Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыл сайынғы Жолдау жұртты жарылқасын десек…

04.09.2025, 11:40 542

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін


Ақорда хабарлағандай, 8 қыркүйекте президент жыл сайынғы Жолдауын жария­лайды.

Әрине, саяси  құжат ретінде Жолдау­дың өз ерекшеліктері бар: ол жыл сайын жолданатын  болғандықтан, оның көбінесе тактикалық, мерзімдік жағынан шек­теулі сипаты болады. Дегенмен, президенттік мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, қоғамның  ол  Жолдаудан  күтері  көп.

Ең алдымен айтарым сол: әр жыл сайын президент өз Жолдауында нақты тапсырмалар береді, сол себепті жұртшылық президент әкімшілігі, Парламент пен Үкіметке берген сол тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпаратты күтеді. Ескі Қазақстан тұсында тапсырмалардың орындалуы не орындалмауы жайлы айтылмай, жабулы қазаны жабулы күйінде қала беретін-ді. Өкініштісі сол, Жаңа Қазақстан да сол сүреңсіз сүрлеумен жүре бастаған сықылды.

Мәселен, былтыр президент «Банктер туралы» Заңды әзірлеуді тапсырған-ды. Бір  жыл  өтті,  Заң  қайда?!

Президент банктерді нақты экономикаға қаржы бөлуге ынталандыру қажет деп еді, сол шаралардың бекітілген әрі жүзеге  аса  бастаған  тізімі  қайда?

Президент бірінші кезектегі емес және стратегиялық емес мақсаттарға қаржы бөлуді доғару керек деп еді. Сол тапсырма орындалып жатыр ма? Мәселен, жер-жерде кеше ғана жаңартылған бордюрларды қайтадан ауыстыруды бірінші кезектегі мақсат деп түсінуіміз керек  пе?!

Президент  Ұлттық  қорды басқарудың тиімділігін арттыру керек деп еді. Ал іс жүзінде қордың жағдайы мүшкілденіп барады: 2025 жылдың жеті айында Ұлттық қордың шығыны түсімінен екі есе (!) артқан, осы уақыт ішінде қорға 1,7 триллион теңге түссе, одан жұмсалған қаржы 3,5 триллион теңгені құраған. Тиімді басқару деген осы ма? Осы қорды ойсыратқан  олқылық  үшін  кім  жауап  береді?

Президент экономикаға тартылатын тікелей инвестиция көлемін азайтпауды тапсырып еді. 2024 жылы шетелдік тікелей инвестиция тарту көрсеткіші теріс сипат алып, -2,55 миллиард долларға дейін құлдыраған. Бұл дегеніңіз – 1992 жылдан бергі ең төмен деңгей, сөйтіп, Қазақстан  бұл  көрсеткіш бойынша Орта­лық Азиядағы көшбасшылықтан айыры­лып  қалды.

Президент әр ауданда азаматтарды әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп, өңдеуді оқытып-үйрететін орта­лықтар ашуды тапсырып еді. Сол орта­лықтар барлық ауданда ашылды ма? Ашылса, неге түймедейді түйедей етіп көрсетуге  әуес ресми БАҚ алақайлап, бізден  сүйінші   сұрамайды?

Президент кадр саясатын үміткерлердің кәсіби және моральдық қасиеттері мен бұрынғы қызметтеріндегі жұмыс нәтижесіне қарап жүргізуді тапсырып еді. Өкініштісі сол, ескі Қазақстан тұсындағы тамыр-таныстық, жершілдік, топшылдық әлі де жалғасуда. Біз талай сынға алған «командалық көш» сол қалпында: жаңа басшы келсе, бұрынғы, тәп-тәуір жұмыс істеп жатқан  орынбасарларын еш негізсіз орнынан алып тастап, өз  адамдарын  қойып  жатыр. Еш нәрсе  өзгерген  жоқ!

Президент «Құқық бұзушылықтың алдын-алу туралы» Заң жобасы әзірленуде деп еді, бір жыл өтті, сол Заң қайда?

Міне, президенттің осы және басқа да тапсырмалары мен ұсыныстарының жүзе­ге асуы жайында алдағы Жолдауда айтылса,  нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

Және де президент Жолдауының жария­лануының алдында әрбір мемлекеттік орган, Парламент пен Үкімет, министр­ліктер мен әкімдіктер өткен жылғы президент Жолдауында айтылған бастамалар мен тапсырмалардың жүзеге асырылуы (не асырылмауы) жөнінде жария жиын өткізіп, азаматтық қоғамның да ой-пікірін тыңдап, тиісті есеп бергені дұрыс болар еді. Әйтпесе, төменгі жақтағы шенділер жоғарғы жаққа қандай «тамаша» есептер беретінін бәріміз де білеміз  ғой.

«Саясат – экономиканың жинақ­талған көрінісі» деген сөз бар. Олай болса, ағымдағы ең басты саяси құжаттан жұрт, ең алдымен, экономикада қорда­ланып қалған басты сауалдарға президенттің жауабын күтеді. Бағаның шарықтап өсуі, теңгенің құнсыздануы, жалақының мардымсыздығы, жұмыс­сыздықтың өршіп кетуі, әлеуметтік мәселе­лердің өз шешімін таба алмауы секілді проблемалардың шешу жолдарын президент нақтылай түседі деген үмітте жадап-­жүдеп  қалған  жұртшылық.

Тиісті заңдарды дер кезінде қабылдай алмай, қабылданған заңдардың бұлжытпай орындалу барысына жөнді бақылау ұйымдастыра алмаған Парламент пен президент тапсырмаларын тиісті дәрежеде орындамаған Үкіметке және аймақ басшыларына осы Жолдауда мемлекет басшысы лайықты әрі нақты баға беріп, толғағы жеткен кадрлық шешімдер қабыл­дауын  күтеді  алаңдаған  ағайын.

Бастамасы  көтерілгеніне алты жылдан асқан Жаңа Қазақстан құру ісін ескі Қазақстаннан әбден запы болған қоғам бірауыздан қолдағаны рас. Ол қолдау әлі де бар. Алайда, ең өкініштісі, сол көңіл күйге көлеңке түсіре бастаған жайттар да жоқ  емес. Соның  ең бастысы – президенттің объективті және субъективті түрдегі оң, прогресшіл бастамаларының белгілі бір дәрежеде жүзеге аспауы. Оның себебі шенеуніктердің біліксіздігі мен мінезсіздігі ме, әлде қитұрқы саботаж ба, мен білмедім, бірақ  жағдай  сондай.

Меніңше, осы жағымсыз да ел болашағы үшін қауіпті үрдісті түбірімен жою жолдары да осы Жолдауда паш етілуі тиіс. Әйтпесе, атқарушы билікке деген сын мен нарызылық ертеңгі күні басқаша сипат  алып  кетуі  әбден  мүмкін.

Осы жолғы Жолдау 2026 жылға арналады. Ал келесі президент сайлауы 2029 жылға белгіленіп отыр. Олай болса, билік осы күннен бастап сол науқанға дайындығын жүргізе бастайтыны айтпаса да түсінікті. Өз басым бұл процесс барысында саяси өмірде, мемлекеттік басқару ісінде әлі де өз ықпалын жоғалта қоймаған амбициясы зор кландар мен топтардың бас билікке қол жет­кізу жолын­дағы тақталас қимыл-әрекеті күшейе түседі деп ойлаймын. Мәселен, кейбір БАҚ-та «келесі президент кім бола­ды?» деген сауалдар қойыла бастады. Мұның өзі алдағы аса жауапты науқанға алдын ала артиллериялық дайындық деп түсінуіміз керек шығар. Бұл жайттың бір қаупі бар: кландар билік үшін таласамыз деп, мемлекеттің негіздері мен мүддесіне өз кесірін тигізуі әбден ықтимал. Және де бұл талас-тартысқа Қазақстанға көз алартқан сыртқы күштер де құпия түрде араласуы ғажап емес. Меніңше, президент  осы  жағын  да  ескеруі  тиіс.

Сыртқы саясат тақырыбына келсек, қазіргі алмағайып, әлемдік архитек­тура күрт өзгеріп, геосаяси күштер қайта құрылып жатқан тұста Қазақстан халық­аралық алаңда арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, өз орны мен әлеуетіне сай жан-жақты саясат ұстанып келеді деп айтуға болады. Жолдауда сол бағыт қуаттала  түсері  хақ.

Болжамым мен қалауым осы, ал қал­ғанын  8  қыркүйекте  көре  жатармыз.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: