Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Бейбіткүл Кәрімова жыл бойы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есепті кездесу өткізді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында айтылған цифрлық трансформацияны жүзеге асыру тапсырмасын орындау мақсатында университет толық автоматтандыру үдерісін қолға алды. IT аудит жүргізіліп, нәтижесінде:
— есептеу қуатын үнемдеу мақсатында бұлтты инфрақұрылымға көшу жүзеге асырылды;
— деректерді өңдеу орталығы құрылыс жұмыстары жүргізілуде (оқу корпусы №5 аумағында);
— Microsoft 365 платформасы сатып алынып, басқару процестері электрондық форматқа, ал оқу процесі гибридті формаға (Teams) көшірілді;
— 2025–2029 жылдарға арналған «20 қадам» цифрлық трансформация және киберқауіпсіздік жол картасы әзірленді;
— 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарына 415 жоғары сапалы моноблок алу жоспарланған.
Аталған іс-шаралар ақылды кампус құруға, университеттің операциялық шығындарын азайтуға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек студенттердің сыртқы академиялық мобильділігін дамыту міндетін қойып отыр. Осыған орай соңғы екі оқу жылында 202 студент шетелдік университеттерде білім алды (Польша, Бельгия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан). 2024 жылы университет Түрік университеттері одағының ORKHUN бағдарламасына енді. 2021 жылдан бастап жас ғалымдарды қолдау шеңберінде университетте жыл сайын ішкі гранттар бөлінеді: 2021 жылы – жалпы 10 млн теңге, 2024 жылы – 20 млн теңге, 2025 жылы – 30 млн теңге. Университетте 22 жас ұйымы және 11 спорт секциясы жұмыс істейді. 2024–2025 оқу жылында республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары – 80 адам, ЖҚЖБ жеңімпаздары – 32 адам, ҚР Президент стипендиясын алғандар – 26 адам.
2024-2025 оқу жылындағы білім алушылардың жалпы саны 11,7 мыңнан асып отыр. Осы контингенттің 40 пайыздан астамы мемлекеттік білім грантының иегері саналады. Сыр өңірінің басты білім ордасында Алматы, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстарынан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды қалаларынан келген жастар да білім алып жатыр. Өзге өңірлерден келген студенттер түгелдей жатақханамен қамтамасыз етілген.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы халықаралық білім беру кеңістігінде университет мәртебесі нығайып, бәсекеге қабілеттілік деңгейі айтарлықтай жоғарылағанын атап өтті. Университеттің танымалдылығын арттыру және әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін көтеру мақсатында әр жыл сайын жаһандық университет рейтингіне қатысады. 2023 жылы университет алғаш рет QS WUR рейтингінде көрініп, 1201-1400 орын аралығында орналасқан. Ал 2025 жылы университет «4 жұлдыз» сапа белгісін иеленіп, оқыту, тиімді басқару, академиялық даму, инфрақұрылым, еңбек нарығына бейімделу, халықаралық серіктестік, қоршаған ортаға әсер, инклюзивтілік сияқты бағыттарда тәуір көрсеткіштерді көрсетті. Сонымен қатар, QS Asia University Rankings – 2025 аймақтық рейтингінде университетіміз Азияның жоғарғы оқу орындары арасында TOP 541-560 орынға ие болды. QS World University Rankings: Sustainability 2025 рейтингінде университет алғаш рет TOP 1401-1450 қатарында болды.
— UI GreenMetric рейтингінде университеттің позициясы – 1160;
— 2024 жылы университет алғаш рет Times Higher Education Global University Impact Rankings-2025 рейтингінде Тұрақты даму мақсаттарына әсері бойынша көрсеткіш көрсетті, 1501+ позицияны иеленді, 2025 жылы бұл позицияны сақтап қалдық. Ұлттық рейтинг бойынша, университет НААР өткізген ең сұранысқа ие жоғары оқу орындары арасында 7-орынды иеленіп, Қазақстан университеттерінің жалпы ТОП-10 қатарына кірді. Университеттің 29 білім беру бағдарламасы Қазақстанда үздік үштікке еніп отыр.
6 білім беру бағдарламасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» өткізген Қазақстанның университет бағдарламалары рейтингі бойынша ТОП-10 қатарына кірді.
Бейбіткүл Каримова есепті кездесуде 2025-2026 оқу жылына арналған межелі міндеттерге де тоқталды. Университет ректоры алдағы уақытта еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыратынын айтты. Кездесу соңында тыңдаушылар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер талқыға салынды. Есепті кездесу «ЗУМ» платформасы арқылы тікелей көрсетілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!