Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ГЕПТИЛСІЗ ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ Қазақстан үшін тарихи кезең бе?

04.09.2025, 12:40 680

Соңғы айларда әлемжеліні шолып шыққан кез келген адам «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешеніне қатысты жаңалықтарға көз қиығын бір салып өтеді. 2025 жылдың желтоқсанында алғашқы сынақ ұшыру жоспарланып отырған бұл кешен Қазақстан мен Ресейдің бірлескен ең ірі ғарыш жобасы ретінде жиі аталады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жоба 2028 жылы толық қуатына шығып, жыл сайын бірнеше зымыран көкке көтерілуі тиіс.

«Алайда бұл жоба тек ғарышқа ұшу ғана емес. Ол – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі ғарыш саласындағы ең батыл қадамы, экономикалық үміті, аймақтық дамудың жаңа тынысы. «Бәйтерек» жүзеге асқанда Қызылорда өңірінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады, экологияға зиянды ескі отын түрлері тарихта қалады, ал Байқоңырдың туристік әлеуеті жаңаша деңгейге көтеріледі» дейді сала мамандары.

Дегенмен, көптің көкейінде сұрақ бар: «бұл жоба шын мәнінде еліміздің болашағын өзгерте ала ма, әлде тек қымбат әрі ұзаққа созылған құрылыс болып қала ма?». Осы сараптамалық мақалада біз жобаның техникалық, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қырларын жан-жақты қарастырып, оның стратегиялық салмағын бағамдап көреміз.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАНДАЙ?

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағам­бетовтің дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күшімен Байқоңыр ғарыш айлағының 42-алаңындағы техникалық кешен мен 45-алаңдағы ұшыру кешенінде «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін салу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Одан кейінгі екі сынақ кезеңі 2026-2027 жылдары өтеді. Кешен толық қуатында  2028  жылы  пайдалануға  берілуі  тиіс.

«Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек. Жоба толық жүзеге асқанда өңірде шамамен 500  жаңа  жұмыс  орны  ашылады.

Аэроғарыш  комитеті  төрағасының  айтуынша, кешенді сынақтан өткізу мен толық­қанды пайдалану үшін жоғары білікті техникалық  мамандар  қажет  болады.

– Ұшыру жабдықтарына қызмет көрсете­тін инженерлер мен техникалық мамандар, крандар мен көтергіштерді басқаратын операторлар, автоматты өрт сөндіру және дабыл жүйесінің инженерлері, сондай-ақ газды бақылау саласының мамандары ерекше сұранысқа ие болады. Қазірдің өзінде «Зенит-М»/«Бәйтерек» кешенінің нысандарында 300-ден астам мердігерлік ұйым қызметкері еңбек етуде. Олардың басым бөлігі – Байқоңыр қаласы мен Ақай және Төретам ауылдарының тұрғындары. Бұл жоба жергілікті  кадрлардың  тәжірибесін арттырып, сонымен  қоса  аймақтың еңбек нарығын да жаңа  деңгейге  көтермек, — дейді  ол.

ЗИЯННАН  АРЫЛҒАН  ЗЫМЫРАН

 Бұрындары Байқоңырдан зымыран ұшса, жақын маңдағы аудан-ауылдарға гептил тара­лып, тұрғындар  қауіптің алдын алудың қамы­на кірісуші еді. Ендігі қуантарлығы – осы мәселенің майшаммен қаралып, шешімінің табылуын­да. Яғни, «Бәйтерек» жобасының негізгі артықшылық­тарының бірі де осы – экологиялық қауіпсіздікке басымдық берілуі. Бұрынғы «Протон» зымырандарында қолданылған улы гептил аймақ тұр­ғындары мен табиғат үшін ұзақ жылдар бойы қауіп төндіріп келді. Енді жаңа кешенде тек экология­лық таза отын түрлері – керосин мен сұйық  оттегі  қолданылады.

Бұл шешімнің мәні терең: біріншіден, зымы­ран қалдықтарының қоршаған  ортаға  әсері едәуір азаяды, екіншіден, Байқоңыр экологиясына қатыс­ты қоғамдағы алаңдаушылық төмен­дейді, ал үшіншіден, Қазақстанның ғарыштық жобалары халықаралық экологиялық стандарттарға сай бола бастайды. Мамандардың айтуынша, бұл қадам  тек өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Байқоңырдың жаңа имиджін қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Яғни, енді әлемге ол қауіпсіз әрі заманауи ғарыш орталығы  ретінде  таныла  бастайды.

115  МИЛЛИОН  ДОЛЛАРЛЫҚ  АЙМАҚ.  САНДАР  СӨЙЛЕСІН

«Бәйтерек» жобасы – тек технологиялық емес, қаржылық тұрғыдан да ел тарихындағы ең ауқымды мемлекетаралық бастамалардың бірі. Аэроғарыш комитетінің дерегінше, жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңге болса, соның ішінде бүгінгі күнге дейін қазақстандық тарап 81,29 млрд теңгені  игерген. Бұл  қаражат тек инфрақұрылымдық жаңғыртуға емес, елдің  ғарыштық әлеуетін арттыруға  бағытталған  инвестиция  саналады.

Байқоңырдың экономикалық маңызы мұны­мен шектелмейді. 1994 жылғы 10 желтоқсандағы келісім бойынша Байқоңыр кешені Ресей Федерациясына жалға берілгені мәлім, енді жыл са­йынғы төлем мөлшері – 115 млн АҚШ доллары (шамамен 60 млрд теңге). Бұл қаражат респуб­ликалық бюджетке түседі және оның бір бөлігі тіке­лей отандық ғарыш жобаларын жүзеге асыру­ға  жұмсалады  дейді  мамандар.

– Жалға алу кезеңі, яғни 1994 жылдан бері айлақтан 551 зымыран ұшырылған, оның ішінде «Союз», «Протон», «Зенит» секілді тасымалдағыштар бар. Тек биылдың өзінде 4 шілдеде «Союз-2» зымыран-тасығышымен «Прогресс МС-31» жүк кемесі сәтті ұшырылып, Халықаралық ғарыш станциясына жабдықтар мен азық-түлік жеткізілді. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер Қазақс­танның ғарыштық ғылымын дамытып, әлемдік ғарыш қауымдастығындағы беделін нығайтуда, — дейді  комитет  төрағасы.

Осы  деректерге  қарағанда,  «Бәйтерек»  жобасы тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, елдің  технологиялық тәуелсіздігін кү­ше­йтеді. Ал  Байқоңырдың  жаңа кезеңі ғылыми жетістіктер мен экономикалық табыстың тоғысқан  тұсы  болмақ.

АСПАН  ТАРИХЫ  ТУРИЗММЕН  ТОҒЫСПАҚ

Байқоңыр – адамзат тарихының бетбұрысты парағы. Ғарышқа алғашқы сапар осы жерден басталған еді. Енді бұл аймақ тек зымыран ұшыратын алаң ғана емес, халықаралық туризм мен кадрлық  дамудың  жаңа  орталығына айналуға қадам  басып  отыр.

Аэроғарыш комитетінің дерегінше, қазір Қазақ­стан  тарапы  кешенге кіруді жеңілдететін арнайы  онлайн-платформа әзірлеуде. Жоба толық іске қосылғанда, Байқоңыр аумағына кіру процесі толық цифрландырылып, туристер мен арнайы мамандар рұқсатты онлайн алып, тарихи нысандарды емін-еркін аралай алады. Бұл жүйе Ресей тарапымен келісілген соң қолданысқа берілмек. Сонымен қоса, туризмді дамыту үшін қазақстандық тарап бірқатар тарихи әрі техникалық  нысандарды  қабылдады. Олардың қатарында  ғарышқа алғаш қадам басқан «Гагарин старты», Гагарин беседкасы, «Энергия-Буран» кешенінің монтаждау-жанармай құю кор­пусы мен  динамикалық  сынақ  стенді, сондай-ақ С.П.Королев пен Ю.А.Гагарин үйлері бар. Бұдан бөлек, туристер үшін зымыран ұшырылымдарын бақылауға мүмкіндік беретін «QAZCOSMOS» байқау алаңы жұмыс істейді. Экскурсиялар қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылады, ал нысанд­арға  бару  тәртібі Қазақстан мен Ресей арасындағы 2009 жылғы үкіметаралық келісімге сай  жүзеге  асырылады.

Комитеттің болжамынша, алдағы жылдары Байқоңырға жылына шамамен 4 мың турист келуі мүмкін. Бұл өңір экономикасына қосымша табыс әкеліп қана қоймай,  қызмет  көрсету, қонақүй, тамақтану, кәдесый өндірісі сияқты салаларды жандандырады. Осылайша, Байқоңыр енді тек жабық айлақ емес, әлемдік тарихи туризм орталығы  ретінде  жаңа  қырынан  танылмақ.

Тағы бір маңызды қадам – жергілікті кадрларды даярлау және қайта оқыту. «Бәйтерек» кешенінің мамандары қазірдің өзінде зымыран кешендерін пайдалануда тәжірибелі. Дегенмен, жоба аясында арнайы оқу-жаттығу жүйесі құрылады. Ол штаттан тыс жағдайларды модельдеп, сәтсіздіктерді еңсеру тәсілдерін үйрететін заманауи  тренажерлермен  жабдықталады. Сонымен бірге, отандық  жоғары  оқу  орындарымен  бірлес­кен оқу  бағдарламалары іске қосылмақ. Бұл жергілікті жастардың әлемдік деңгейдегі инженерлік тәжірибеге  тікелей  араласуына  жол  ашады.

Осының бәрі Байқоңырдың жаңа келбетін айқындайды: туризм дамиды, аймақ экономикасы жанданады, ал қазақстандық кадрлар ғарыштық стандарттарға  сай  шыңдалады.

Қорытындылай келе, «Бәйтерек» – зымыран ғана емес, елдің болашағын көкке көтеретін мүмкіндік. Ол Қызылорданың экономикасына серпін, қазақстандық ғылымға жаңа белес, экологияға қауіпсіздік әкелмек. Байқоңыр енді тек тарихпен емес, технологиямен, туризммен және жаңа мүмкіндіктермен танылатын кезеңге қадам басты. Ендігі сұрақ: біз осы мүмкіндікті толық  пайдалана  аламыз  ба? Оқырман, ойыңызды  бөлісе  отырыңыз.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: