Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылына бірер апта уақыт қалды. Осы сәттен-ақ ата-ананың ойлап, бас қатыратыны – бала-шағасын қуантып, мектепке жаңа құрал-жабдықтар мен мұнтаздай етіп киім алып беру. Иә, қыркүйек айы осы мектепке баратын оқушылармен қызық емес пе? Әр баланың жүзінен қуаныш, мектепке деген сағыныш, жаңа мұғаліммен танысуға асыққан оқушылардың болмысы ойымызға түрлі естелік алып келеді. Әсіресе, мектепке алғаш қадам басқалы отырған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары үшін бұл кезең – ерекше жауапты әрі толқу сәті.
Хош. Оқу жылы жақындаған сайын базарлар мен сауда орындарында адам қарасы көбейеді. Ал балаларын қолынан жетектеген қарапайым халықтың баратын жері ең алдымен базар екені анық. Себебі мұнда таңдау көп, баға әртүрлі, саудаласуға да мүмкіндік бар. Осы тұста біз де көпшілікпен бірге базар аралап, бағаларды бағамдап, мектепке дайындық қаншалықты қалтаға салмақ салып жатқанын өз көзімізбен көруге тырыстық. Сонымен, қалтасындағы қаражаты жеткенше ата-аналар базардың әр бұрышын шарлап, арзанын іздеуде. Өйткені қымбатшылық қалта қағып, саудагерлердің көзін ақша байлап барады. Жұрт «бағаны көріп, жүрек ұшты» дейді. Сондықтан ата-аналар баласының киімі мен құрал-жабдықтарын түгендеп алу үшін саудаласып, кейде сападан бұрын бағаға қарай таңдау жасап жатыр. Бұл – қазіргі халықтың шынайы халі.
БІР БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАУ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Апта ортасында-ақ қалада қозғалыс күшейе бастайды. Бірақ базардың нағыз қызған шағы – жұма мен сенбі. Оқу жылына ерте қамданатын базар сатушылары таңертеңімен сауда орындарын ашып қояды. Себебі бұл күндері алыс-жақын ауылдан келген ата-аналар жанұяларымен жаппай ағылатынын біледі. Қапырық ыстыққа қарамастан, жетектеп алған 3-4 баласымен базар аралаған ата-аналар оқу жылына қажетті құрал-жабдықты, киім-кешекті түгендеп әлек.
Қазіргі уақытта базарлар жаңарып, сөрелері сан түрлі мектеп формаларына толған, іздегеніңді әп-сәтте-ақ табасың. Оның үстіне сауда нүктерлерінің саны артқан деуге болады. Қалтаңыздағы қаражатқа қарай көсіліп, таңдап ала бересіз.
Сонымен, базардың бір бұрышында мектепке арналған киім-кешек жайын қызу талқылап тұрған ата-ана мен саудагерді көзіміз шалып қалды. Қолындағы бағасы аса ұнамаған мектеп формасын қайта-қайта аударыстырып тұрған келіншектің қасына жақындап, «қаншаға беріп жатыр?» деп сұрадық. «Мына костюмді 28 мың дейді. Онда да матасы жұқа» деп келіншек ұнатпай тұрған секілді. Ол ортаншы сынып пен енді ғана мектепке баратын үш баласына мектеп формасын, аяқкиімін, сөмкесін түгендеуге тырысып жүр екен.
— Бір жерден саудаласып, бағасын түсіріп, барлық баламды бірден киіндіруге тырысып жатырмыз. Бірақ, сонда да бағасы шарықтаған мектеп формалары қалтамызға ауыр тиіп не бағасына сай сапалысы табылмайды. Мата жұқа, тігісі нашар. Ал баланың киімі бір маусым емес, жыл бойына шыдауы керек. Амал жоқ, басқа орындарды да қарап жүрміз. Бірақ, базар аралаудан шаршайсың, бір күнің кетеді. Ақша санаудан бұрын, уақыт пен жүйке кетеді, — дейді Ләззат есімді келіншек жүрекжарды сөзін жасыра алмай.
Расында да, қазіргі кезде бір баланы мектепке дайындау шағын той жасағанмен бірдей-ақ болып қалды ғой. Себебі, базарда қыз бен ер балаға арналған мектеп формасының өзі 20-35 мың теңге көлемінде болса, ақ көйлектің бағасы 7-10 мың теңге шамасында сатылуда. Бұл ең сапалысы деген киім-кешектің бағасы десек, бұдан да арзан не қымбаты да бар. Алайда арзанын алсаңыз, сапасы көңіл көншітпейді, ал қымбаты қалта көтермейді. Екі-үш жейдені кезекпен киетін баланың ата-анасы үшін бұл – қомақты сома. Базарды аралап жүріп сөмке мен аяқкиімнің де жайы мәз емес екенін байқадық. Балаларға арналған қарапайым, тіпті былтырғы үлгідегі сөмкелердің өзі 5 мың теңгеден төменге табылмайды. Ал сәл көзге көріктісі мен берік материалы барлары 10-15 мың теңгеге дейін барады. Аяқкиімнің жыры тіпті бөлек. Бір жағынан баланың аяғына ыңғайлысын, екінші жағынан ұзақ киетін сапалысын іздесеңіз, бағасы 10 мың теңгеден жоғары тұрады. Әрі жазғы, күздік, спорттық деп бөліп алсаңыз, бұл шығын үш есе артады. Спорттық киім де – салмақты шығын. Мектеп формасы, сөмке, аяқкиімдерден кейінгі кезек – спорттық киімде. Базарды аралай жүріп, спорттық киімдердің де бағасы көңіл қуантпайтынын байқағандай болдық. Түрі мен сапасына қарай спорттық киімдер 18-20 мың теңгеден басталатынын айтқанда, бағаны естіген ата-ана сол сәтте ойланып қалып жатты. Қалтадағы ақшаны есептеп, артық шығыннан қашып, спорттық киімді кейінге шегеруге тырысып әлек. Сонда орта есеппен бір балаға 80-100 мың теңгеге мектеп киім-кешектерін алуға болады екен.
Ал базар сөрелерінің ар жағында тұрған саудагерлердің көңілі мүлде бөлек. Қай-қайсысы болмасын, жаңа оқу жылы қарсаңында сауда жүретінін жақсы біледі. Сондықтан тауарын қалай да өткізіп, маусымдық табыстан құр қалмауға тырысады.
— Халық келіп жатыр, бірақ бәрі саудаласады. Біз де бағадан бір-екі мың теңге түсіреміз, дегенмен де өзіміз арзан әкеліп, тым қымбат сатып отырған жоқпыз. Киімнің көбін Түркия мен Қырғызстаннан әкелеміз. Жолақысы, жалдау ақысы, салық бәрі қымбаттағандықтан, соған сай баға да өсіп отыр, — дейді саудада 10 жылдан аса тәжірибесі бар Алия Қажығалиқызы.
Десек те, кей сәттерде тауарды қымбатқа өткізуге тырысып, тұтынушының қалтасын аңдыған саудагерлердің де пиғылы байқалып қалады. Әсіресе, баласын алғаш оқуға дайындап жатқан ата-аналардың тауар бағасы мен сапасын салыстыруға тәжірибесі жетпей жататыны бар. Мұны кейбір пысықай сатушылар тиімді пайдалануға тырысады.
Мектеп формасынан кейін, бағытымызды кеңсе тауарларын сататын дүкен-дүңгіршектерге бұрдық. Оқуға керек құралдардың түр-түсінен әбден шатасасың. Тіпті, қарапайым дәптерлердің де түрі мен сапасына қарай, лайықты бағалары да қойылған. Бір қарағанда, арзан көрінуі мүмкін. Мәселен, қарапайым 12 беттік дәптердің бағасы 15 теңгеден басталып, сапасы мен суретіне қарай 40-50 теңгеге дейін барады. Қаламсаптар 50-150 теңге аралығында. Ұштағыш, өшіргіш, түрлі түсті қарындаштар, сурет дәптері, кітап-дәптер қаптары, сызғыш, желім бәрі бір-бірден алғанның өзінде бірнеше мыңға шығады. Кей заттардың бағасы өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өзгермегендей көрінгенімен, қазіргі уақытта бір балаға толық оқу құралын алу үшін кемі 30-40 мың теңге жұмсалатыны анық.
— Білім тегін болғанымен, мектепке дайындық өте қымбат. Ата-ана ретінде балаларымның ешнәрседен кем болмағанын қалаймын. Бірақ биыл базардың қымбатшылығынан қалта көтермей жатыр. Былтыр екі балама басынан аяғына дейін барлық керек-жабдық, киім-кешектеріне 200 мың теңгедей қаражат жұмсап едік. Биыл тағы бір балам мектеп табалдырығын аттайтын болғандықтан, шығын екі еселеніп жатыр. Өткен жылғыдан қалған киім-кешектер ескіріп кетті, сондықтан бәріне жаңасын алуға мәжбүрміз, — дейді қала тұрғыны Мөлдір Қазыбекқызы.
БІР ФОРМА – МЫҢ УАЙЫМ
Жыл сайын мектеп формаларына өзгерістер еніп, жаңа форма үлгілері шығуда. Оның дизайны мен түсін таңдайтын мектеп басшылығы барлық оқушыға киюге міндеттейді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың шама-шарқы бұндай өзгерістерге жете бермейді. Мемлекет тарапынан «Мектепке жол» секілді әлеуметтік қолдау бағдарламалары бар болғанымен, оның көмегі барлық мұқтажды толық жауып отыр деп айту қиын. Биыл мектеп формасы мен құралына деп әр балаға 46 228 теңге көмек қарастырылып, «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында еліміз бойынша 500 мыңнан астам оқушының есепшотына қаржы аудару жоспарланған, ал облыс бойынша 40 мыңнан астам бала қамтылып отыр. Бұл мақсатқа 22,2 миллиард теңге бөлінген. Алайда бұл көмек барлық ата-анаға бірдей берілмейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл қаражат жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға ғана бағытталады. Бұл, шын мәнінде, мұқтаж жандар үшін елеулі көмек.
Айта кету керек, 2025-2026 жаңа оқу жылында аймақ бойынша 17 423 оқушы 1-сыныпқа қабылданған. Бұл соңғы үш жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш десек болады. Оқушы санының күрт өсуі білім саласына жүктемені арттырса, ата-аналар үшін мектепке дайындыққа кететін шығынның да еселенуімен тең. Осы тұста, білім басқармасының да жүргізетін тыңғылықты жұмыстары да маңызды.
— Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өңірдегі 300 мектептің кіреберісіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығына сәйкес, мектеп формасының талаптары бейнеленген тақтайшалар орналастырылып, ата-аналармен байланыс үшін ашылған 7 мыңға жуық ватсап чаттар мен білім беру ұйымдарының әлеуметтік парақшалары арқылы жадынамалар жолданды. Одан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласы мен барлық ауданда қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитетінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, мектеп формасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мектеп формасын сақтау – білім беру ұйымдары үшін маңызды талаптың бірі. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату, қоғам өкілдерін тарту және жауапты тұлғаларды бекіту – бұл мәселені жүйелі түрде шешуге бағытталған тиімді қадамдар. Базардағы оқу құралдары мен оқулықтар бағасына мониториг жұмыстары білім басқармасы тарапынан жүргізілмейді. Ал мемлекеттік білім беру ұйымдарында мектеп оқулықтары жергілікті бюджет есебінен толық қамтамасыз етіледі, — деді Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Қанатов.
Биылғы оқу жылында мектептер ақ және қара түсті мектеп формасын таңдады. Оның үлгісі мен түсі ата-аналарға алдын ала түсіндіріліп, талаптар дер кезінде жеткізілді. Ендігі кезекте ата-аналардың міндеті – осы талапқа сай форманы баласына алып беріп, оны мектепке толық дайын күйде жіберу. Алайда, бұл талапты орындау әр отбасыға бірдей оңай емес. Қазір базарларда қаптаған ата-аналар арзан, қолжетімді форма іздеп, бұрыш-бұрышты жағалап жүр. Ал арнайы тігін шеберханаларында тіктіретін болса, бағасы бала басына айтарлықтай қымбат шығады. Сол себепті, көп ата-ана базарды, сауда орындарын аралап, бағасы мен сапасын салыстыруға мәжбүр. Осындай кезде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік көмек – кей отбасылар үшін үлкен жеңілдік. Бірақ мемлекеттен бөлінетін қаражат пен оқу құралдары ата-ананың қалтасынан қаржы шығармай қоймайды. Бала-шаға қамы үшін аптап ыстықта, демалыс көрмей еңбек етіп жүрген ата-аналар тапқан табысын қымбатшылыққа жеткізе алмай, тығырыққа тіреліп отыр. Базарда баға шарықтап тұр. Көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін бұл жағдай тіптен ауыр. Бірақ мектеп формасы – талап. Сондықтан ата-ана не істейді? Қалайда талабын орындауға тырысады. Ал сіз балаңызды жаңа оқу жылына дайындап үлгердіңіз бе?
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!