Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілсіз Табиғаттан бір тәубе

28.05.2020, 11:00 826

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы

Бүгін де түйдек бұлттар Қызылордадан оңтүстік-шығыста, Қаратау сілемдеріне тіреліп тұр. Нөсер бұлттары. Міне, соңғы көрінісі жиырма күнге жуықтады, осындай бұлттардың таусылмастай нөпірі Оңтүстік өлкелерге төпеп жауып жатыр. Бергі шеті Қаратау болғанда, онан ары – Алатау, мына беті – Памир-Алтай таулары. Циклон бұлттары сондай биік­терге тіреледі. Тауларға тірелген циклон сол жерлерге барын төгіп тастайды. Сондай себептен, бірінші болып­, көршідегі Сардоба су қоймасы сыр берді. Онан беріде Түркістан облысының Төлеби ауданында, Шымкент шаһарында сел тасқыны жүрді. Келген шығындар жүздеген миллиондарды көрсетті. Олардан ары не болып жатқанын бір Құдай біледі – аумақ үлкен,  хабарлар  ала-құла.

Бұл  жайттар  ояу көңіл, ашық көзге біраз нәрселер айтып  тұр.

Ал  Қызылорда тұсындағы Сырдариямыздың табанын­да су орнында жал-жал өлі құм жатыр. Жылда­ көктемде тіршілік белгісін білдіріп, жан-жағына тіршілік тасқынын жаятын дария биыл қыс-көктемнің молшылық мезгілінде «өлеусіреген» халде жатты. Бұл қалай? Биылғы қыстың қары қалыптан 2-3 есе артық болды. Ал көктемнің апатты нөсерлері әлгіндей. Сонда­ Сырдың суы қайда кетіп жатыр?

Шамасы, өзі тойса да, көзі тоймайтын Оңтүстіктегі су қоймалары алаптағы суды аузы-мұрнынан шыға бөгеп отыр не құмға жіберіп жатыр. Әйтпесе, көп су қайда кетіп жатуы мүмкін? Судың сұрауы үлкен!.. Ондай­ «күптіліктің» арты жақсы емес. Тіпті, Сырдарияда апатты жағдай орын алғанда ғана іске қосылуы тиіс берідегі «Көксарай» су реттегішінің өзі жай су қоймас­ына айналып, дария суын ұстап отыр. Бүйте берсе, «бұлт ала, жер шала» болатын жылдары енді, Арал  емес, бүкіл Сыр бойы қурап қалуы керек пе?

Сырдарияның қалыпты ағынында біздің заңды түрде бекіген 12 текше шақырым үлесті таза суымыз бар. Бұл үлес дарияның әр жылға жағдайына сәйкес процентте реттеліп отыруы тиіс. Ал енді, биылғы мол­шылы­қ жылы бұл көлем 2-3 еседей (жауын-шашынға сәйкес) көп болуы керек еді. Бірақ жағдай мүлдем керісін­ше  болып  шықты.

Мемлекет деңгейінде шұғыл шаралар мен шешімдер керек. Ортақ дария суы жерінен сол дария өтіп жатқан елдерге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалмауы да, жасатпау да керек! Өйткені қай көршінің де бір-бірінде аманат мүддесі бар… Көршілердің көптеген аманат-тірліктері  біздің де кең-байтақ  жерімізден  өтіп  жатыр…

17.05.2020ж., сағат 16:00.

* * *

Осы күні халықта сөз көп: «Түркістан жеріндегі аруақ, әулие-әнбиелерден маза кетті, табиғат соған ренішті» деген сияқты алыпқашпа әңгімелер қауға тиген оттай лап-лап етеді. Расында, Оңтүстіктегі биылғы­ көктемнің ауаны біртүрлі болып тұр… «Нұр­дың  суы» десек те, төпеп жауған жауынның, еліре соққан­ дауылдың репеті жақсы емес. Тіпті бір тұста бұрын-соңды байқалмаған торнадо шаң берді. (Бір әуесқой түсірілім видеожазбада жүр осы). Торнадо деген­ – Америка  жерінде апат пен ажал түренін  салып,­ жайпап  өтетін  тажал.

Мистикаға берілмесек те, табиғат мінезіндегі бір ишараны аңдамау мүмкін емес. Аралды қойып, енді Сыр (Әму) бойын, киелі Тұран табиғатын жұтатудың кезегі келді ме? Тауда қоймалар күптіліктен жарылып жатса, Сырда әлден су жоқ. Әму-көрші де солай болар?.­. Жалпы, Тұран төріне жайылған Қызылқұм, Қарақұмдардың сан ғасырлық болмыс-табиғаты, тыныш­тығы – мыңжылдық ұлы шөлдер философия­сы  бұзылған. Оларда тұздану, сорлану, Арал мәйітінен сынып түскен жарықшақ-сулар, арамза «теңіздер» пайда болған. Міне, осыған парасаты бізден көп жоғар­ы Табиғат өз қарсылығын білдіріп жатқан сияқты­. Қарлы қыс, қара жауынды көктем соның бергі белгілеріне ұқсайды. Мұндай қарсылық, бір кездері, аспаннан бір тамшы тамбайтын қуаңшылық түрінде келуі де мүмкін. Сөйткенде, жұқарған мұздықтар біржола еріп  бітсе, осы жұрт сосын, қай «дарияның» емшегін  емер  екен?

«Сен ашкөз тойымсыздығыңды тежемесең, Мен шектеймін!» деген болмыс ескертуі көзге ұрып-ақ тұр. Ал Жаратылыстың анық ескерту-шектеуі сұрапыл болмағын аңдауға көп ақылдың керегі жоқ. Адамдар таупыққа келсе дейді Табиғат. Сыр (Әму), Арал алабынд­ай  тепкі  көрген  өлке  іскерлері Құдайдың бар  екенін  ұмытпаса  дейді!

Нұх пайғамбар көп ескерткен Топансу жауыннан басталып еді ғой…

Биік тауларда Тұран төбесінен төніп, бір өзі ғана 18 млрд текше метр су жинаған, мінезі тұрақсыз, аса қатерлі Сәресі көлі жатыр. Бір өзі ғана 19 млрд су жинағ­ан Тоқтоғұл, Нүрек, Рогун апандары тұр. Құдай бетін аулақ қылсын, олар да әлгі пенделер ниетінің ізімен «күпті болса», әуелгі биігі 100 метр болып құлай­ты­н топансу, жолындағыларды жайпай, 2-3 күнде Арал­ға  бір-ақ  жетеді  екен.

Ендеше, ағайынға қанағат, таупық керек емес пе?! Апаттардың алдын алатын адамдардың иман қуаты емес пе еді?..

Біздің тасаттық сөз осы.

18.05.2020ж., сағат 16:36

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: