Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атыраудың көшесінде «коронавирус» өріп жүр

27.05.2020, 18:25 534

HALYQLINE.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша,  карантин талабы күшейтілгеніне  қарамастан, қаладағы аулаларда, ойын алаңдарында балалардың  ойнауы  жалғасуда. Сондықтан  ата-аналарға ой салу үшін коронавирус түріндегі қуыршақтарды қолданылып отыр.

– Балалардың денсаулығын сақтау үшін осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыруды жөн көрдік. Өйткені, қауіпті инфекция балалармен бірге аулада «ойнап жүруі» мүмкін. Балалар даладан жұқтырып, үйге алып келуі  ықтимал. Балалардың шоғырланған жеріне коронавирус кейпіндегі қуыршақтар барады, – дейді Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов.

Балалардың кейбірі коронавирус кейпіндегі қуыршақты тосырқап қашқақтайды. Ал, кейбірі елігіп ойнағысы келеді. Сол кезде дауыс зорайтқыш іске қосылады.

– «Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың тағдырымен ойнамаңыздар. Оларды қауіп-қатерге итермелемеңіздер. Одан да балаларға қорған болып, қорғаныңыздар. Коронавирус індеті әлемде талай баланың ажалына айналды. Көзге көрінбейтін қатер жаныңызда жүруі әбден мүмкін. Балаңыз коронавирустың келесі құрбанына айналмасына кім кепіл?! Карантин – далада ойнайтын  емес, үйде қауіпсіздікті ойлайтын уақыт.  Балаларыңыздың,  отбасыңыздың амандығы үшін үйде отырыңыз, үйде ойнаңыз. Карантин біткенше шыдаңыз. Бұл – сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасалған шешім. Тәртіпке бағынып, сабырлы болыңыздар» деген сөздер естіледі, – дейді Берік Жәменов.

Ұйымдастырушылар осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыратынына  сенеді.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: