Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кент халқымен кездесу

25.02.2025, 22:44 61

АРАЛ АУДАН ӘКІМІ ЖАҚСЫҚЫЛЫШ КЕНТІ ХАЛҚЫНЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ

Бүгін аудан әкімі А.Оңғарбаев жұмыс сапарымен Жақсықылыш кентінде кентінде болып, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен өзекті мәселелер жөнінде пікірлесті.


Алдымен ауылда жаңадан бой көтеретін учаскелік полиция ғимаратының жер учаскесімен танысты. Мұнан соң, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне табан тіреп, нысанның ағымдағы жағдайын бағамдады.

Одан кейін аудан басшысы облыстық, аудандық мәслихат депуттаттары және құқық қорғау органдары, сала басшыларымен бірге кенттегі «Аралтұз» акционерлік қоғамының клубында жергілікті халықпен кездесті.
Кездесуде өткен жылдың қорытындылары, жетістіктері туралы қысқаша баяндап, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

«Өткен жылы атқарылған жұмыс аз емес, жаңа басталған жылға арналған жоспарымыз былтырғыдан да ауқымды. Ауданда экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. 13 мың халқы бар Сексеуіл кенті мен Шижаға елдімекені көгілдір отынға қосылып, тұрғындар игілігін көруде. Биыл Ақбасты, Тоқабай, Абай елдімекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары өз жалғасын табуда. Мұнымен қоса, осы жылғы жұмыстар легінде Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне ауыз су желісін тарту жобасы бар. Қаржысы бөлінді, құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталады. Білім саласында да байыпты бастамалар жүзеге асты. Өткен жылы ауданымызда аудан орталығынан бой көтерген алғашқы «Жайлы мектеп» оқушылар игілігіне табысталды. Мұнымен қоса, облыс әкімінің қолдауымен, мердігерлердің демеушілігімен Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық мектеп, кәсіпкер тарапынан салынған Ақшатау елді мекенінде 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта өзге де мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырыла беретін болады. – деді Аманжол Сақыпұлы.
Өңірдегі оң өзгерістерді саралап шыққан соң аудан басшысы тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, тиісінше жауап берді. Кент тұрғындары Арал қаласымен екі аралықтағы жолды жөндеу, мәдениет үйі мен ашық спорт алаңдары қажеттігі туралы мәселелерді ортаға салды.

Кездесу аясында аудан әкімі кенттің әлеуметтік және экономикалық дамуына белсене араласып, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар ауыл тұрғындарына «Алғыс» хат табыстады.

Халықпен кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі кенттегі дәрігерлік амбулаторияның бос тұрған бөлігінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді. Алдағы уақытта бұл жерге кент әкімшілігі мен жаңа кітапхана залы орналастырылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: