Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөйле, тілім, жосылып…

17.01.2025, 10:50 71

Басты бет

Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер иесі Омар Шораяқұлы. Оның жастық шағы қиын кезеңде өтті. Бала кезінде қаншама қиындық көрсе де жігері жасымай, өмірге үлкен арманмен қарады. Алдына талаптар қойып, соған жету жолында бар күш жігерін жұмсады. Жастайынан талантымен танылды. Алдындағы аға буын шығармашылығына зер салып, солар секілді өлең өлкесінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Сыр шайыры «Сөйле, тілім, жосылып!» атты шығармасында:

Ашыл, көңілім, қош ұрып!

Сөйле, тілім, жосылып!

Тереңнен барып тер гауһар,

Ақыл мен білім қосылып!

Бізге деген халық тоны

Тұрғандай сырттан пішіліп.

Талабыма табылғай,

Талданған жібек есіліп.

Кәделі білгір емеспін,

Қанадан кеткен тесіліп, – дейді.

Бұл шығармасында өлеңге деген құрметі мен ел ықыласын ерекше бағалайды. Оның ұшқыр қиялынан шыққан әрбір жалынды жырлар мен дастандар, мысал өлеңдер мен өзінен кейінгілерге арнаған өсиеттері негізінен еңбекқорлыққа, адамгершілікке, Отанға, туған жерге, адамзат баласына деген сүйіспеншілікке, талапшылдық пен тапқырлыққа арналады.

Омар ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни сауат ашты. Оның ұстаздары Сыр бойындағы дарынды жыр дүлдүлдері Ешнияз сал, Нұрымбет сары Шегебай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет және басқалар болды. Омар өлең-жыр жазуды он алты жасынан бастады. Жасы жиырмадан асқанда үлкен ортада есімі ерекше аталып, ақындық қадір қасиеті арта түсті.

Ол ғибратты ғұмырында жиырмаға жуық дастан мен мысалдар, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-терме жазды. Омар Шораяқұлының қандай да болмасын шығармалары халық ақындары мен жырау-жыршылары арқылы Сыр бойы жұртшылығына кеңінен тарап, тыңдаушылары арасында жоғары бағаға ие болды.

Шайыр шығармалары газет-журнал бетінде, жинақтарда жарияланып, белгілі өнер зерттеушісі Мардан Бәйділдаев құрастырған «Шайыр» және ақынның туысы Әбжан Айсауытов 1995 жылы жинақтаған «Сөйле, тілім, жосылып» атты кітапта жарық көрген. Әр шығармасы жұрт жадында жатталған сыр сүлейінің өнегелі өмір жолы халық жадынан өшпек емес. Омар Шораяқұлы дәстүрлі өнердің қайталанбас қолтаңбасы болып қала бермек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: