Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев: «Сапа сыннан жоғары болуы керек»

18.06.2020, 10:50 696

HALYQLINE.KZ Бұл туралы бүгін қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында мердігер мекемелермен өткен еркін форматтағы кездесу барысында айтылды.

Бүгінде облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде. Жыл соңына дейін басты назар аударып отырған қаладағы шет аймақтар және ауылдық округтерге барлығы 260 жол салынады. Оның 210-ы орташа жөндеу, яғни асфальт салынса, 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Сонымен қатар, 68 жаяу жүргінші жолы да бар. Мұның бәрі – «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы шеңберінде атқарылатын игі істер. Қарқын алған құрылыс жұмыстарының арқасында бұл жобаның игілігін көретін күн де алыс емес.

Бұған дейін де қала әкімі Н.Нәлібаев жол жөндеу жұмыстарына байланысты жауапты мекемелерге сын-ескертпелерін айтқан болатын. Алдағы уақытта аталған жұмыстарға байланысты олқылықтың болмауын бүгін тағы бір мәрте ескертті. Құрылыс мердігерлеріне жөндеу жұмыстарына сертификатталған, сапалы материалдарды қолдану керектігін баса айтты.

Кездесу барысында мердігерлер мен қоғам белсенділері де өз ойларын талқылай келе, жұмыс барысында кездескен мәселелерді ортаға салды.

Жобаның сапалы шығуын қала әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы топ та әрдайым бақылауға алады. Арнайы топ құрамында «Нұр Отан» партиясы мен мәслихат депутаттары, Қоғамдық Кеңес мүшелері, қоғам белсенділері және қала тұрғындары да ат салыса алады. Олар әр жобаны бастан аяқ қадағалап, әрбір істен сапа мен жауапкершілікті талап етеді.

Кездесуді қорытындылай келе «Сапа сыннан жоғары болу керек. Қазір жасаған жол ұзақ жылдар бойы елге қызмет етуі керек. «Қала – біздің ортақ үйіміз!» Ортақ үйіміздің көркеюі үшін аянбай еңбек етулеріңіз қажет. Бұл жұмыстардың маңыздысы – халықтың көңілінен шығып, сапалы орындалуы. Мемлекет қазынасынан бөлінген әр тиынның сұрауы бар. Сондай-ақ, бағдарламаның негізгі басты мақсаты – қала тұрғындарын жұмысқа орналасуына қолдау көрсету. Сол себепті сіздер, бірінші кезекте Қызылорда қаласының азаматтарын жұмыспен қамтуларыңыз керек. Яғни, жұмысшылардың 50 пайызы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатарынан болуы тиіс. Сондықтан, жұмыспен қамту орталығымен күнделікті тығыз байланыс орнатып, қажетті шараларды қабылдаңыздар», – деді қала әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: