Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Құстар әні» Бішкек аспанын тербетті

25.08.2025, 8:55 176

HALYQLINE.KZ

Тамыз айының 21-22-сі күндері Бішкекте айтарлықтай ыстық болып тұрды. Бұған екі мемлекеттің басшыларының кездесуі де өзінше әсер еткен болу керек. Көшелерде Қазақстан мен Қырғыз елінің мемлекеттік жалаулары, Қазақстан басшысының суреттері ілінген. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың арнайы шақыруымен Қырғыз еліне ресми сапармен келген-ді, әлгіндей құрмет соған арналған. Игілікті жайт – жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік туды. Қырғыз елі соңғы жылдарда халық шаруашылығында айтарлықтай өсу қарқынын көрсетіп келеді. Тек биылғы жылдың басынан бері экономика 11,7 пайызға өскен. Қырғызстан халқының саны 7,5 млн-ға жақындады. Қырғызстанда Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды.

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады. Аруақтарға мұндай құрмет делегация мүшелерінің де көңілінен шықты.

Сондай-ақ Тоқаев пен Жапаров Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Достықтың алтын көпірі» атты ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты, игі де ізгі пікірлерімен бөлісті.

«Мұны екі ел бауырластығының айқын көрінісі және қырғыз халқының қазақ жұртына деген айрықша құрметінің белгісі деп білеміз» деп бағалады Қазақстан мемлекет басшысы. Өте сәтті жасалған монументті қаламгер қауымның өкілі ретінде біз де атап өткенді жөн көрдік.

Көрші елге сапар аясында әйгілі композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлқисса» атты концерт те Бішкектің өнер сүйген қауымының көңілінен шықты. Алматы облысы ұйымдастырған өнер мерекесіне «Сазген», «Құлан саз» ансамбльдері, «Салтанат» би ансамблі қатысты. Опера театрында аншлагпен өткен концертте орындалған Нұрғисаның бірнеше шығармасына қызы Дінхзухра Нұрғисақызы дирижерлік етті. Әйгілі композитордың «Әлқисса», «Махамбет» сияқты күрделі шығармаларына талантты күйші, дирижер Нүркен Әшіров дирижерлық жасады. Шын мәнінде Нұрғисаның орнын басатын жас толқын үлкен үміт күттіреді. Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектің қайталанбас өнері де қарсы алушы жақты таңдай қақтырды. Нұрғисаның әйгілі «Құстар әні» де Бішкек аспанын сиқырлы сазымен ұзақ уақыт тербеп тұрды.

Ғасырлар түкпірінен жалғасқан қазақ-қырғыз достығын паш еткен Бішкектегі Нұрғиса ағамыздың 100 жылдық тойы келген жұртқа, көрген жұртқа қайталанбас ғажайып әсер сыйлады. Бұл жолы қырғыз меймандостығының ұлы мысалына куә болдық. Делегация құрамындағы сайдың тасындай қайраткер қыз-жігіттер сахнадағы өнер тұлғаларына аянбай қолдау көрсетті. Іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырған Алматы облыстық әкімшілігіне, облыстық мәдениет басқармасына, осы басқармаға жетекшілік етіп жүрген Данияр Әлиевке жұрт зор алғысын жаудырып жатты.

Сөз жоқ мұндай сапарлар екі елдің достығы мен бірлігін нығайтады.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

(Әлеуметтік желідегі парақшасынан)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: