Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара нанның қадірін қара халық түсіне ме?

16.10.2025, 11:20 213

«… Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар», — деген өлең жолда­рын білмейтін адам кемде-кем шығар. «Ас атасы – нан» екені әмбеге аян. Халқы­мызда құрметті қонағына алдымен нан ұсына­ды. Бұл – қадірлі мейманға деген зор ілтипаттың  белгісі.

Жасыратыны жоқ, осы қастерлі астың бағасы бүгінде біліне бермейді. Әсіресе, қала­лық жерлерде көпқабатты тұрғын үй аумақтарын­да нанның қоқыс жәшік ма­ңайын­да төгіліп жатқанын көріп қынжы­ласың.  Оған  кім кінәлі? Қалай айтсақ та, қара нанның қадірін қара халық түсіне  бермей­тін  халге жеттік. Ащы да болса ақиқаты – осы.

«Нанның да кепиеті болады. Аяққа басып қорламаңдар, шырақтарым» деп бала күнімізде әжем марқұм нан қиқымын қолымен жинап, тауықтарға тастатқызатын.

Сәл өткенге ой жіберіп қарасақ, ашаршылық кезеңдері мен соғыс жылдары бір үзім нан таппай қаншама адам үзіліп кетті десеңші?! Одан бергі кезеңде елдің жаппай нанға кезекке тұрғаны үлкендердің күні кешегі­дей  көз  алдында  қаттаулы.

Бүгінде бәрі басқаша. Тәңірге тәубе. Әр адам ас атасын тойғанынша жей алады. Бұл тәуелсіздігіміздің теңдессіз сыйы екенін сезіну керек. Алайда қазір көп жерде тастал­ған нанды жиі көріп жүрміз. Оның обал, сауа­бы кімге деп ойланып қаласың. Жә, бұл – бөлек  әңгіме.

Рас,  қазір  нан  бағасы  көктемнің  күніндей мың  құбылып тұр. Ас атасына қанша болса  да  сұраныс жоғары. Солай болып қала да бермек. Өйткені, барлық тағамның  ең ұлысы – осы  нан.

МАМАНДАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және баға өсімінің алдын алу мақсатында бірқатар шара іске  асырылуда.

Тақырып төңірегінде азық-түлік бағасын білмек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласт­ық. Мамандардың айтуынша, бүгінде тұрақтандыру қорында 1155,8 тонна өнім қоры орналас­тырылған. Оның ішінде 23,8 тонна қарақұмық жармасы, 373,4 тонна картоп, 7 тонна қырыққабат, 70,2 тонна пияз, 10 тонна рожки, 52,2 тонна күнбағыс майы, 6,5 тонна сәбіз, 47,6 тонна ұн, 113,6 тонна күріш, 447,5  тонна  қант,  10  тонна  тұз  бар.

Тұрақтандыру қорының өнімдері облыс аумағында «Байқоңыр» әлеумет­тік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына қарасты 37 әлеуметтік дүкен мен облыс орталығындағы 14 сауда үйінде орналас­тырылып, әлеуметтік бұрыштарда сатылуда. Бұл дүкендерде тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар тауарлары нарық бағасынан төмен  сатылуда.

Мәселен, республика бойынша сиыр етінің бағасы қымбаттауына байланысты Қызылордада тұрақтандыру мақсатында орталық базар мен ірі  сауда желілерінде келісі 2500-3000 теңге аралығында саудалануда. Одан бөлек, дәстүрлі жәрмеңкелер ұйым­дастырылып, өнімдер базар бағасы­нан 10-15%-ға төмен ұсынылуда. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлермен тікелей келісімшарттар жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден делдалсыз тіке­лей сатып алу жұмыстары жолға қойыл­ған. Бұл өз кезегінде бағаны негізсіз өсіруге жол бермей, нарықты тұрақты өніммен қамтуға мүмкіндік бермек.

– Ашығын айту керек, осы жылдың басынан бері апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Мұндағы басты мақсат – ел әлеуе­ті­нің артуын қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын бақылау. Бүгінде облыс бойынша 123 жәрмеңкеге 2525,3 тоннаға жуық өнім шығарылды. Жәрмеңке желтоқсан айының аяғына дейін жалғасын таппақ. Сондай-ақ, Қызылорда және Байқоңыр қалаларында өткізілетін ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкелерінің кестесі бекітіліп, ұйымдастырыла бастады. Қазан айының 18-жұлдызында күзгі егін жинау науқанының аяқ­талуына орай жыл сайынғы дәстүрлі «Алтын дән» мерекесі өткізіледі. Іс-шара аясында облыс орталығының барлық мөлтек ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңкесі өткізілмек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жал­ғасын таба бермек. Бір айта кетер­лігі, нан бағасы бақылауда бола­ды. Ұн қоры  өңірімізде жеткілікті, — дейді аталған басқарманың азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бөлі­мінің  басшысы  Ерхан  Ағыбаев.

НАН  ӨНІМДЕРІ  КЕШЕНІ  ІСКЕ  ҚОСЫЛДЫ

Өткен  аптада облыс орталығында «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан өнімдерін шығару кешенінің ашылу рәсімі өтті. Кешеннің негізгі мақсаты – аймақ халқының нан сапасына деген  сұранысын  қанағаттандыру.

Жаңа нысанның ашылуына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, өңір экономикасын әртараптандыруға байланысты іске қосылған әлеуметтік кешеннің маңыздылығына тоқталып, нарықтағы нан  бағасын тұрақтандыруға септігін тигізе­тінін  атап  өтті.

– Президентіміз Қасым-­Жомарт Кемелұлы «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғас­тыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс» деген болатын. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. 2022-2024 жылдары аймақ экономикасына  1 триллион  600  млрд  теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл 631 млрд 400 млн теңгеден астам инвес­тиция тарту бағытында жұмыс жүргізілуде. Бүгін өңір экономикасына тың серпін беретін «Қызыл­орда-Нан» серіктестігінің нан өнімдері кешенінің ашылу салтанатында бас қостық. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жобаға атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға, барлық серіктес ұйымдарға алғысы­мызды білдіре­міз. Кешеннің жұмысы табысты, өндірісі берекелі болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!, — деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Қызылордада алғаш рет 1957 жылы  іске қосылған нан зауыты 1995 жылға дейін тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз еткен болатын. Араға отыз жыл салып, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, жаңа кешен жұмысын бастады. Жалпы 5,6 миллиард теңге қаржы жұмсалған бұл кешен тек өндірістік ғана емес, әлеу­меттік және ұлттық маңызға ие ірі нысан  қатарында  тұр.

– Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етуде, алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 170-ке дейін көбеймек. Кешенге мемлекеттік қолдау ретінде 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Бірінші кезеңде 3,1 миллиард теңгеге заманауи, толық автоматтандырылған жабдықтары бар төрт өндірістік цех іске қосылды. Алдағы жылы  жобаның екінші кезеңінде 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салуды жоспарлап отырмыз, — дейді «Қызылорда-Нан» серіктестігінің құрылтайшысы  Ержан  Ескендір бізбен  әңгімесінде.

«НАННЫҢ  ЖҮЗДЕН  АСТАМ  ТҮРІН  ПІСІРЕМІЗ»

Өңірімізде жалпы ондаған наубайхана жұмыс істеуде. Олар күнделікті облыс тұрғындарына ас атасын  дәмді және тез даярлап, дүкен  сөрелеріне  ұсынып  келеді. Әрбір өнім өндіру орнында шамамен 10-15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соның бірі – қаланың Белкөл кенті маңайында бой көтерген  «Қызыл­орда  нан»  кешені.

– Мұндағы нан пісіру кешенінде күніне бөлке нан, қара нан, булочка, торт, пирожные, лепешка, пирог секілді ұн өнімдерінің барлық түрін пісіреміз. Жалпы ұн өнімдерінен дайындалатын нанның жүзден астам түрін дайындаймыз. Барлығы жаңа заманауи технологиямен қамтылған. Ұнды сапасына қарай таңдап аламыз. Жасыратыны жоқ, қазір нан бағасына әртүрлі пікір айтылуда. Бұл біржақты қаралатын мәселе емес. Алдағы уақытта ел көңілінен шығатын баға тұрақтылығы назарға алынады деп ойлаймын. Жалпы, ел бойынша салыстырмалы түрде Сыр өңірінің нан бағасы орташа деңгей­ге жатқызылады. Нан пісіру барысында ең басты талап – тазалық. Пісірілген өнімдер уақытылы меже­лі мекенжайға жеткізіледі. Нан – әрбір отбасының берекесі. Бұрында үлкендеріміз алыс жолға шыққанда сөмке немесе қалтасына нан салып шығатын болған. Бұл – сапарым жемісті әрі жеңіл болсын деген ниет. Адамдар бір-біріне тілек айтқанда да наның таусылмасын, нанымыз көп болсын деп жатады. Міне, нанның қазақ үшін қадірі осындай. Нан әрбір  үйдің дастарқанынан үзілмесін, — дейді мекеменің бас технологы Мирзаир  Миралиев  өз  сөзінде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, нан  болса көңілде ән, өмірде мән  болады. Бұл – маңызын  өзгертпейтін  сөз  шындығы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: