Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ән салдың, күйден маржан төгілдіріп…

07.02.2025, 16:45 162

HALYQLINE.KZ

Мұрат Сыдықовтың рухына

Жарылқап Жаппар құдай, Жасағаным,

Қозғайын өткен күнін дос-ағаның.

Шабытым қамшылап сауырымды,

Шараның қолдан келер жаса бәрін.

Ән Мұрат, Аралымның күй Мұраты,

Өнерде, өмірде де сыйлы басы.

Іңгәлап бесігінде жатқан шақтан,

Аялап әлдилеген күй құлашы.

Өнердің ойқастадың арнасын кең,

Бойыңа шабыт берген бай ғасырмен.

Шөмішбай, күй Мұраттың жолын ашты,

Арналған қыз Базарға, «Қайдасың сен?».

«Сыр гүлі» шарқытадың сәніңізбен,

Өнерге ғашық едің жаныңызбен.

Қыз Базар сұлулығын паш еттіңіз,

«Аққуым менің» деген әніңізбен.

Өнерден таптың, аға, егізіңді,

Бойыңда алаулаған сезім ізгі.

Жайнамазың Аралдың айдыны боп,

Жырладың Арал-Ана теңізіңді.

Аспаннан күмбірлеген күй құлаттың,

Шабыттың шалқарында құйғып ақтың.

«Махамбетті» дүбірге қайта қосып,

Көгерді көсегесі күй Мұраттың.

Көрсеттің ғажап өнер ұлт иіріп,

Тамсанды өнеріңе жұрт иіліп.

Бір күйіңнің тылсым ырғағында,

Барады «Ақтан батыр» бұлт үйіріп.

Тілгілеп көк аспанды отты көзің,

Ұрпаққа ұрандатқан жетті сөзің.

Шанағын домбыраның бебеулетіп,

«Мұраттың төкпесінде» төктің өзің.

Төменгі, үнің жетті өрдегі елге,

Дес бермей қарғып өттің кермелерге.

Батыры, алты Алаштың әулиесі,

«Жанқожа» сөйлеп кетті пернелерде.

Жар салдың қай сәтте де озық үнмен,

Айналдым, асыл аға, төзіміңнен.

«Сүйінші, Арал-Анам келе жатыр!»,

деп қуандың сәбилік сезіміңмен.

Барады жұлдыз бойлап, жанып бір із,

Қалайша, бола аламыз қалыпты біз.

Мұрат ағам көрініп қала ма деп,

Жағалауды шарлап жүр «»Балықшы қыз».

Ән шуағы төгілген ажарында,

Жарың да, ғажабың да, ғазалың да.

Көз жасы құмға сіңген теңіздей боп,

Боздайды бозінгендей Базарың да.

Қара жер құшақ ашты әз ұлына,

Ажалдың кім айналмас азығына?

Байладың кіндігіңді Мұрат аға,

Аралдай туған, Темірқазығыңа.

Адамның тірі жүрген зәбірі не?

Аспайсың енді құлақ зар үніме.

Өлген соң топырақты төмпештейміз,

Тіріде жетпей қалып қадіріне.

Күйлерің әз халқыңның мұрасы, аға,

Ендігі Сізге жазған жыр асаба.

Қатеміз болса біздің кешіре көр,

Аралдың Аймаңдайы, Мұрат аға.

О.БАЗАРАЛЫ

29.01.2025ж

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: