Қазіргі таңда әйел мен ер-азаматтың теңдігін олардың бірдей жұмыс істеп, жауапкершілікті бірге алуынан-ақ біле беруімізге болады. Иә, еріне болысып, табыс табамын деген нәзік жандылардың кейде жолдасынан асып түсіп жатқан кездерін де көрудеміз. Осындай отбасындағы жүктің бір бұрышынан көтерісіп көмектескені үшін әйелді бағалау керек емес пе? Әлде, әйел ошақ қасында, бала тәрбиесінде отыру деген түсінік әлі күнге дейін бар ма? Жоқ деп айтуға да келмейтін сияқты. Не керісінше, әйелдердің құқығы артып, табысы молайған сайын барлық жауапкершілік те солардың мойнына ілінуде. Себебі сол, қоғамда отбасының ауыртпалығын көтеретін ерлердің аздығы. Сондықтан, бүгінгі күні әйелдердің атқаратын жұмысы шаш етектен. Отбасының ұйытқысы, балаларының тәрбиешісі, ошақ анасы, асыраушысына айналған жан қазіргі таңда өте көп.
Әрине, үйде отырған әйелге үй тіршілігімен қатар, қосымша табыс та артықтық етпесі анық. Өйткені, барлығы да жақсы өмір сүргісі келеді, балаларының болашағын ойлап, қатарынан қалдырғысы келмейді. Ол үшін бірінші кезекте қаражат керек. Ал жаратылысынан отбасының тірегі болатын ер-азаматтардың табысы мен әйелдің тапқан қаражатында айырмашылық бар деп айтуға бола ма? Отбасында ерлі-зайыптылардың табысы ортақ болуы міндетті ме? Еркектің әйелінің табысына қол салуы дұрыс па? Елімізде гендерлік жалақы алшақтығы үлкен мәселе ме? Осы тұрғыда мақаламызды өрбітіп, түйінін тарқатайық.
Әйел табыс табу үшін күрессе, ол – отбасының қамын ойлағандықтан. Негізінде әйелдің тапқаны өзінің игілігіне жұмсалуы керек. Мұны діни қызметкерлер де ашық айтады.
— Ардақты елші (саллаллаһу алайһи уә сәлләм): «Сендердің әйелдердің алдында, әйелдеріңнің сендердің алдында міндеттері бар» деген. Дініміз әйелге де, ерге де белгілі бір құқықтар мен міндеттер бөліп берген. Осы тұрғыда отбасын асырау жауапкершілігі – ер кісінің мойнында. Сондықтан әйелдің бар қажетін ері көтеруге міндетті. Бұған қоса, әйелдердің де жұмыс істеу, мәһір немесе мұра жолымен дүние мен ақшаны иелену жағдайы бар. Фиқһтағы әйелдің орнын қарастырған мамандар өзіне тән мүлкін әйелдің қаласа еш жаратпауға құқы барын айтуда. Тұрмысқа шығу арқылы әлеуметтік жағынан қорғалған әйел үшін: «Ер кісі барлық жағдайда да қаражат жұмсауға міндетті» деген. Яғни дінімізде әйелдер өз ақшасын қалауынша жұмсауға ерікті. Дегенмен, отбасында татулық пен сыйластыққа сызат түсірмеу тұрғысынан қаражат мәселесін әйелдің ерімен ақылдасып шешуі маңызды, — дейді діни маман Жарылқасын Жарбол әлеуметтік желіде.
Иә, әйелдің табысы қанша жерден ерінің тапқанынан берекелі болмайды деген де бар емес пе? Әлде оның өзіндік себептері де бола ма? Әрине, үй болғаннан кейін ортақ құндылық, бір мүдде, арман мен мақсат, сезім мен сенім керек. Сол кезде ғана әйелдің де табысы ортақ қазынаға айналады. Ал бұл жағдайға отбасылық психологтар қандай пікір берер екен?
— Әйелдің ақшасы ешқашан ерін бақытты етпеген, пайда келтірмеген. Әйелден қарызға болсын, жай ғана жәрдем сұраса да, ақша алған ер-азаматтың рухы төмендеп, ішкі жан дүниесі жабырқап қалады. Мұндай жағдайда жүрген ер-азаматтың әйеліне өктемдігі, үстемдігі жүрмейді. Қояр талабы да келіспейді. Сондықтан, бір отбасы болған соң, менікі, сенікі деп бөлуге болмайды. Ерлі-зайыптылардың ортақ қазынасы болуы тиіс. Ал ортақ шешім жоқ болса, ондай жағдайда әйелі мен күйеуінің арасында түсіністік жоғалады, — дейді психолог маман Айгүл Мұнарова.
Еліміздегі статистикаға сүйенетін болсақ, соңғы екі жылда заңды тұлғалық қызмет пен шаруа қожалықтары бойынша ер-азаматтар қатары көп жұмыс істеген болса, жеке кәсіп бойынша әйел адамдар ер кісілерден бірнеше саты жоғарылаған. Ал, алдыңғы жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде әйелдердің саны 10,2 млн болса, ерлер саны – 9,8 млн. Жалпы, елімізде қыздарға қарағанда ұлдар көп туылады екен, бірақ әйелдердің ер-азаматтардан өмір сүру ұзақтығы басым көрінеді. Сондықтан болар, әйелдердің жұмыс істеу сапасы да жоғары болатыны. Дегенмен, соңғы үш жылдағы статистикалық мәліметтер бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы орташа айлық жалақы айырмашылығы едәуір үлкен. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректерінде 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы республика бойынша орташа жалақы – 399 015 теңге, ал әйелдер үшін бұл көрсеткіш 311 217 теңгені құрады. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы шамамен 25,7% екенін көрсетеді. Ал пайыздық тұрғыдан әйелдердің жалақысы ерлерден орта есеппен 20-30%-ға төмен.
Жалпы, гендерлік жалақы алшақтығы тек Қазақстанға тән мәселе емес. Әлем бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы – кең таралған мәселе. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлемде әйелдер ерлерге қарағанда, орташа есеппен 20% төмен жалақы алады. Бұл көрсеткіштің де төмен болуында өзіндік себептер бар. Яғни, әйелдердің бала күтіміне байланысты үй жағдайында отырып қалатыны алғашқы себептерінің бірі болса, ерлер мен әйелдерге тиесілі деп бағаланатын жұмыс орындары да әсер етеді. Әйелдер көбіне әлеуметтік салаларда жұмыс істейді. Бұл олардың жалақысына ықпал ететіні сөзсіз. Ал ерлер көбіне басқарушы немесе жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істейді. Бұл әр елде әртүрлі жағдайға байланысты болуы да мүмкін. Өйткені, әр елдің экономикалық жағдайы, мәдениеті, еңбек нарығының ерекшеліктері де маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, соңғы жылдары көптеген елде әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы теңсіздігін азайтуға бағытталған саясаттар мен заңдар қабылдануда, бірақ толық теңдікке қол жеткізу әлі де көптеген елде шешімін таппаған мәселе болып қала береді.
ТҮЙІН. Әйелдердің барлығы дерлік отбасылық жауапкершілік пен бала күтімін өз мойнына алып, олар үшін басты құндылық отбасы мен балалардың жағдайы болғандықтан, мапсап екінші кезекке ауысады. Осы факторлар әйелдің мансабының баяулауына және жалақыдағы алшақтықтың сақталуына әсерін тигізбей қоймайды. Ал бұл гендерлік жалақыдағы теңсіздік, әйелдер еңбегінің төмен бағалануы қандай жағынан болса да ел экономикасына кері әсерін тигізеді.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!