Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте автожол саласының мәселелері талқыланды. Оған селекторлық режимде қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары қатысты, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы автомобиль жолдарының сапасына қатысты тапсырмалар жүктеді.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес» деп атап айтты.
Бұған дейінгі жол саласына қатысты мәжілістерде сапаға баса мән беруді тапсырып келемін. Бұл ретте Жол активтері Ұлттық сапа орталығының рөлі ерекше. Орталық облыстағы 91 жобадан 1884 сынама алып, 138 ақауды анықтаған. Оның ішінде Қызылорда қаласындағы 31 жобадан анықталған 14 ақау бүгінгі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Кемшілікті түзетуді шұғыл арада қолға алыңыздар.
Мердігер мекемелер құрылыс жұмыстарына заманауи техника мен технологияларды пайдаланып, сапалы әрі мерзімінде орындауы тиіс. Алдағы уақытта сапасыз жұмыс үшін мердігер мекемелермен қоса, авторлық және техникалық қадағалаушылар да жауапты болатынын ескеріңіздер.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері бірлесіп автомобиль жолдары мен көшелердің, реконструкциялау, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Биылға межеленген жұмыстардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 3545 шақырым, оның 1025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
Былтыр 300 шақырымнан астам жол жөндеуден өтіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайызға жетті. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлініген қаржыға 329 шақырым жолдар мен көпірлерді жөндеу жоспарлануда. Бұл арқылы жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95 пайызға жеткізілмек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!