Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмысшы мамандығын абыройға айналдырған азамат

26.06.2025, 11:00 278

Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – тек ресми бастама емес, бұл – тер төгіп, еңбекпен есейген, тіршіліктің тірегіне айналған қарапайым маман иелерінің мәртебесін көтеретін, ұмыт қалған қадірді қайта жаңғыртатын жыл. Қоғамда «жұмысшы мамандық – төменгі саты» деген ескі көзқарастың тамырына балта шабатын, кәсібімен елге қызмет етіп жүрген жаңа буын еңбек адамдары қалыптасып келеді. Ондай жандардың еңбегі әрқашан құрметке лайық. Ел көлемінде аталып өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында еңбекке ете араласып, қарапайым кәсіпті үлкен іске айналдырып отырған азаматтар жайлы айту – парыз. Жұмысшы мамандықтарын ұлықтау – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндет. Өйткені ел экономикасының негізін, тіршіліктің тінін қарапайым еңбек адамдары құрайды. Қоғамда құрғақ сөз емес, нақты әрекет арқылы еңбекке адалдықты дәлелдеп жүрген жандар бар. Сондай азаматтардың бірі – Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тумасы, темір тұлпардың сенімді шебері, жас кәсіпкер Розымұрат  Мұртаза. Бүгінгі  мақаламызда  осы  бір  жастың  еңбегі  мен тыныс-тіршілігімен  танысамыз.

Розымұрат 1999 жылдың 30 желтоқсанында Қазалы ауданында дүниеге келген. Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясының түлегі. Мектеп қабырғасында-ақ үздік оқып, білімге құштарлығымен, еңбекке ынтасымен ерекшеленген ол болашағын нақты бір кәсіпке бағыттауды ерте бастан ұғынды. Қазіргі таңда ел арасында «қарапайым жұмысшы» деп аталып жүрген «автомеханик» мамандығын таңдауы бекер емес. Осы салада еңбек ете жүріп, өз ісінің шеберіне айналды. Мамандық таңдауда әуелі жүректің үніне құлақ түріп, нақты шешімге келген ол 2015 жылы Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне түседі. Бұл оқу орны – талай жасқа жұмысшы мамандығының қыр-сырын үйретіп, нарыққа бейім­деп келе жатқан  білім  ордасы.  Розымұрат мұнда «Авто­көлікке қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып, 2018 жылы үздік нәтиже көрсетіп, қызыл диплом­мен  бітіріп  шығады.

Жас маман үшін кәсіби білім – тек қағаз жүзіндегі диплом емес, болашақ табысты кәсіптің берік іргетасы. Колледжден кейін Отан алдындағы азаматтық борышын адал өтеп, туған  ауылына  оралып, 2020 жылы нағыз  еңбек  жолын  бастайды.

Қай істің де басы қиын. Розымұрат алғашқы кәсібін бар мүмкіндігін, қаржысын жинап, шағын ғана цех ашудан бастады. Бар болғаны дөңгелек желімдеп, ауыстыру мен ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын істеп жүріп, тапқан табы­сын үнемдеп, кәсібіне қайта салып отырды. Талай рет қаржы тапшы болды, құрал-сайман жетіспеді. Бірақ жас жігіт бұл қиындықтарға мойымады. Еңбектің өтеуі барын, ал табыс  төзімділердің  сыбағасы  екенін  жақсы  білді.

– Ауылда отырып та үлкен іс бітіруге болады. Ең бастысы – нақты мақсат пен үздіксіз ізден­іс. Бұл салаға қызығушылығым колледж қабыр­ғасында іскерлік тәжірибеден өткен сәттен бастап арта түсті. «Неге осы саланы кәсіп қылмасқа?» деген ой толғандырып жүрді.  Алғаш үй-жайымның жанындағы шағын үйден (бізше сарай) бастап, арада 1 жылдан соң көршімнің жер учаскесін сатып алып, кәсібімді кеңейте түстім. 1 миллион теңгемен ашқан кәсібім қазір айына  2  миллион  табыс  түсіруде, — дейді  ол.

Уақыт өте келе кәсібі кеңейе бастады. Қазіргі таңда Розымұраттың шағын шебер­ханасы бұрынғыдай бір көлікке емес, бір мезгілде төрт көлікке бірдей қызмет көрсете алатын толық­қанды жөндеу орталығына айнал­ған. Мұнда көліктің техникалық диагнос­тикасы, май ауыс­тыру, қозғалтқыш жөндеу, электр жүйе­лерін қалпына келтіру, дөңгелек балансын келтіру секілді кешенді қызмет түрлері ұсы­нылады.

Бұған қоса, ол жеке көлік жуу боксын іске қосқан. Бұл – клиент үшін қолайлылықты арттыру­дың бір жолы. Жөндеуге келген көлік иесі бір мезетте көлігін жудырып, басқа қызмет­терді  де  ала  алады.

Розымұрат мұнымен де тоқтап қалмады. Көлікке қажетті ұсақ бөлшектер мен аксес­суарларға деген сұранысты ескере отырып, көлік  құралдары  мен қосалқы бөлшектер сата­тын дүкен желісін ашты. Бүгінде шеберхананың жанынан ашылған бұл дүкендер көлік иелері үшін қажеттінің бәрін табуға болатын қолайлы  сауда  орнына  айналған.

Бүгінгі күні жас маман әрі кәсіпкер өзі секілді 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әрқайсысы – осы салаға шын берілген, қолынан іс келетін мамандар. Жас кәсіпкер жұмысшыларын үнемі оқытып, жаңа технологияларға бейімдеп, сапалы қызмет көрсетуге ерекше  мән  береді.

Ол үшін көлік – жай ғана техника емес, иесінің сенімі. Сол себепті де шеберханада істелетін әр жұмыс ұқыптылықпен, кәсібилікпен орындалады. Көпшілік оған сеніп көлігін  тапсырады. Еңбегіне разы болған жұрт қатарын  көбейтуде.

Розымұрат Сұлтанқұлұлы – «жұмысшы» деген атаудың қадірін түсірмей, оны кәсіппен ұштастырып, ауылда отырып-ақ үлкен табыс­қа жетуге болатынын дәлелдеп берген азамат. Оның кәсібі – табыс көзі ғана емес, өзінен кейінгі жастарға жол көрсететін бағыт. Бүгінде колледжден жаңа түлеп ұшқан жас маман­дар оның шеберханасында іс-тәжірибеден өтуде. Ол өзінің жетістігін мақтанышпен емес, жауап­кершілікпен қабылдайды. Себебі туған топырағында ашылған әр кәсіп – ел экономикасына  қосылған үлес, жастарға берілген үміт.

Розымұрат – жаңа заманның еңбек адамы. Қарапайым мамандықтан кәсіпке, кәсіптен тұрақты табыс пен қоғамға пайда әкелетін жобаға дейін өскен оның жолы – нағыз еңбектің өрнегі. Темір тұлпардың тетігін тапқан темірдей азамат бүгінде ел сенімін арқалап отыр.

Жұмысшы мамандықтар жылы дәл осындай жастарды дәріптеу арқылы өз мәресіне жетеді. Өйткені шынайы еңбекке құрылған табыс­тың тамыры терең, болашағы берік болады.

ТҮЙІН. Қоғамда еңбек адамына деген көзқарас өзгеріп келеді. Кеше қарапайым жұмысшы деп еленбей келген мамандық иелері бүгінде қоғамның нақты тірегіне айналуда. Бұл – уақыттың талабы ғана емес, жаңа буын кәсіпкерлерінің табанды еңбегі мен жаңаша ойлауының жемісі.

Розымұрат Сұлтанқұлұлының еңбек жолы – жұмысшы мамандығын менсінбей емес, мәртебелеп таңдаған жастың тағылымы мол тағдыры. Ол тек шебер ғана емес, жауапты кәсіпкер, ауыл жастарына бағыт-бағдар беріп жүрген нағыз еңбек адамы. Өз кәсібін адал еңбекпен өрістетіп, өзгелерге жұмыс ұсынып отырған азаматтың бұл жетістігі қарапайым мамандықтың кемел келешегі бар екенін дәлелдейді.

«Еңбексіз – ел жоқ, кәсіпсіз – күн жоқ» дейді қазақ. Қазалылық қара жігіт  – осы сөздің бүгінгі нақты дәлелі.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: