Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеңіл ақша – ауыр жаза. Дропперлік жайлы не білеміз?

18.09.2025, 11:00 508

Соңғы жылдары қоғамда жиі айтылып   жүрген   ұғымдардың  бірі – дропперлік. Бұл сөз алғаш естіген адамға беймәлімдеу көрінуі  мүмкін, алайда оның ас­тарында  қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі қаржылық алаяқтық пен кибер­қылмыстың көлеңкелі механизмі жатыр. Дропперлікті  көбі алға­шында жай ғана «біреудің орнына есепшот ашу» немесе «банктік карта беру» деп қабылдауы  мүмкін. Алайда, ол – заң алдындағы жауапкершілігі  ауыр, әлеуметтік  салдары  күрделі  нәрсе.

Жалпы айтқанда, дропперлік дегеніміз – өз атына банктік карта, есепшот немесе электронды әмиян ашып, оны үшінші тұлғаларға белгілі бір сыйақы үшін беру әрекеті. Бұл қарапайым іс-әрекет болып көрінгенімен, оның түпкі мәні – қылмыстық схемаларға қатысу. Өйткені мұндай карталар мен есепшоттар көбіне алаяқтық жолымен жиналған қаражатты заңдастыру, «ізін жасыру» үшін қолданылады. Дроппер өзінің карта арқылы нақты алаяқтықты жасамаса да, ол тікелей қылмыс тетігінің  бір  бөлігіне  айналады.

Дропперліктің қауіпті тұсы – оның сырт көзге «қалыпты» көрі­нуінде. Жастардың көбі мұны оңай табыс көзі, «еш зияны жоқ көмектесу» деп қабылдайды. Әсіресе, теле­грамм желісінде осы шамадағы жарнамалар өршіп жүр. Ал шын мәнінде бұл әрекет банктік және қылмыстық заңнаманы бұзу болып саналады. Көп жағдайда дропперлердің өздері алданып қалады: алғашқыда аздаған табыс тапқаны­мен, кейін құқық қорғау орган­дарының назарына ілініп, ауыр жаза­ға  тартылуы  әбден  мүмкін.

Дроппер арқылы жасалатын қылмыстардың ең бастысы – ақшаны жылыстату. Яғни, заңсыз жолмен алынған қаражат дроппер­дің атына тіркелген шоттар арқылы айналып өтеді де, ізін жасыру жеңілдейді. Сонымен қатар мұндай карталар алаяқтық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға, рұқсатсыз төлемдер жасауға пайдаланылады. Осылайша дроппер қылмыстың негізгі ұйымдастыру­шысы болмаса да, соның схемасына  тікелей  қатысып  қалады.

Қаржы мониторингі агенттігі­нің мәліметінше, 2024 жылдың өзінде ел бойынша дропперлік әрекетке байланысты 1 200-ден астам сот үкімі шығарылған. Бұл мұндай қылмыстың жекелеген оқиға емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Көп жағдайда дропперлер бейтаныс адамдарға банк картасын пайдалану­ға рұқсат беріп, кейін өзде­рі алаяқтық фактілері үшін жауап­қа  тартылған.

Жақында Қазақстанда дропперлікке байланысты арнайы заң қабылданды. Қылмыстық кодекс­ке жаңа бап енгізіліп, банк шотын немесе картаны бөтен адамдарға беру қылмыс ретінде танылды. Егер адам өз атына ашылған шотты басқаға пайдалануға берсе, ол үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал заңсыз төлемдер мен ақша аударымдары үшін  жаза 5-7 жылға дейін жетеді. Дегенмен, егер дроппер алғаш рет осындай әрекетке барған болса, өз еркімен  құқық қорғау орган­дарына  хабарласып, істің  ашылуына көмектессе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен  босатылуы  мүмкін.

Тағы бір өзекті мәселе – «негізсіз баю» ұғымы. Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер дроппердің шотына заңсыз  қаражат  түссе, ол адам тіке­лей алаяқтыққа қатыспаса да, сот  арқылы  ақшаны қайтаруға міндеттеледі. Мұндай жағдайларда кей азаматтар «бекерден-­бекер кінәлі» болып, материалдық шығынға ұшырап жатады. Өйткені олардың көпшілігі мұндай әрекеттің салдары  қандай  болатынын толық  түсінбеген.

Заңнама толығымен жүзеге аспа­са да, аталған факті бойынша бұған дейін де қылмыстық жауап­кершілікке  тартылғандардың қа­расы аз емес. Соңғы жылдары елімізде дропперлік схемаларға қаты­сы бар азаматтар ұсталып, олардың  істері  тергеліп  келеді.

Мәселен, 2025 жылы Астанада 20  жастағы  жігіт қолға түсті. Ол өзіне тиесілі деректер мен банк карталарының реквизиттерін алаяқ­тарға бергені анықталды. Тергеу деректеріне сүйенсек, оның шоттары  арқылы бөгде адамдардың заңсыз аударымдары жүргі­зілген. Бұл іс қазірдің өзінде құқық қорғау органдарының бақылауында, ал күдіктіге қатысты қылмыс­тық  іс  қозғалды.

Алматы  облысында  да дропперлік топтың қызметі әшкереленді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бірнеше адамның қатысуымен құрылған топ азаматтардың сенімін пайдаланып, банктік операциялар арқылы заңсыз қаржы айналымын ұйымдастырған. Топтың жылыстатқан қаржысының жалпы көлемі бірнеше миллион теңгеге жеткені  айтылады.

Мұндай жағдайлар жеке дерек­терді бөтен адамдарға берудің қан­шалықты қауіпті екенін көрсете­ді. «Жай ғана көмектескендей» көрінген әрекет бір сәтте өзіңізді қылмыстық іске тартуы мүмкін. Қаржы мониторингі агенттігі де бірнеше рет ескерткен: әр азамат өзінің картасы мен шотындағы кез келген операция үшін заң алдында жауап  береді.

Осы тұрғыда атаулы схеманың құрбаны болған азаматпен тілдес­кен едік. Ол бір кездері белгісіз адамға картасын бергеніне қатты өкінеді. Аты-жөнін жасырған тұлға өз қателігін алдағы уақытта ешкім қайталамағанын  қалайды.

– Менің шотым арқылы біреулер ақша аударғанын білгенде, бастап­қыда мән бермеп едім. Өзім ешкімді алдаған жоқпын, ешқандай заңсыз әрекет жасаған жоқпын деп ойладым. Кейін құқық қорғау орган­дары хабарласып, азаматтық сотқа шақырды. Сөйтсем, менің шотым арқылы өткен қаражат алаяқ­тықпен алынған екен. Сотта «негіз­сіз баю» бабы бойынша жауапты болдым. Ақыры 200 мың теңгені өнді­ріп   беруге  міндеттелдім.

Мен үшін бұл өте ауыр сабақ болды. Өйткені ойлап қарасаң, шынында ешқандай қылмыс жасамағандайсың, тек картамды қолдануға рұқсат бергенмін. Бірақ заң алдында бұл – қылмысқа қатысумен тең. Алаяқтар болса, іздерін жасырып үлгеріп кетеді. Ал зардабын мен сияқ­ты  қарапайым  адамдар  тартады.

Осы оқиғадан кейін өзгелерге айтарым – ешқашан картаңды, шотыңды бөтенге бермеу. «Жеңіл ақша» деп қызығып, өзіңді опық жегізіп алу оп-оңай. 200 мың теңге біреу­ге аз көрінуі  мүмкін, бірақ мен үшін бұл үлкен  соққы  болды, — дейді  ол.

Дропперлік сырттай жеңіл әрі зиянсыз болып көрінгенімен, түбінде күрделі қылмыстық схемаларға жол ашады. Ең өкініштісі, мұндай әрекетке көп жағдайда қарапа­йым жастар немесе оңай табыс­қа қызыққан адамдар түсіп қалатыны.

Жаңа заңның қабылдануы – мемлекет үшін уақыт талабынан туған шешім. Енді дропперлікке қатысқандарға нақты жаза қарас­тырылған. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан қоғамға айқын ескерту болып отыр: «жеңіл ақша» деген нәрсенің артында әрдайым ауыр зардап  жатады.

Алайда, мәселе тек жазалау­да емес. Қоғамды ақпараттан­дыру, жастардың құқықтық сауат­тылығын арттыру, интернеттегі қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – дропперлікпен күрестің  басты  тетігі.  Себебі  нағыз қорғаныс – әр  адамның  санасы­нда.

Х.ҚАСЫМХАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: