Бүгінгі ақпараттық тасқын дәуірінде «газет кімге керек?» дейтіндер табылады. Әлеуметтік желі, мессенджер, жаңалық тарататын платформалар – бәрі де деректі жылдам жеткізеді. Facebook пен Telegram-ды айтпағанда, WhatsApp-тың өзінде ақпарат қайнап жатады.
Бірақ ақпарат көп жерде ақиқат сұйылады. Осындай уақытта сүзгіден өткен шындық, сарапталған ой, қоғамдық жауапкершілігі бар сөз ауадай қажет. Міне, сондықтан газет керек.
Сол мазмұнды басылымның бірі – биыл 25 жылдық межеге жеткен республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті. Бұл – жай ғана басылым емес, елдің сөзін сөйлеген, уақытпен үндескен, билік пен бұқара арасындағы көпірге айналған шынайы пікір алаңы.
Ең алдымен, «Халық» газетін жас журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын, мақала жазу мен зерттеу машығын қалыптастыратын шығармашылық шеберхана, дәлірек айтқанда, нағыз тәлімгерлік мектеп деп бағалау керек.
«Халықтың» бетінде жалтақтық жоқ. Бұл басылым шындыққа тура қарайды. Қоғамдағы күрмеулі мәселелерді батыл көтереді. Ақиқаттан аттамайды. Әр мақаласында журналистік зерттеу, дерекке сүйенген ой, жауапкершілікпен жазылған сөз жатыр. Мұнда әкімнің есебінен гөрі, қара халықтың шындығы басым.
Газеттің ерекшелігі – өзіне ғана тән стилінде. Сөз саптауы нақты, ойы терең. Ақпараттан бұрын – мән, жаңалықтан бұрын – мазмұн іздейді. «Халық» шенеуніктер үшін емес, шынайы оқырман үшін жазады. Сол себепті де бұл басылым – бүгінде санаулы қалған саяси тәуелсіз басылымның бірі.
Тоқсаныншы жылдардың соңында тоқыраған қоғамға үміт отын жаққан осы басылым бүгінде ширек ғасырлық жолдан өтті. Бұл – кездейсоқ емес. Бұл – адал еңбектің, кәсіби тұрақтылықтың және халық сенімінің нәтижесі.
Баспасөз бен билік арасындағы тепе-теңдік сақталуы үшін, қоғамда ашық пікір мен еркін ой орнығуы үшін «Халық» секілді газеттер керек. Себебі демократия – тек сайлау емес, ол – ақпарат кеңістігіндегі әділет пен балама көзқарас.
Сол кеңістікте 25 жылдан бері сүрінбей келе жатқан «Халық» шындықтың мінберіне айналды.
Жасай беріңіздер, жаза беріңіздер, халықтықтар!
Өзгеден бұрын шындықты айтатын сөздеріңіз өрісті болсын!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!