Қазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Шитүбек елді мекені ауызсу желісіне қосылды. Елді мекенге таза ауызсу қосу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып, шитүбеліктерді көптен күткен қуанышымен құттықтады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауызсумен қамту жөнінде тапсырмасына сәйкес, биыл ауданымыздағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен аймағымызда денсаулық сақтау, білім беру, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 14 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қазалы ауданы бойынша 1 медициналық және 4 ауызсумен қамтамасыз етуге арналған 5 әлеуметтік нысанның құрылысы басталған болатын. Аталған жоба аясында ауданымыздағы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсу желісіне қосуға республикалық, облыстық бюджеттен және қайтарылған активтер қаражаты есебінен барлығы 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып отыр. Қазыналы ауданда бұдан бөлек те Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен аудан халқының игілігіне бағытталған байыпты бастамалар мен жасампаз жобалар жүзеге асуда.
Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы, келешегінің зор болуы Сіздерге, сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен ауызбіршіліктеріңізге тікелей байланысты.
Осы орайда, Шитүбек елді мекенінің таза ауызсу желісіне қосу жұмыстарымен айналысқан мердігер мекеме «Ансар-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшыларына және игі іске атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі үлкен қуаныш барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Ауызсу желісіне қосу рәсімінде аудан прокуроры Дарын Әбіш көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, ауыл ақсақалы Дәуіт Сайын батасын берді. Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауызсу тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Елді мекенді ауызсуға қосу рәсімінен кейін аудан әкімі тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, аудан көлемінде алда атқарылатын жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, тұрғындардың ой-пікірлерін тыңдады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!