Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төрт түлік туралы

23.09.2025, 18:25 378

HALYQLINE.KZ

(Жастарға керек тағылым)

Ата-бабамыз күнкөрісінің негізі болған төрт түлікке жеке-жеке бағасын беріп кеткен.

Түйе – салтанат.

Жылқы – мақтан.

Қой – қазына.

Сиыр – қанағат.

Ешкі – жоқтың күні.

Енді осы сөздердің неге айтылғанын тарқатып айтайын.

1. Түлік басы – түйе, бай бол, кедей бол, көшкенде түйе ғана көштің сәнін келтіреді. «Нар жолында жүк қалмас» деген сөз тағы бар. Жерұйықты іздеп жаһан кезген Асан атаң мінген желмая – шөл мен аштыққа төзімді осы Ойсыл қараның ұрпағы. Шұбаты – дертке дауа, нәрлі сусын. Салтанат деп атайтынымыз осыдан.

2. «Жақсы ат – ер қанаты», қашсаң құтыласың, қусаң жететін тұлпар Қамбар ата әулеті. «Бір аяқ қымыздың он аяқ желігі бар». Қазы-қарта, жал-жая – дәм төресі, дастарқан көрікі. Мақтан деген осы.

3. Басыңдағы баспанаң мен төсенішің – қойдың жүні. «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық». Ол – сенің жан сақтайтын жылы киімің. Қонақ келсе, біреуін алып сойып сойып қажетінен шығасың. Тары секілді өсімтал тұяқ. Қазына дегеніміз содан.

4. Жазғы ағы айран-шалаптан аспайды, тайынша торпағын сойса, кедей үйдің қажетіне ғана қатық болады. Жалқаулығы басым Зеңгі баба тұқымы сиырды қанағат дейтініміз содан.

Ал, ешкі жағдайын айтпаса да түсінікті. Шайлық қана сүті бар, оны «жоқтың күні» деп атайды.

Бүркітбай Тілегенов,

Астанадағы Жеңістің 80 жылдық парадына Қазалы ауданынан қатысқан тыл және еңбек ардагері,

Ақсуат  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: