Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі құрылыс нысандарының барысын бағамдады

07.10.2025, 9:46 150

Кеше Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков бірқатар құрылыс нысандарын аралап, олардың жүргізілу барысын бақылады.

Алдымен аудан басшысы Шиелі кентіндегі «Салтанат сарайының» ағымдағы жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Бас мердігер – «Сертификаттау-сынақ орталығы» ЖШС. Күрделі жөндеу алаңында атқарылып жатқан жұмыстарды жіті назарға алған Айтбай Насриддинұлы мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзімнің сақталуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Келесі кезекте аудан әкімі Бестам ауылында бой көтеріп жатқан 150 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын көрді. Бас мердігер – «Данекер құрылыс компаниясы» ЖШС. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу, инженерлік желілер тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Жобаның жоспарға сай жүзеге асырылып жатқанын айтқан аудан әкімі, нысан ел игілігіне дер кезінде тапсырылуы тиіс екенін жеткізді.

Мәдениет ошағы толық пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға және жастар мен балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік туады.

Аралау соңында Айтбай Жандарбеков Шиелі кентінде салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысын көрді. Бас мердігер – «Алтын айдарлы» ЖШС. Қазіргі таңда кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл нысан пайдалануға берілген соң, аудан халқының бұқаралық спортпен шұғылдануына, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың түрлі түрлерімен айналысуына жағдай жасалады. Сонымен қатар, жаңа кешен ауданның спорт саласының дамуына тың серпін бермек.

Аралау барысында аудан әкіміне кент және ауылдық округ әкімдері, құрылыс, мәдениет, спорт салаларының жауапты басшылары мен мердігер компаниялардың өкілдері ілесті.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков барлық нысандардағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылысшыларға халық игілігі үшін жұмыс істеп, нысандарды уақытылы әрі сапалы түрде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: