Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде облыстық мәуліт кеші өтті

28.09.2025, 18:43 151

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) дүниеге келген айдың құрметіне орай Сыр өңірінің мешіттерінде түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі де бірегейі – «Мақтаулы Мұхаммед» атты облыстық рухани мәуліт кеші бүгін Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті.

Пайғамбарымыздың сүннеті, мінсіз мінезі, өнегелі өмір жолы дәріптелген игі шараға ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің және Республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев, бірнеше діни кітаптардың авторы, жас қаламгер Абылай Кенжалы, Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев бастаған аудан және қала имамдары, облыстық Дін істері басқармасының бөлім бастығы Серік Әбдіқадыров, мешіт жамағаттары мен аймақ тұрғындары қатысты.

Рухани шараға жиналғандар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы ұйымдастырған діни жәдігерлерден жасақталған көрмені тамашалады. Ерекше атап өтерлігі – музейдің Сирек қорында сақталған жәдігерлер көпшілікке алғашқы рет ұсынылып отыр. Олардың арасында бір ғасырдан аса уақыт бұрын жазылған қолжазба Құрандар мен Сыр өңірінде өмір сүрген дін қайраткерлерінің тұтынған заттары да бар. Тақырыптық көрмені музейдің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау таныстырып, әрқайсысының тарихына жеке-жеке тоқталды.

Ізгілікке толы шара қасиетті Құран аяттарымен ашылды. Одан әрі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) туралы бейнеролик көрсетіліп, онда оның тағылымды өмір жолынан сыр шертілді.

Кеште арнайы сөз алған Қызылорда облыстық Дін істері басқармасының бөлім бастығы Серік Мәжитұлы мен Сыр өңірінің бас имамы Дастан қажы Жанасұлы жиналғандарды Мәуліт айымен құттықтап, жұртшылықты Пайғамбарымыз (ﷺ) насихаттаған ізгілік жолына, адамгершілік пен еңбекқорлыққа, сондай-ақ, Құран Кәрімді құрметтеуге шақырды.

– Мәуліт айы – Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтаудың берекелі мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Бұл мерекені тойлау – баршамыз үшін қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал, ұлы істердің бірі саналады. Оны атап өту – оған деген сүйіспеншіліктің, жақсы көрудің белгісі. Себебі, ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ) деген махаббат барлық нәрседен жоғары тұрады. Баршамызға осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (ﷺ) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне, Пайғамбардың (ﷺ) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болсын деп тілеймін! – деді Дастан Жанасұлы.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір жолы жайлы мәуліт шәріпті облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб-имамы Шыңғыс қари Сәдуов шәкірттерімен бірге нақышына келтіріп оқыды.

Мәуліт жырын Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы жыршы-термеші, айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров Қарасақал Ерімбеттің Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірінен сыр шертетін «Қират тауындағы оқиға» дастанымен жалғады.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры әртістерінің орындауында «Бір түп алма ағашы» қойылымы сахналанды. Онда зиянды әдеттердің кесірінен отбасы ойран болып, ортасына түскен, дүние үшін бауырларымен тартысып, ағайын арасындағы ауызбіршілігі жоқ жандардың тағдыры бейнеленіп, көрермендерге үлкен ой сала білді.

Тағылымы мол рухани кеште елімізге белгілі дінтанушы ұстаз, исламтанушы ғалым Арман Баймаханұлы «Пайғамбар (ﷺ) және отбасы» тақырыбында уағыз айтса, жас қаламгер Абылай Кенжалы Алла елшісінің (ﷺ) жастармен қарым-қатынасы жайында тереңнен сөз қозғады.

Пайғамбар (ﷺ) ұлықталған кешке жиналғандардың қарасы өте қалың болды. Залға сыймаған көрермендер рухани шараны екі сағаттан аса уақыт бойы тікелерінен тік тұрып тамашалады. Міне, осы көрермендердің арасында арнайы ұтыс ойыны ойнатылып, оларға «Сира», «Адамзаттың асыл тәжі», «Мінсіз Мұхаммед», «Мұғжиза», «Ризық кілттері» атты кітаптардан тұратын арнайы «Мәуліт жинағын» кеш қонақтары Арман Қуанышбаев пен Абылай Кенжалы табыс етті.

Сонымен қатар, жыршы-термешілер Марат Сүгірбай мен Жәнібек Жақсан Сыр халқын тәлімі мол термелермен сусындата білді.

Игілікті шара барысында Мәуліт айының құрметіне «Мәуліт сыйы» ұйымдастырылып, кішкентай бүлдіршіндердің еміне қажетті қаржы олардың ата-анасына берілді. Бұл қайырымдылық шарасы дәстүрге айналатыны айтылды.

Кеш соңында облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) туған айының құрметіне орай өткізілген «Мақтаулы Мұхаммед» атты облыстық рухани мәуліт кешін ұйымдастыруға үлес қосқан бір топ азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, театр және музей ұжымына, жалпы кешке атсалысқан барлық жандарға сый-сыяпат табысталды.

ҚМДБ Қызылорда облысы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: