Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ тілі қоғамдық кеңістікке толыққанды ене алды

20.06.2025, 15:15 343

Фото: gov.kz

Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы мәселе айтылған сайын, назар үнемі мемлекетке, үкіметке, министрлікке бағытталады. Дегенмен, бұл – тек жоғары жақтан күтілетін міндет пе, әлде халықтың да мойнында тұрған жауапкершілік пе? Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да, қазақ тілінің толыққанды қоғамдық кеңістікке ене алдф ма? міне, осы сауал біздің мақаламыздың өзектілігін арттырып отыр.

Мемлекеттік органдардың ресми жиындары, құжаттар, ресми өтініштер мен іс жүргізу тілі, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының көп бөлігі әлі де қос тілділікпен жұмыс істейді. Бұл құбылысты бірқатар сарапшылар мемлекеттік тілді дамыту мен қолдануға қатысты бақылау және реттеу механизмдерінің әлсіздігімен байланыстырады.

Мәселен, тіл туралы заңнамалар бар болғанымен, олардың орындалуын қамтамасыз ететін тиімді әкімшілік тетік қалыптаспаған. Кей жағдайларда мемлекеттік мекемелердің өзінде де құжаттар орыс тілінде рәсімделіп, қазақ тіліне аударма ретінде ғана беріледі. Бұл – мемлекеттік тілдің техникалық қызмет тіліне айналып бара жатқанын аңғартады. Алайда, бұл мәселені тек биліктің міндеті деп қабылдау – біржақты көзқарас болар еді. Өйткені тіл – тек саяси-әкімшілік нұсқаулармен ғана емес, қоғам мүшелерінің саналы таңдауы арқылы дамитын тірі құбылыс. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін азаматтардың да белсенділігі, талабы және жауапкершілігі қажет.
Тіл мамандары мен әлеуметтанушылар бұл жағдайды қоғамдық санадағы интерция, тілдік әдеттермен, сонымен қатар қазақ тіліне қатысты практикалық қажеттіліктің төмендігімен де байланыстырады. Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік тілді біле тұра, оны қолдануға бейім емес. Бұл – әлеуметтік және мәдени факторлармен қатар, институционалдық қолдаудың жеткіліксіздігін де көрсетеді.

Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орны тек жоғарыдан берілетін нұсқаулықпен емес, төменнен – азаматтық ұстаным, отбасы тәрбиесі, кәсіби орта және әлеуметтік кеңістіктегі нақты сұраныспен айқындалады. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін көпжақты мәселе.

Тіл жанашырларының иығына түскен салмақ және жеке жауапкершіліктің жүгі

Соңғы жылдары қазақ тілін қолдауға бағытталған бастамалар мемлекеттік емес, азаматтық деңгейде өрістеп келеді. YouTube-тағы қазақша контент, Tik-tok пен Instagram-дағы танымдық парақшалар, еріктілердің онлайн мектептері, қазақша подкасттар мен тренингтер – мұның бәрі таза қоғамдық негізде, ешқандай мемлекеттік қолдаусыз іске асып жатыр.

Мәселен, қазақ тілін үйретуге арналған «Til-Qazyna», «Ұларбек», «Tili-Qaz», «SOYLE.KZ» жобалары жүздеген мың адамға тіл үйренуге мүмкіндік берді. Бұл жобалардың бірде-бірі мемлекеттік құрылымның бастамасы емес – олар қарапайым белсенділердің, азаматтардың өз тілін сақтап қалуға деген ерік-жігерінің нәтижесі. Қоғамда «тілді мемлекет үйретіп беруі керек» деген тұжырым әлі де кең таралған. Бірақ бұл – тұйық жол. Егер әр азамат баласын қазақ балабақшасына бермесе, жұмыс орнында тілге талап қоймаса, тұтынушы ретінде өз құқығын талап етпесе, мемлекеттік тілдің мәртебесі қайдан қалыптасады?

ТҮЙІН. Тіл – қолданылмаса, өшетін тірі организм. Ал оны жандандыратын – билік емес, халықтың өзі. Дүкенде, банк бөлімшесінде, ауруханада қазақша сөйлеп, заңды талап ету – бұл тек құқық емес, ұлттық жауапкершілік. Қазақ тілінің тағдыры – бұл тек «министрліктер не істеп жатыр?» деген сұрақ емес. Бұл – «мен не істеп жүрмін?» деген сұрақтан басталуы тиіс. Мемлекеттік тілді тек жоғарыдан күтіп отыру – әрекетсіздік. Ал тіл үшін күресу – белсенділік, азаматтық сана, ұлттық болмыс. Сондықтан да, қазақ тілі – мемлекеттің ғана емес, халықтың да айнасы. Оны таза сақтау мен өркендету – әрқайсымыздың қолымызда. Мемлекеттік тілдің болашағы – тек билікке жүктелетін міндет емес.

Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: