Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

20.03.2025, 6:20 93

Өмір  ләззаты

Мың түрлі ләззат бар екен. Біреу халыққа қалтықсыз еткен қызметінен ләззат алады. Біреу халыққа айтқанын қылдырып, айдауына көндіргенінен ләззат алады. Біреу біреуден ебін тауып бірдеңе жырғанынан ләззат алады. Біреу жолын тауып анда-мында барғанынан ләззат алады. Біреу білімнің кенін қопара қазғанынан ләззат алады. Біреу бір-екі шумақ өлеңді жазғанынан ләззат алады…

Таусылмайтын  бөлістер

Қауметі жеткендер заңғырлаған зауыт-фабрикаларды бөліп алған еді. Билігі жеткендер жұтынып жерді бөліп алды. Енді адуындығы жеткендер атақтарды бөліп алып жатыр.

Беті  жоқ

Бетсіздердің бетіне қалай түкіресің?! Беті болмаған соң, түкірігің нысанасын таба алмай қаңғалап барып-барып, жерге түседі…

Бұ  несі?

Облыстағылар ұмтылып алып, аудандағылар ұмытылып қалып қоя беретіні несі екен?

«Шәкірт»

Білім мен білік үшін емес, баға мен балл үшін басын жарға ұрып жүр.

Дүбәралық

Еркегі әйел сияқты сызылады, әйелі еркек сияқты қызынады.

Есепшілдік  пен  есекшілдік

Бәрін де есеппен істейтін, айналаңдағы есепқорлардың әрекетін көргенде, өзіңді есеп білмейтін есектей сезініп қаласың…

Екі  әйел  алғанда

Екі әйел алудың артықшылығы сол: демократия заңына сәйкес әр күні таңдау мүмкіндігің болады.

Жат  жүріс

Адамгершіліктен жұрдай адам да адаммын деп жүре береді екен.

Түпкі  негізі

Кішкентайларға үлкен қызмет беру – түпкі негізінде кішкентайларды зорайту емес, ірі тұлғаларды кішірейту болып шығады.

Қайран  жүрек

Парақорлардың да жүрегі ауырады.

Надандар  мен  адалдар

Мәнді өмірді мәнсіз қылған адамдар бар. Мәнсіз тірлігін сәнді қылған адамдар бар. Алғашқысы – надандар, кейінгісі – адалдар.

Әртүрлі  әлем

Біреулер сөз әлемінде өмір сүреді. Біреулер өз әлемінде өмір сүреді.

Болашақ  туралы

Адам өз болашағын өзі жасауы керек. Болашағын біреу жасап бергендердің өз болашағы болмайды.

Пұлданған  қайыр

Кісі баласына жақсылық істеу қолынан келмейді. Алда-жалда біреуге титімдей жақсылық жасай қалса, соны пұлдап, кесімді бағасын айтып сатқысы келіп отырады.

Зытқырлардың  тірлігі

Байып жатыр, байып жатыр, байып жатыр. Байығандар сыртқа қарай тайып жатыр, тайып жатыр, тайып жатыр…

Заман  суреті

Жоқтар тырбаңдап жүр, тоқтар ырбаңдап жүр.

Бірі  бар,  бірі  жоқ

Мал-дүние байлығы мақтайтындай-ақ бар, жан-дүние байлығы жоқтайтындай-ақ жоқ.

Қабір  иісі

Өлім туралы жөнді-жөнсіз көп айта беретін адамдардан тар лақат қабір-көрдің иісі шығатын сияқты…

Екі  түрлі  бейне

Өмірде көрсең, өкпең өшіп тұра қашатындайсың… Суреттен көрсең, бауырыңа баса құшатындайсың…

Іші  тардың  іші

Іші тарлардың ішіне тек өзін ғана мақтаған сөздер сияды.

Қартайғандағы  қуаныш

Әр күні үйден шығып бара жатқаныңда, аурухана мен дәріханаға емес, кітапхана не тойханаға бара жатқаныңа да қуанып «тәубеңді» айтып қоясың…

Байлық  пен  айлық

Біреудің тасып-төгілген, асып-көрінген байлығы бар. Біреудің ана айдан мына айға әзер-әзер жететін айлығы бар…

Өмірдің  ағыс-толқынында

Өмірдің ағыс-толқыны қандай ғана қатты еді. Талайлар жақын-жақын көрінген жаңа жағалауларға да жете  алмай  қалды.

Қадір  қашырған

Елінің қадірін білмеген, жерінің қадірін білмеген, тілінің қадірін білмеген доғалбастар бір-бірінің қадірін қайдан білсін?!

Қанаттың  артықшылығы

Қанаты барлар қандай биіктерден де құламайды.

Ханда  ақыл,  әкімде  айла  бар

Ханда қырық кісінің ақылы бар дегенге сендік. Әкімде алпыс кісінің айласы бар дегенді көрдік…

(Соңы.  Басы өткен санда)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: