50 жыл бұрын Кеңес Армиясына Арал мен Қазалыдан шақырылғандар, яғни ДЕМБЕЛЬ-77-лер бас қосты.
1975 жылдың 20 мамырында КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығына байланысты, көктемгі әскери шақыруға военкоматтан повестка алған Арал ауданынан 55 жігіт, Қазалы ауданынан 55 жігітті Грузия КСР-нің Кутаиси қаласындағы КСРО ішкі әскеріне қарасты №6503 әскери бөлімге келіп орналастырды. Бұл әскери бөлімдегі 9 рота, осындағы 9 зонаны күзетеді екен. Әр ротаның өз міндеті бар, комендаттық рота, авторота дегендей.
Алты айдан соң біздің жерлестерді жан-жаққа оқуға жіберді. Оқудан келген соң, жігіттерден осы Грузия Республикасының құрамындағы Абхазия автономиясының Гели қаласына жақын жердегі Сида поселкесіндегі зонада 3 рота болса, Цулукидзе қаласындағы зонада 6 рота болды. Бұл зонадағы зектердің басты міндеті плантациядағы шай жапырағын жинау үшін 9-10 зектер бригадасы шығады. Әр бригаданы 2 солдат пен 1 сержант күзетеді. Сонда әр бригадада 30 түрмешік бар, сонда оларды күзетуге 30-ақ солдат шығады. Тәртіп қатал, қашпақшы болған зектерді атуға құқық берілген. Таңғы ас пен кешкі ас зонада беріледі. Түскі ас шай алқабының басында беріледі, күзетшілерге бөлек әкелінеді.
Талай төтенше жағдай да болды, оны бұл жерде айту артықтау болар. Ең бастысы, екі жылды артқа тастап, әскери міндетін адал орындаған жігіттер, яғни Дембель-77-лер Арал мен Қазалыға аман-есен қайтты.
Арада жарты ғасыр өткесін іргелес жатқан Арал мен Қазалы жігіттері, осы әскерге шақырылған 50 жылдығымызға байланысты бас қоссақ деген ойды қазалылық досым әрі қызметтес болған Амантай Сарсенбаев ортадағы чатқа салып, жігіттердің талқысына тастады. Екі ауданның жігіттері бірден қолдады. Ұйымдастыратын топ та құрылды. Инабат Ерліхан ерлеп, бейнебаян шығарды. Көмектес Боранбаев пен Мейірімхан Шорабаев жан-жаққа хабар жіберіп, қаражат жинауға кірісіп кетті.
Осы іс-шараны ұйымдастыру барысында 110 жігіттің 36-сы бақилық болғаны белгілі болды. Басқосуға отыз шақтысы қатысатын болды, қалғандары денсаулығына байланысты қатыса алмайтын болды, не дегенмен жастары 70-ке келіп қалды ғой. Кейбіреулердің отбасында өтетін той мен т.б. жағдайларға байланысты келе алмайтын болды.
Міне, асыға күткен 2025 жылдың 14 тамызы күні вокзал түбіндегі бұрынғы теміржолшылар клубының жанында бас қосты. Арада жарты ғасыр өткен соң, бір-бірін әрең танып жатты. Алдымен «Халық» мешітіне барып, осы күнге жете алмаған қарулас достарына құран-қатым жасады.
Арал мен Қазалы ауданы бойынша осы кездесуді көре алмаған марқұм болған жігіттер:
1. Қалас Шамшаұлы.
2. Мақамбетқали Шымбергенұлы.
3. Орақ Әбдірашұлы.
4. Есқали Рүстемұлы.
5. Әбен Үсенұлы.
6. Мақсұт Әбжаппарұлы.
7. Болат Мақанұлы.
8. Жетпісбай Қайырбайұлы.
9. Сағдан Тасболсынұлы.
10. Мырзаш Исаұлы.
11. Зейнулла Алдашұлы.
12. Зейфулла Қанибайұлы.
13. Қаратай Орынбасарүлы.
14. Серік Нұрадинұлы.
15. Қуаңбай Сисенұлы.
16. Жеткерген Әміржанұлы.
17. Жаңғазы Мылтықбайұлы.
18. Жұмағұл Жұбанышұлы.
19. Шыңғыс Қожамұратұлы.
20. Тілепберген Ағыленұлы.
21. Темірбек Қартабайұлы.
22. Қарабас Ембергенұлы.
23. Жомартбай Әбділманұлы.
24. Кемаль Абдуллаұлы.
25. Мырзатай Әбжанұлы.
26. Қылышбек Әбимолдаұлы.
27. Бүркіт Жалғасұлы.
28. Жетпісбай Нұрниязұлы.
29. Таңжарық Есмағанбетұлы.
30. Болатбек Оразалыұлы.
31. Сәпи Сүлейменұлы.
32. Құспан Ераліұлы.
33. Нұрылда (Райхан) Келдібайұлы.
34. Бақберген Құдайбергенұлы.
35. Жақсыбай Байділдаұлы.һ
36. Сайлаубай Ұзақбайұлы.
Мешіттен шыққан соң Жанқожа батыр кесенесіне барып тағзым етіп, тағы да Құран аяттары оқылды. Жанқожа батыр ескерткішіне де тағзым жасады. Сосын жаңадан жасақталып ашылған паркті аралады
Сонымен кеш түсе бастағасын «М-БАЙ» кафесінде бас қосты. Ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Қаруластардың айтары өте көп екен. Алыстан келгендер үшін үй жалдап қойған еді. Сағынышға толы әңгіме-дүкен дастарқан басында қайта жалғасын тапты. Таң атқанын да байқамай қалды, 1-2 сағат көз шырымын алу өте қажет екенін бәрі де түсінді.

15 тамыз күні азанғы шайын ішіп алғасын, Қамбаш көліне аттанды. Ол жақта көлге түсіп, сыра, сусын ішіп, жақсы демалып, рақаттанып қайтты. Қазалыға келгесін жақын жердегілер таксимен, алыс қаладан келгендерді поезға қимастықпен шығарып салды.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі






Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!