Сондай-­ақ, Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінуі демократиялық басқару  жүйесінің  негізі  ретінде  бекітілді.

Құжаттың мазмұнында адам құқығы мен бостандығын қорғау, еркін тұлға қалып­тастыру, мәдени және діни ерекшелікті сақтау, ұлттық даму жолын таңдау сияқты өркениетті қоғамның іргелі құндылықтары қамтылды. Ең бастысы, қазақ халқының өз тағдырын өзі шешу, ұлт ретінде еркін даму құқығы заң жүзінде  бекітілді.

Бұл кеңестік тоталитарлық жүйенің қыс­пағында тұрған қоғам үшін тарихи батыл шешім болатын. Себебі мұндай мазмұндағы құжаттың қабылдануы сол кездегі саяси орталықтың үстем ұстанымына ашық қарсы келумен тең еді. Декларация саяси тәуелсіздіктің негізін  қалаған ғана емес, ұлттық сана мен рухтың  қайта  жаңғыруының  бастауы  болды.

Оның қағидалары кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Тәуелсіздік тура­лы» Декларацияның және қазіргі Қазақ­стан  Конституциясының   өзегіне  айналды.

Сондықтан Егемендік декларациясын тек тарихи құжат емес, қазақ халқының саяси және рухани жаңғыруын айқындаған ұлттық манифест, мемлекеттіліктің жаңа дәуірін бастаған тарихи  шешім  ретінде  бағалау  әділ.

ҚАБЫЛДАУ  БАРЫСЫНДАҒЫ  ТАРТЫСТАР

Алайда Декларацияның қабылдану жолы оңай болған жоқ. Сол кезеңнің куәсі болған академик Сұлтан Сартаевтың естеліктерінде бұл  үдерістің  күрделі  сипаты жан-жақты баянда­лады.

Академик атап өткендей, халық депутат­тары Мұрат Оспанов, Петр Своик және Юрий Сухов бастаған топ «Демократиялық Қазақ­стан» қозғалысын құрып, Декларацияның баламалы нұсқасын дайындады. Олар мемлекеттің ұлттық сипатын көрсетуді қажетсіз деп санап, құжатқа «қазақ ұлты» мен «ұлттық мемлекет» ұғымын енгізуге қарсы болды. Өз ұстанымдарын «азаматтық қоғамда мемлекеттің ұлттық  мәні  болмауы  керек»  деген  түсінікпен  түсіндірді.

Бұл бастама Жоғарғы Кеңесте үлкен пікір­талас  туғызды. Тарих  ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның айтуынша, дәл осы сәтте ұлттық мүддені қорғауда саяси қайсарлық танытқан тұлғалар қатарында Салық Зиманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Серікболсын Әбділдин, Шахмардан Есенов сынды мемлекет қайраткерлері болды. Олардың табандылығы мен Сұлтан Сартаев бастаған заңгерлердің ғылыми дәлелдері Декларацияның түпкі мазмұнының ұлттық сипатын сақтап қалу­ға  мүмкіндік  берді.

Құжатты қабылдау барысындағы ең маңыз­ды рөлдің бірі – сол кездегі Қазақ КСР Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі болды. Ол Жоғарғы Кеңестің мінберінен он бір рет сөз сөйлеп, әр бап бойынша нақты түсіндірме жасап, ұлттық  идеяның мәнін қорғап шығады.

Академик Сұлтан Сартаев өз естелігінде экс-Президенттің келесі сөзін мысалға келтіреді: «Декларацияға  ұлттық ұғымдарды енгізбей­тін  болсақ,  біз  өзге ұлттарға қарағанда теңдігі төмен ел болып саналамыз. Мұндайға жол беру­ге болмайды. Басқа республикалардың  деклара­циясында ұлттық мемлекеттіліктің қағидаты  бар – бізде  де  солай  болуы  тиіс».

Бұл шешуші ұстаным депутаттар тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде ұлттық мемлекетті­лікті  айқындаған  негізгі  нұсқа  қабылданады.

Жоғарғы Кеңестегі алқалы мәжіліс алты сағаттан аса талқыланып, ақыры ел тарихында алғаш рет егемендік мәртебесін заң жүзінде бекіткен акт қабылданды. Бұл құжат ке­йін 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Тәуел­сіздік туралы заңның құқықтық негізіне айналды.

Профессор Хазретәлі Тұрсұнның баға­лауынша, Егемендік декларациясы Алаш идеясы­ның  заңды  жалғасы  болды.

«Ұлттық идея – халықтың өткеніне, бүгіні мен  болашағына сүйенетін, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын рухани тұғыр. Алаш арыс­та­ры ұлттық мемлекет құруды, елді әлемдік қауымда­стықпен тең дәрежеде танытуды мақсат етті. Алайда олардың идея­сы тоталитар­лық жүйенің идеологиялық қыспағында  тұншықты. 1990 жылғы Егемендік  декларациясы  сол тарихи әділеттілікті қал­пына  келтірді», — дейді  тарихшы.

Шынында, бұл құжат Алаш ұлтжанды қайратк­ерлерінің рухани мұратын қайта жаңғыртқан  саяси  акт  болды.

НЕНІ  ҚАМТЫДЫ,  МАҢЫЗЫ  НЕДЕ?

Тарихи құжаттың 1-бабында елдің терри­ториялық тұтастығы, елдіктің нышандары анық көрсетілсе, 2-бапта ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар  қолданатыны  қамтылды.

3-бапта «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-нің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайда­лануға болмайды» деп айқындап, сақ-ғұн дәуірінен сабақтасып келе жатқан елдіктің негі­зі – жер екені әйгіленді. Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шекараны шегендеуде осы құжат заңнамалық негіз болғаны да анық. Ендеше бүгінгі территориялық тұтас­тығымыз декларациядан бастау алатынын айтуымыз орынды. Әрине, өтпелі кезеңде атақоныстың тұтастығын сақтауда Әлімхан Ермеков, Жұмабек Тәшенев сынды ерлердің ерлігін  ұмытуға  болмайды.

4-бапта халық егемендіктің иесі екені және халық атынан билікті жүргізуді Жоғарғы Кеңес жүзеге асыратыны, ал 5-бапта республика аумағында өмір сүретін барлық азаматтың құқығын қорғаудың жайы жазылды. 6-бапта сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес шешім шығара алатыны, 7-бапта мемлекеттік бас­қару органдарының құрылымы: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі көрсетілді. 9-бапта жер, оның қойнауындағы барлық табиғи ресурс­тарды басқару, пайдалану тәртібі, сондай-ақ өсімдік пен хайуанаттар дүниесі, мәдени, тари­хи, рухани қазыналары өз меншігіне жататыны, 10-бапта Жоғарғы Кеңеске бағынышты ведомстволар  көрсетілді.

11-бапта экологиялық мәселелер орынды келтіріліп: «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-­жоятын қарудың өзге де түрлерін (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалары үшін) сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады». 1991 жылы 29 тамызда осы декларацияның талапта­ры бойынша «Семей полигонын жабу» туралы  Жарлыққа  қол  қойылды.

12-бапта ел аумағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің құқықтық мүмкіндігі, 13-бапта елдің құқық қорғау жүйесі мен әскер ұстауы, 14-бапта халықаралық қатынастардағы орны, 15-бапта егемендік құқығын қорғауы, 16-бапта Мемлекеттік рәміздер: ту, елтаңба, гимні болаты­ны, 17-бапта декларация елдің жаңа Конституциясын  әзірлеуде  заңды  тұрғыда негіз  болатыны  айқын  жазылды.

1986 жылы жылт еткен ұлттық рух жаншылып, егемендікке қол жеткіземіз деген үміт сезілді. Жер жаһанның жартысына әмірін жүргі­зіп, әлем елдеріне өмір сүрудің бағыт-бағдарын көрсеткен КСРО тұңғиыққа бата бастаған тұста, қазақ халқында теңдікке қол жеткізудің жаңғырығы қайта жанып, ел бастар тұлғалардың қайраты мен жігерінің арқасында 1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларац­иясы қабылданды. Сол кезге куә болып, қуанған азаматтар арамызда жүр. Олардың эмоциясына алдағы уақытта арнайы тоқталатын  боламыз.

2009 жылға дейін бұл күн Қазақстан күн­тізбесінде «Республика күні» ретінде белгіленіп,  мемлекеттік  деңгейде демалыс жария­ланған-ды.

2022 жылдан әділдік салтанат құрып, мемлекет­тілікке жол салған тарихи құжаттың тарихтағы орны бағаланып, ұлттық деңгейде қайта  мерекелеу  жолға  қойылды.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. 1990 жылы қызу пікірталастар мен саяси айтыс-тартыстардың нәтижесінде қабылданған Егемендік декларациясы – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші құжаттың бірі. Оның тарихи және саяси салмағы 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы заңмен тең дәрежеде. Өйткені, Декларация Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық, саяси және рухани негізін қалап, ел дамуының жаңа дәуіріне жол ашты. Биыл осы тарихи оқиғаға отыз бес  жыл  толды. Бұл – ел тәуелсіздігінің тарихындағы маңызды меже.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: