Баршаға белгілі, әлемді шарпыған COVID-19 вирусы кез келген елдің экономикасына өзіндік кері әсерін тигізуде. Әлем бойынша миллиондаған адамның жұмысынан айырылуы жағдайды онан әрі ушықтыра түсті. Бұл кесел Қазақстанды да айналып өтпеді. Карантиндік режим – халқымыз үшін вирусқа қарсы жасалған шұғыл іс-қимылдардың бірі.
Осынау қиын тұста Қазалы ауданының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол Картасы» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық бюджеттерден 3 млрд 11 млн 089 мың теңге бөлінген болатын. Аталмыш қаржының басым көпшілігі денсаулық сақтау, білім саласының ғимараттарын жөндеу, жол жөндеу және абаттандыруға бағытталды. «Жол Картасы» аясында Қазалы ауданында 42 жоба жоспарланды. 33 жобаның ұйымдастырушысы Қазалы ауданының мемлекеттік сатып алу бөлімі болса, қалған 9 жоба облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы, Қазалы ауданаралық емханасы тарапынан жарияланды. Бүгінгі таңда 41 жобаның жеңімпаздары анықталып, барлық келісімшарттарға қол қойылды. Тиісті құрылыс, жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Толығырақ тоқталсақ, Ғани Мұратбаев елді мекенінің орамаішілік газ желілерінің құрылысы, Әйтеке би кентіндегі Аймақаш тұрғын ауданының инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі, Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия ғимаратының күрделі жөндеуі, Әйтеке би кентіндегі 9 көшенің, Қазалы қаласындағы 4 көшенің, Мұратбаев елді мекеніндегі айналма жолын орташа жөндеуі, Қазалы қалсындағы Ғани Мұратбаев атындағы саябақтың абаттандырылуы, бірқатар мектеп, балабақша, ауылдық клуб ғимараттарының, емханалардың ағымдағы жөндеулері елдің жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар екені анық.
Қазалы ауданының тұрғындары үшін жағымды жаңалық мұнымен ғана шектеліп қоймайды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 26 наурыздағы №55-Ө өкіміне сәйкес «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол Картасы» аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне сәйкес жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 50%-ы жергілікті жерден қамтылуы тиістігі көрсетілген. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын жұмыссыздар жалақысының орташа мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері деңгейінде белгіленеді. Бұл әрбір жаңа жұмысшының айлығы кемінде 85 000 теңге құрайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар, бағдарламаны іске асыру шеңберінде көзделген қаражаттың жалпы көлемінің 90%-ы отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалу міндеттеледі.
Айта кетерлігі, аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімі тарапынан конкурсты рәсімдеу барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы №127 «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» Қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы 10 сәуірдегі №191 Қаулысының 39-тармағы басшылыққа алынып, өзге карантиндік аймақта тіркелген әлеуетті өтінім берушілердің өтінімі конкурсқа қатысуға қабылданбады. Нәтижесінде жобалар жеңімпаздарының басым көпшілігі Қазалы ауданының жергілікті кәсіпкерлері болып анықталды. Бөлімнің атқарған жұмыстары аудан кәсіпкерлігінің одан әрі дамуына үлес қосары сөзсіз.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Бекарыстан би ауылдық округінің бірқатар көшелерін жарықтандыруға, жол, №24 орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге, елді мекендегі тұрғын үйлерге сервистік желі жүргізуге мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Жарықтандыру, мектеп күрделі жөндеуінің, сервистік желіге қосу конкурстарының жеңімпаз мердігерлері анықталса, көшелерді орташа жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 26 наурыздағы №55-Ө өкімі басшылыққа алынатын болады.
«Ауылдың дамуы – Қазақстанның дамуы». Атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, көкірегіңді қуаныш кернейді. Осынау қиын тұста құрылыстардың қарқын алуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ертеңгі күніміздің айқын, мақсатымыздың нақтылығын көрсетеді.
Бекет Жұмабекұлы,
«Қазалы ауданының мемлекеттік сатып алу бөлімі» КММ-нің
жетекші маманы,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!