Арал – толқыны тарихтан сыр шертетін, топырағы тағдырлы мекен. Бүтін бір ұлттың экологиялық, әлеуметтік жадын бойына сіңіріп жатқан ерекше аудан. Бір кезде теңіз тартылып, тіршілігі тұралаған бұл өңір қазір тіршілік тынысын қайта сезініп келеді. Инфрақұрылым, экология, әлеуметтік даму сынды маңызды бағыттарда нақты қадамдар жасалуда.
Осындай өзгерістер турасында Арал ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылған еді. Мақсат – жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын, даму мен түйткілдің шынайы көрінісін тілшілер назарына ұсыну. Жолсапар барысында аудан көлеміндегі тындырымды тірліктерге куә болдық.
ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Арал ауданындағы өңірлік медицина сапасын көтеру – статистикалық өсіммен қатар, нақты құрылыс, жүйелі қызмет, әлеуметтік жауапкершілік. БАҚ өкілдері сапарын алғаш болып аудандағы орталық көпбейінді ауруханадан бастады. Мұнда бүгінде екі бірдей маңызды нысан бой көтеріп келеді: бірі – 40 төсектік қосымша ғимарат, екіншісі – 25 орындық жұқпалы аурулар бөлімі.
Жаңа корпуста болашақта кардиология және инсульт бөлімшелері орналасады. Бұл – халық денсаулығы үшін жасалған маңызды қадам. Себебі, өткен жылдан бері тек кардиология саласының өзінде 800-ден астам науқас емделсе, инсульт бөлімінде 450-ге жуық адам оңалтудан өткен. Заманауи аппараттармен жабдықталатын ғимаратта алғаш рет МРТ мен ангиограф орнатылғалы тұр. Атап өту керек, бұрын-соңды аты аталған құралдар ауданда мүлде болмаған. Осының нәтижесінде, ауыр науқастарды облыс орталығына жібермей-ақ, дер кезінде диагноз қойып, тиісті емді өз жерінде жүргізуге мүмкіндік тумақ.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Кемалованың айтуынша, әсіресе эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз кезеңде жұқпалы аурулар бөліміне деген сұраныс артқан. Жыл сайын тіркелетін ЖРВИ мен ішек инфекцияларының күрт өсуі бұл мәселені кешіктірмеуді талап етеді екен. Қазіргі уақытта 670-ке жуық науқас ем алып шыққан бұл секторда нақты оқшаулау, дер кезінде диагностика, мамандандырылған ем басты назарда тұр.
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА – ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ
Баспасөз туры аясында тілшілер Аралдағы тағы бір әлеуметтік маңызды нысан «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығының құрылысына да барды. Қазіргі сәтте мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесі алаңдатарлықтай. Ерекше балаларды ел қатарына қосу үшін бұрынғы туберкулез диспансері ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Екі блоктан тұратын жаңа оңалту орталығы биылдан қалмай тамыз айында пайдалануға берілмек. Мұнда Арал тұрғындарымен қоса, Қазалы және Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан келетін ерекше балаларға тегін оңалту қызметі көрсетіледі.
Мәліметтерге сүйенсек, аудан бойынша қазіргі уақытта ресми тіркелген 442 мүмкіндігі шектеулі бала бар, олардың ішінде 93-і ДЦП диагнозымен, 35-і тіл кемістігімен өмір сүріп келеді. Жаңа орталықта мұндай балаларға тек медициналық емес, психологиялық және әлеуметтік бейімдеу шаралары да ұсынылады.
– Орталықта балаларға арналған шунгит және тұз бөлмелері, сенсорлық аймақтар, жарық пен дыбыс арқылы ынталандыратын интерактивті кеңістік, гидромассажды ванналар мен бальнеотерапия секторы, ЛФК залы, эрготерапия кабинеті мен физиотерапиялық құрылғылар қарастырылған. Сонымен қатар, механотерапия, яғни бұлшықет пен буындарды арнайы құрылғылармен қалпына келтіру де жүргізіледі, — деді Гүлмира Кемалова.
Жобалар аясында жұмыс атқарып жатқан мердігер – «СМП-Қызылорда» ЖШС. Қос нысан да биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне берілуі тиіс.
АРАЛДЫ АМАН САҚТАУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ – ГЕОПАРК
Баспасөз туры барысында тілшілер Арал теңізінің табанын экологиялық тұрғыда қайта жандандыруға арналған «Арал геопаркі» жобасымен де танысты. Арал апатының жаһанға мәлім экологиялық қасірет екені бәрімізге белгілі. Жарты ғасырдан астам уақытта теңіз тартылып, айнала шөлге айналды. Бұл – табиғи тепе-теңдік пен халық өміріне зор зиянын тигізген тарихи трагедия десек, артық айтқанымыз емес. Енді осы шөлденген кеңістікті экотуризм мен ғылымның игілігіне айналдыру бастамасы қолға алынуда.
Геопарк жобасы – Арал өңірінің екінші тынысын ашатын, табиғат пен қоғам арасындағы жаңа байланыс үлгісі. Жоба шеңберінде теңіз табанында орналасқан 35-тен астам геологиялық, тарихи және мәдени нысан тіркеліп отыр. Олардың қатарында «Барсакелмес» қорығы, «Ұлықұм» құмы, «Көкарал» бөгеті, «Ақсай» каньоны және теңіздің су астында қалған орман алқаптары бар.
Жоба әзірге пилоттық деңгейде жүзеге асуда. Негізгі мақсат – ЮНЕСКО геопаркі мәртебесін алу. Бұл үшін ғылыми негіздеме, инфрақұрылым мен геобрендинг талаптары кезең-кезеңімен орындалуда.
АРАЛДА КІР ЖУҒЫШ ҰНТАҒЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Баспасөз турының келесі бағыты Арал қаласында ашылған жаңа өндіріс орны болды. Жергілікті кәсіпкер Жұбаныш Аманжолов іргесін қалаған бұл зауыт кір жуғыш ұнтақ шығарады. Ерекшелігі сол, кәсіпкер тек қаржы салып қана қоймай, шетелде алған кәсіби білімін де іске жаратқан.
Былтыр ғана тіркелген «ASE Invest» ЖШС бүгінде импорт алмастыру бағытына бет бұрған отандық өндіріс ретінде таныла бастады. Статистикаға сүйенсек, қазақстандық нарықтағы кір жуғыш ұнтақтың 97 пайызы – шетелдік өнім. Жұбаныш Аманжолов осы олқылықтың орнын толтыру үшін нақты іске көшкенін айтады.
– Өндірістің қыр-сырын тереңірек түсіну үшін түрік серіктестермен бірлесе жұмыс істедім. Шетелде оқып, технологияның барлық кезеңін меңгеріп шықтым. Түркия мен Германиядан арнайы блендер, орау құрылғылары, компрессор сатып алып, зауытты іске қостым, — деді ол.
Жобаның жалпы құны – 320 миллион теңге. Оның 150 миллионы «Даму» қоры арқылы жылдық 8 пайыздық жеңілдікпен берілген несие есебінен қаржыландырылған. Бұл өндіріс Аралдағы жұмыс орындарының көбеюіне де ықпал етіп отыр.
Жуырда кәсіпкер елордада өткен «Ұлттық өнім» көрмесіне де қатысып, өз өнімін көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, мұндай алаңдар брендті танымал етіп ғана қоймай, іскерлік байланысты арттыруға да мүмкіндік береді.
Кәсіпкер жуырда ылғалды майлық шығаратын жаңа цех ашуды да көздеп отыр.
ЖАҢА МЕКТЕПТЕР ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА ЖАН БІТІРМЕК
Биылғы жылы Арал ауданында білім беру саласында нақты әрі игілікті қадамдар жасалып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бірнеше елді мекенде жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл – тек әлеуметтік нысан емес, сонымен бірге болашаққа жасалған инвестиция, шалғай ауылдарға жан бітіретін тірек.
Мәселен, Сексеуіл кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысшылар бүгінде нысанның сыртқы монтаждау жұмыстарын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Мердігер компания өкілдері бұл мектепті тамыз айының соңына дейін тапсырып, жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарда бар екенін айтады.
Мұнымен қоса, Мергенсай ауылдық округінде 150 орынға арналған жаңа мектеп салынуда. Жалпы құны – 2 млрд 333 млн теңге. Қазір құрылыс алаңындағы қарқын бәсең емес. Бұл ауыл аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Сол себепті де аталған білім ошағының маңызын аудандық білім бөлімі басшысы ерекше атап өтті.
– Мергенсай елді мекенінде жаңа мектептің салынуы біздің ұстаздар қауымына жасалып отырған үлкен құрметтің, үлкен мейірімділіктің көрінісі деп білеміз. Өйткені аталмыш ауыл аудан орталығынан алыс орналасқан. Қазір мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр, — деді Арал ауданы білім бөлімі басшысы Санира Жанназарова.
Бұдан бөлек, демеушілер есебінен Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің жанынан қосымша екі оқу корпусы салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу.
Ал Арал қаласындағы төрт мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, 1910 жылы іргетасы қаланған №14 мектептің бастауыш сынып ғимаратына мемлекет тарапынан 441 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, №177, 62, 263 мектептерге 141 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жалғасуда.
АҚБАЙ АЛҚАБЫНДА ЕГІН НАУҚАНЫНЫҢ ҚЫЗҒАН ШАҒЫ
Тілшілер табан тіреген келесі ауыл – Ақбай. Ақирек ауылдық округіне қарасты елді мекен өз өнімдерімен өңір жұртына жақсы таныс. «Дәмін татқан мақтайтын, қауындары-ай Ақбайдың» деген тіркес осы ауылдың атымен тығыз байланысты.
Бүгінде ауыл еңбеккерлері егін жинау науқанын қызу қарқынмен жүргізіп жатыр. Егіс алқаптарында қарбыз, қауын, қызанақ және басқа да бақша, көкөніс өнімдерін жинау жұмыстары басталып кеткен. Биылғы жылы күн райының қолайлы болғаны мен диқандардың қажырлы еңбегі өз жемісін беріп отыр – өнім мол, сапасы да көңіл қуантарлық.
Жиналған өнімдер алдымен аудан орталығына, одан әрі облыс көлеміндегі тұтынушыларға жөнелтілуде. Ақбайдың бақшалық өнімдері сұранысқа ие болғандықтан, жергілікті нарықтағы негізгі азық-түлік легінің бір бөлігі осы ауылдан жеткізіледі.
Жергілікті агроөндірушілердің айтуынша, соңғы жылдары ауылда шаруашылықты ілгерілетуге деген ынта жоғары. Алдағы уақытта су тапшылығы сынды мәселелер шешімін тапса, өнім көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.
ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ – БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Жалпы, Арал балығымен белгілі емес пе? Теңіз тартылса да, балықты өсіру мен өңдеуді Арал жұрты бес саусағындай біледі. Сыр журналистері бұған Аманөткел ауылы жанындағы «Арал Рыбторг» зауытында куә болды. Жалпы аумағы 15 гектарды құрайтын су қоймасында сазан, дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтар өсірілуде. Өткен жылдың көктемінде Қарағандыдан жеткізілген 7,7 миллион шабақ жаңа ортаға тез бейімделіп, бүгінде олардың бір бөлігі басқа тоғандарға жіберіліп, қалғаны дайын өнім ретінде саудаға шығарылған.
Қазіргі уақытта мұнда 100 мыңнан астам балық бар. Олар Сырдариядан тартылған таза суда өсіп, сапалы жеммен қоректенеді. Тоған тереңдігі төрт метрге жетеді, бұл ыстық күндері су салқындығын сақтап, балықтар үшін қолайлы орта қалыптастырады.
«Арал Рыбторг» ЖШС-ның бас маманы Ержан Смағұловтың айтуынша, бір балықтың 1 келі салмаққа жетуі үшін шамамен бір жыл уақыт қажет. Қазіргі сәтте балықтардың көбі 500 граммға дейін өскен. Негізгі жем ретінде арпа мен бидай қолданылады. Әсіресе бидай салмақ жинауға көмектесетін негізгі азық түрі ретінде ерекшеленеді. Күн сайын бір тоннаға дейін жем жұмсалады. Алайда, уақыт өте келе қолданыстағы акватория балық санына тарлық ете бастады.
– Алдағы жылы мемлекеттік қолдаудың көмегімен қосымша жер телімін алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жаңа тоғандар салуға мүмкіндік береді. Болашақта жылына 300 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отырмыз, — дейді маман.
Бұл өңірдегі балық шаруашылығының өркендеуіне серпін береді.
ТҮЙІН. Бүгінгі Арал – кешегіден өзгеше. Тұрғындардың тұрмысын тіктеу, өңірдің әлеуетін арттыру бағытындағы жобалар өміршең сипатқа еніп келеді. Балық шаруашылығы мен инфрақұрылым салаларындағы бастамалар біртіндеп нақты нәтижеге ұласып жатыр. Осылайша бір топ тілші ел сенімі мен мемлекеттік қолдаудың ұштасқан көрінісіне куә болдық. Баспасөз туры барысында көз жеткені – Аралдың бағыты айқын, тіршілігі тың қарқынмен алға басып келеді.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ




Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!