Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ештеңенің керегі жоқ!

15.10.2025, 6:00 125

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Супер бетсіздер» романымнан үзінді)

Бір күні миллиардердің баласы Каспий теңізінде балық аулап отырған. Бір кезде, алтын балық ұстап алды! Кәдімгі ертегідегі алтын балықтың өзі! Кенет алтын балық қазақша сөйлеп қоя берді.

– Кешіріңіз, үш тілегіңізді айтыңыз, орындайын. Сосын, мені жібере салыңызшы?

– Құдайға шүкір, менде бәрі жетеді!

– Керемет сұлу-у қыз жіберейін бе?

– Оны қайтейін?

– Қатын болады…

– Итак, қатын көп менде, Папамда да, менде де…

– Үш тілек айтыңызшы? Ауа жетпей бара жатыр…

– Ой, не надо…

– Мұнай беремін…

– Мұнай папамда бар… Маған ештеңе керек емес!

– Қымба-ат маркалы «Джип» берейін…

– Ой, не надо, папамда ұшақ, кеме, пойыз бар.

Алтын балық:

– Мені теңізге жіберіңізші? — деп өтінді.

– Өмір бойы өзенде шомылып жүре беруден жалықпайды екенсіңдер! Жібермеймін!

– Дубайдан қымбат бағалы пәтер сатып аласың!

– Итак, Дубайда, Стамбулда үйлерім бар. Папам әперіп қойған.

– Сізді депутат етіп жіберейін.

– Ненавижу… маубас депутаттарды…

– Сенатор…

– Ештеңенің керегі жоқ.

– Енді кім болғыңыз келеді?

– Құдай…

– Кешіріңіз, Құдай етуге құдіретім жетпейді… Өйткені, Құдайдың өзі мені жаратты… — деген алтын балық талықсып бара жатты. Сосын көздерін сығырайтып ашып:

– Інішек, мен өлген соң, денемді теңізге лақтырып жіберші… «Су баласы суға қарап өседі» дейді біз жақта… — деді де, жыбыр-жыбыр етіп барып, жүре берді…

– Зачем? — деді байдың баласы, – сен маған өлген соң ғана қымбатсың!

Шынында, солай болып шықты, ештеңені керек етпейтін кеңкелесіміз балықты күнге кептіріп, қақтады да, сыртына лак жағып, жылтыратып, әйелінің алтын «цепочкасына» тағып қойды… Ит балық болса, лақтырып жіберер еді, алтын балық қой…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: illustrators.ru (Виктор Минеев)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: