Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда тегеурінді талап пен тың бастамалар арқылы құлпыра түседі

23.07.2025, 15:20 662

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

«Ақиқаты сол, Қызылорда қаласының тұрғыны болғанымызға 10 жылдан асты. Бәрін бір адамдай бағамдап, бағдарлап жүрміз. Қаламен бірге тыныстап, жетіліп, көгеріп-көктеп, өсіп-өніп келеміз. Кем-кетігін жетістікке айналдыруға тамшыдай болса да, өз үлесімізді қоса бермекпіз. «Қызылорда – таза қала. Зәулім ғимараттар салынып, абаттандырылып, көркейіп келе жатыр». Мұны қазір Ақмешіттің көшесінде кетіп бара жатқан екі адамның бірі ойланбастан айтады» деп 6 ай бұрын ғана тебірене жазғанбыз. Содан бері де көп нәрсе өзгерді. Оған Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың 6 айды қорытындылаған баяндамасында көз жеткіздік. Бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында шаһар басшысы Қызылордада жүзеге асқан маңызды жобаларға тоқталып, қаланың макроэкономикалық көрсеткішіндегі оң серпілістерді жіпке тізгендей баяндап берді.

Еске салайық, жыл басталғанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да Қызылорда облысына қатысты жақсы пікірін айтқан болатын.

– Облыс экономикасының өрлеуін айғақтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – бюджет көлемі. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бюджеті 790,4 млрд теңгеге жетіп, небәрі екі жылда 2,5 есеге артты. Бұл – даму қарқынының нақты дәлелі. Ал Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілсе, жартыжылдық қорытындысымен 144,7 млрд теңгеге (198%) жетіп, екі есеге артты, — деп сөз бастады Нұржан Ахатов.

Ел Президентінің, аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде облыс көлемінде барлық салада өсім қалыптасып отыр. Аймақтың негізгі капиталына 295,1 млрд теңге инвестиция тартылса, өсім 121,5 пайызға жеткен. Бұл өсімдерде облыс орталығы – Қызылорда қаласының да үлесі бар екенін айта кетейік.
І тоқсанда шағын және орта бизнес саласында 176,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылған. Бір ғана мысал, қалада алдағы бес жылдықта құны 467,1 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Түсіне білгенге мұның өзі – өте ауқымыды жұмыс.

– Өткен жылдан бері қаламызда шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалауда жалпы құны 1,05 млрд теңгені құрайтын екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС базасында азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдері өндірісі жолға қойылады.
«Қызылорда-нан» ЖШС 3,8 млрд теңгеге кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен салып жатыр. «Rem Plast Invest» ЖШС жылына 5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде, —
деді шаһар басшысы.

Ерекше айта кетерлігі, 5 млрд теңгеге салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты да іске қосылды, алғашқы өнімін шығарды. Жылына 90 млн кірпіш өндіретін зауытқа 70 адам жұмысқа орналасты. Ірі жобалар қатарында «Seven Rivers Bottlers» ЖШС-ның шыны ыдыс шығаратын зауыты (жылына 240 млн дана) бар.

Тағы бір маңызды жоба – испаниялық Roca Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт. Инвестиция көлемі – 70 млн еуро, онда 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар экологияны жақсарту, өндірістік қалдықтарды тиімді басқару және жасыл экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам саналады.

– Маңызды жобаның тағы бірі – мамыр айында Үкімет қаулысымен облыс орталығында көлемі 550 гектар болатын (авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар) жаңа арнайы «Қорқыт ата» экономикалық аймағы.

2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд теңгеге, оның ішінде шетелдік капитал 88 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд теңге болады деп күтілуде, — деп қоса кетті Нұржан Сәбитұлы.

Әлбетте, экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режим әрекет етеді, бұл салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Айта кету қажет, қаламызда бұған дейін де 1996 жылы арнайы экономикалық аймақ болған (1996 жылы 8 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы). Араға 30 жыл салып, тағы осындай тарихи сәтке куә болдық. Мұның өзі – атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

– Биыл барлығы 8 695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 3454 гектар. Көктемгі дала жұмыстарына 154 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан 269,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 3278 тонна (100%) тыңайтқыш және 3025 литр (100 %) гербицид сатып алынды. Бұл салада да ірі жобалар іске асуда, — деп нақтылай түсті қала әкімі.
Шыны керек, тұрғындардың ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі – баспана. Бұл тақырып күн тәртібінен еш түскен емес. Бірақ, шаһардағы құрылыс саласымен толық мақтануға болады. Жыл басынан бері пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 120 баспана табысталып отыр. Тұрғын үйлер Жаппасбай батыр көшесінде және Сырдария өзенінің Сол жағалауында орналасқан. Одан бөлек, биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жалғасады.

2025 жылы Сырдария өзенінің Сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына (400 пәтер) облыстық және қалалық бюджеттерден 2 млрд 886,4 млн теңге бөлінді.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға (2528 пәтер) 37,1 млрд теңге несие бөлінген. Қазіргі есеп бойынша қалада 75 тұрғын үй (66 көппәтерлі, 9 жеке жер үй) апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 617 отбасы тіркеуде тұр.

Жыл басынан тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға 135 пәтер табысталды. Алдағы уақытта да коммуналдық тұрғын үй қорынан бұл санатқа тұрғын үй салу жалғасатын болады. Осылайша, апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз, — деді Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов.

2025 жылы «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 9 млрд 027 млн теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал көлік инфрақұрылымын дамытуға 23,2 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын 64 жоба жүзеге асуда. Аспалы көпір (1,4 млрд теңге) аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту да қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірі пайдалануға берілсе, Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өтетін көпір жөнделіп жатыр. Ең маңыздыларының бірі Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы (жалпы құны – 4,7 млрд теңге, бөлінгені – 1,7 млрд теңге) жүзеге асырылуда.

– Қызылорданың спорт орталығына айналар күні алыс емес. Өйткені спортты жанына серік еткен қызылордалықтардың қатары артып келеді. Бұл, әрине, қуантады. Ол үшін де барлық жағдай жасалуда. Облыс әкімінің бастамасымен Халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион (20,9 млрд теңге) құрылысы аяқталуға жақындаса, 19 млрд теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Сол жағалауда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде, — деді Нұржан Сәбитұлы.

Қалай десек те, Қызылорда шаһарында атқарылған һәм жүзеге асуға жақын жұмыстар жетерлік. Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасының өзі неге тұрады? Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге.

Айтпақшы, Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі отырысты Сыр елінде өткізуді ұсынған еді. Мұны да тегіннен-тегін деуге болмайтындай.

Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: