Қалам мен қағазды серік етіп, журналистік жолда шыңдалған сырдариялық Балтабай Ордабековтың ақындығы барын көпшілік білсе, жазушылық қыры мен қабілетінен де оқырман хабардар. Көркем әдебиет жанрын жанына серік етіп, өмірде көрген, білген, естіген әңгімесіне қиял қосып қуаттап, сюжетін келтіріп жазу қалам ұстағанның бәрінің қолынан келе бермейді. Әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Аябекұлы өзінің тырнақалды туындысын жарыққа шығарды. «Руханият орталығында» «Әке – қорғаным» атты кітаптың тұсаукесер салтанаты өтті.
Өзі жақсы адамның жанына ізгі жақсы жолдас болмақ. Өзі көпшіл Балтабайдың сыйласатын ортасы да көп екенін бүгінгі кеш дәлелдеп бергендей. Руханият ордасына айналған орталықтың залына лық толған оқырман жаңа кітапты қолға алып, парақтауға асыққаны аян.
Салтанатты іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, республикалық «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы, аудандық редакция ұжымы мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен әріптесіміздің жақын-жуық, туған-туысы, анасы арнайы қатысты.

Жаңа кітаптың тұсаукесері әке мен бала арасындағы салмақты, мазмұнды әңгімеге, өсиетке негізделген прологпен бастау алды. Туындының тұсаукесерін Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп отырды.
Жаңа туынды «Әке – қорғаным» деп аталып, оған әңгімелер, мақалалар мен мөлтек сырлар, қысқа әңгімелер енгізілген. Жас қаламгердің тырнақалды әңгімелері көбіне өмірден алынған. Кітап материалдары «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясында теріліп, беттеліп, «ЖК Сыр медиа» баспаханасынан басылып шыққан. Төл туындының алғысөзін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер-журналист Сәуле Ерімбет, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, автордың ұстазы Аягөз Әбдіразақова және Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жазып, жас жазушыға сәт-сапар тілеген.
Кітап 5 бөлімнен тұрады. «Дала дүбірі», «Сезім сиқыры», «Перзенттік парыз», «Ең қысқа әңгімелер», «Өмір иірімдері» секілді тың тақырыптарды арқау еткен бөлімдерге автор өмірден алынған әңгімелерін топтастырады. Кітап редакторы – Ердос Сәрсенбекұлы.

– Кітапқа тақырып таңдарда ұзақ ойландым. Осыған дейінгі уақытта талай ұстаздың алдынан өтсем де, нағыз өмірдегі ұстазым әкем екен. Барлық өмірдің парқын түсіндіріп кеткен әкенің орнын ешкім баса алмасы анық. Кез келген бастамаға қолдау көрсетіп отыратын жанашыр жанның алыстап кете барғаны өкінішті. Бұл кітап жалпы оқырман үшін арналған. Өмірден теперіш көрген жандардың ғұмыры суреттеледі. Лирикалық әңгімелерді оқып, өзгеше хикаяларға қанығасыз. Сонымен қатар жазық даладағы небір тосын оқиға оқырманға жол тартады. «Ең қысқа әңгіме» бөлімінде айтатын ойымызды қысқа ғана қайырамыз. Ата-ана алдындағы перзенттік парызымызды арнайы бөлім арқылы жеткіземіз. Сонымен қатар «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, кітаптың шығуына демеушілік көрсеткен меценат, белгілі кәсіпкер Әбілдаев Мақсұт Әбдіғаппарұлына шынайы алғысымды білдіремін, — дейді кітап авторы Балтабай Аябекұлы.
Салтанатты іс-шара барысында аудан өнерпаздары ән шашуын ұсынды. Жаңа кітапты оқуға асығып келген ойлы оқырманға сиясы кеппеген кітап үлестірілді. Кітаптың шығуына атсалысқан азаматтарға Аябековтер әулетінің атынан сый-құрмет көрсетілді. Бала үшін әкеден асқан ұлы тұлға жоқ. Тұсаукесер рәсімімен бірге Аябек Ордабековтің рухына Құран бағышталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!