Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай Қызылордадағы «Отбасы банкінің» басшысымен кездесті

06.01.2025, 14:35 258

Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ЖСДП» фракциясының мүшесі  Наурыз Сайлаубай мен ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының Төрағасы Нұрбек Дәуренбеков «Отбасы банк» басшысымен,  және тұтынушыларымен кездесті. Бұл кездесу банктың 2024 жылғы жұмыс нәтижелерін қорытындылап, тұрғындармен диалог орнату және алдағы жоспарларды талқылауға арналды.

Кездесу барысында депутат жастарды қолдауға арналған «Сыр жастары» бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтті. «Сыр жастары» бағдарламасы Қызылорда облысының жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бірегей бастама болып табылады. Депутаттың айтуынша, бұл бағдарлама жастарға жасалған үлкен мүмкіндік және оларды қолдаудың айқын көрінісі. «Бұған дейін осы бағдарлама аясында 100 жас өз баспанасын алды. Бұл үлкен жетістік және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам. Бағдарламаның биыл да жалғасатынына қуанып отырмыз» деді  мәжілісмен Наурыз Саятұлы.

2024 жылы «Отбасы банк» Қызылорда облысында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарды. «Отау» және «Наурыз» сияқты ипотекалық бағдарламалар арқылы жүздеген отбасы үйлі болды. Сонымен қатар, банк қызметін цифрландыруға айрықша көңіл бөлініп, тұрғындарға банкке бармай-ақ, онлайн қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл жаңашыл шешімдер тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып, банктің беделін арттырды.

Банк басшылығы мен қызметкерлерінің айтуынша, Қызылорда облысы тұрғындарына арналған бағдарламалардың қатарында жастарға арналған жобалар ерекше орын алады. «Сыр жастары» бағдарламасы жас мамандар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл бастама жастардың аймақта тұрақтап, еңбек етуіне және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор ықпалын тигізуде.

«Отбасы банк» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев та банктың аймақтағы қызметтері туралы өз пікірімен бөлісті. 

 – 2024 жылы тұрғындарға баспана алуға арналған бірқатар маңызды бағдарламаларды іске асырдық. «Отау» және «Наурыз» сияқты бағдарламалар жүздеген отбасыға өз баспанасын алуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта ипотекалық бағдарламаларды дамыту мен жастарға арналған жобаларды кеңейту бағытында жұмыс істейтін боламыз, – деп атап өтті ол.

Осы тұста ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының Төрағасы Нұрбек Сағатұлы мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана алу мәселесі туралы айтып, алдағы уақытта осыған байланысты ұсыныстар беретінін жеткізді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана мәселесін шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Олар қоғамның ерекше қолдауына мұқтаж, сондықтан тұрғын үй алудың қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Қазіргі таңда Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың баспаналы болуында қиындықтар бар екенін де байқауға болады. Бұл мәселені шешу үшін біз облыс басшылығы мен Парламентке нақты ұсыныстар дайындап, енгізетін боламыз. Арнайы тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру бағытында жергілікті билік пен «Отбасы банк» арасында тығыз ынтымақтастық орнатуды қолға алу маңызды деп санаймыз. Бұл тек әлеуметтік қолдау көрсету емес, әділетті қоғам құрудың айқын қадамы болмақ, – деді Нұрбек Дәуренбеков.

Бұл кездесу аймақ тұрғындарына банк қызметтері туралы толық ақпарат алуға, ал депутатқа халықтың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдауға мүмкіндік берді. Наурыз Саятұлының айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешуде мұндай бастамалар тек Қызылорда облысы үшін ғана емес, жалпы ел үшін маңызды қадам. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта осындай жобалардың жалғасатынына сенім білдірді. «Сыр жастары» бағдарламасы Қызылорда жастары үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашып, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама ретінде ел назарында қала береді. «Отбасы банк» алдағы уақытта да тұрғындардың сенімін нығайтып, жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларын жалғастыруды көздейді. 

ЖСДП Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: