Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жігіттік

19.12.2024, 7:00 91

HALYQLINE.KZ

…Дәл мынадай оқиғаны бірінші естуім… Ия, біреу айтса сенбес едім, өз аузынан тыңдағанда таңданғаным рас. Бауырдан бала жақын бұл дәуірде бөтенге бауырмалдық таныту деген мыңнан біреу шығар… Сөз жәрдем, қол жәрдем деген болар, мына шарапат бір әке, бір шешеден туғандар арасында да кездесе бермейді.

Шынында, бұл өмірде не болмай жатыр, оны шарадай көз көре-көре үйренісіп кетті. Қиял-ғажайып ертегінің елес түрі емес, табиғи бейнесі түрленіп, таңырқайтын тақырып қалдырмады. Аңсар ақшаға ауған уақытта дүрбелеңнің көкесі дүние бөлісте болады. Бір-бірін көрмей кету де, ат құйрығын кесіп, ағайыннан ажырап қалу да, тіпті қылмыстың тоқсан пайызы ақшаның айналасынан тұтанады. Ол ешбір дәлелсіз!

Менің бір інім бар. Үлкен бизнес мекемесін басқарады. Қалыбы қой тектес, семіздікті көтере біледі. Менмендік жоқ, мейірімі мол. Ауылы үшін жүрегін үзіп беруге бар, жоқ-жұқанға да көмектесетін сол, кем-кетікті толтыратын да сол. Бергенін бәлсінбегеннен бе, әлде қарапайымдылығын қаперге алмай ма, ол туралы озық ой білдірген бірде-бір адам көргенім жоқ. Тіпті пайдасын көріп отырып, арқасынан қаққан ақсақалды аңғармадым. Өйткені оның руы бөлек, елі басқа. Сонда деймін-ау, ауылым деп аңқылдаған азаматын бағалай білмеген руға бөлгіш қариялардан да қайыр кеткен екен ғой.

Інімнің әкесі құдай деген кісі. Таққа отырған төре де емес, жүргізуші болған қатардағы қазақ. Несібесіне он ұлға татитын бір бала берді. Сол ұлы оқыды, бойын тіктеді, кәсіп ашты. Қазір асығы алшысынан тұр. Біреуге алақан жайған жоқ, біреуге қамқорлығын көрсеткеннен басқа.

Осыдан біршама уақыт бұрын ауылдың бас көтерер бір азаматы ақшадан қиналып, көмек сұрапты. Мың теңге емес, доллар!

Қашанда кең жүректі інім қолын қайтармады. Алдымен сұраған 34 мың АҚШ долларын, кейін 7 млн теңге берді. Ақша алғаны жөнінде азамат оған қолхат беріп, қарызды екі-үш ай ішінде қайтаратын болды.

Тағдырдың ісі шығар, әлгі атпал азамат мезгілсіз қайтыс болды. Мұсылман халқында жаназа шығарар алдында жиналған жұрттан оның елге қарызы бар ма, жоқ па деп сұрайды. Бұл – молданың дәнекер ісі. Себебі ақтық сапар алдында марқұмды алашақтан арашалап алуды көздейді.

Сол жаназаға інім шыққалы тұрғанда әкесі: «Сен анық менің балам болсаң, қарызыңды сұрама. Егер қарызыңды сұрасаң, мен бүгін өзімді тірідей жерлеймін. Осы сөзім жерде қалса, сен жүрегі жоқ жігерсізсің» депті.

Әкенің сөзі оқ емес пе, інім айтқанында тұрды. Ләм-мим деп жақ ашпады. Арада жылдар өтті, әлі де сол сөзін жұтқан күйі жүр. Ешкімге естіртпей, қарызды толық кешті. Мұны тек мен ғана естідім.

Айтпақшы, марқұм кісінің қасында серігі болған, осы алашақты көрген екен, ол да үндемей келеді. Бірақ бір құдай бар ғой, болар іс болды, бояуы сіңді.

Мен әкесіне де, өзіне де риза болып, нағыз мәрт қазақсың дедім. Біз сенсация қылып, өсек-аяңды аңдығанша осындай ел ішіндегі мәрт мінезділерді сөз етпейміз бе, неге бауырмалдықты басымыздан биік көтермейміз? Бай қуатты бағландардың өзі мұндай мәрттікке баруы көрген түстей көмескі. Соны сезген соң сүтпен сіңген қазақы қасиет қайда деймін ғой. Неліктен бекем бел, берік байлам босап кетті? Оның бәрі өзімізден… Пейіл тарылып кетті, көрде тояр көрсеқызарлық ақылға мұрша берер емес.

Туасы, азамат атына кір келтірмейтін жалынды жігіттер жасай берсін! Еркек басымен бостекі сөз қуғанның аузы күйсін, сөзін ісімен дәлелдегеннің екі дүниеде маңдайы жарық болсын! Айтарым осы…

Қаныбек  ӘБДУОВ,

журналист

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: