Ақылбек ШАЯХМЕТ
Қайсысы ұнайды?
Үйшіктегі төбет пен даладағы қасқыр. Үйде пырылдап жатқан мысық пен орманда жортқан барыс. Тордағы тоты мен бақшадағы бұлбұл. Сізге қайсысы ұнайды?
Обалы кімге?
Шетелдің біраз киносында қарақшылар мұратқа жетіп, жезөкшелер бақытты болып жатады. Сол кинолары көріп өскен жас ұрпақ ертең қандай адам болады? Обалы кімге?
Шала туған
Мұхтар Әуезов: «Күні жеткен бала күшенбесе де туады» деген екен. Тоғыз ай тоғыз күн көтерген бала да, жеті айлық болып шала туған шарана да ержетіп, адам болып кеткенін көріп жүрміз. Ал қаламгерлер қаламынан шала туған жазбалар туралы олай айта алмаймын. Күшеніп жазған жолдар үрген қарындай орта жолда жарылып қалуы мүмкін.
Бола ма?
Жаман арбаны жақсы атпен сүйреуге бола ма? Жаман атпен жақсы арбаны сүйреуге бола ма? Жегуге болады. Қайсысына сіздің көңіліңіз толады?
Неге?
Етікті мақтағандардың шұлғау туралы айтқанын естімеппін. Ұлтарақ туралы да ешкім жұмған ауызын ашпайды. Неге? Көрпенің тысын мақтаса да, астары туралы көп айтылмайды. Өмірдің заңдылығы ма?
Суретшілер қиялы
Суретшілердің қиялы да әртүрлі. Олар көбінесе періштеге аққудың қанатын салады.
Шайтанның суретін салғанда басына қошқардың мүйізін, аяғына ешкінің тұяғын жапсырып қояды.
Көкте қалықтайтын қанат таза, жерде күл-қоқысты басатын тұяқ лас екені түсінікті. Мүйіз нені меңзейді?
Түсінбеймін
Бәйгеден тұлпары оқ бойы озып келгенде терең суға түсіп, арғы жағаға аман шыққан кісідей қуанған кісіні көрдім. Сүйікті командасының ойыншысы қақпаға гол соққанда әйелі ұл тапқандай қуанған жанкүйерді көрдім. Бокста жеңіс тұғырына көтеріліп, елдің әнұраны ойналғанда көзінен жас шыққан жерлестерімді көрдім. Ал көкейден керемет жыр жолдары шыққанда қол соғатын қошеметшілер неге аз? Соны түсінбеймін.
Ағаш
Ағаштың ұшы биікте тұрса да адамға пайдасы жоқ. Сол ағашты ұстап тұрған тамыр көзге көрінбейді. Бұтақтар мен жапырақтар туралы сөз басқа. Тақтайлар болса қайдан шыққанын біледі. Ағаш туралы айтқанда осының бәрін ескерген дұрыс.
Тізгінші
Жүргізуші деген сөзден жалыға бастадық. Өйткені, көлік айдаушы да – жүргізуші, хабарды ұйымдастырушы да – жүргізуші, жиынды басқарған кісі де – жүргізуші. Қазақта тізгінші деген әдемі сөз бар. Яғни, кез келген көлікте руль ұстаған адам тізгінші. Хабарды жүргізуші журналист тізгінұстар. Орыстың «водитель» және «ведущий» деген сөздерін тікелей жүргізуші деп аудару – өрескел қате.
Супермаркет
Супермаркетке бай болып кіресің. Шығарда кедей екеніңді білесің.
Ескі және жаңа
Ескі кітаптардың көбін сүйсініп оқыған кісілер жаңа кітаптардың біразының бетін ашқанда тіксініп қалады. Өйткені, ескі кітаптардың ішіндегі суреттер мен ойлар ескірген жоқ. Ал кейбір жаңа кітаптарда баяндалатын оқиғалар нанымсыз, тілі орашолақ, сюжеті сүреңсіз.
Артық, кемі жоқ
Бала өсірген ата-ана, шәкірт тәрбиелеген ұстаз, мал баққан бақташы, егін салған диқан, соқа соққан ұста, аяқкиім тіккен етікші – кімнің еңбегі бағалы?
Жұмысына адал болса – барлығының да еңбегі бірдей, артық, кемі жоқ.
Қойдың басы
Жоғарғы шенділер жиналған басқосуда қойдың басын қолына алған беделді ақсақал, менің ойымша тілді депутаттарға, көзді министрлерге, құлақты әкімдерге, миды Премьер-министрге беруі керек. Қалған құйқаның қызығын халық көруі керек.
Болар ма екен?
Авторы да, атауы да көрсетілмеген кітап сатылымға түссе, оны сатып алатындар болар ма екен? Оны алатындар, алдымен ішін ашып көрсе, әрине, болады.
Іші сылдыр су кітапты не авторына, не атауына қарап алатындар да болады.
Кімнен көремін?
Тісім ауырса, тәттіден көремін. Тамағым ауырса, суықтан көремін. Белім ауырса, ауырдан көремін. Шаншу қадалса, желден көремін. Жүрегім ауырса, кімнен көремін?
Қол жаю
Белгілі азамат қайтыс болғанда оған топырақ салып келгеннен кейін ас берілді, дұға оқылды. Келгендер қатарында ұлты басқа кісілер де болды. Бір байқағаным, олардың кейбіреуі бата бергенде, құран оқығанда қолдарын жаймады. Сонда бұлар ас жеуге ғана келген бе деген ой келді. Жанымда отырған бұрын басшы болған біреуіне ақырын ғана: «қол жайғанның ешқандай ерсілігі жоқ, оның дінге қатысы жоқ, мұсылман болып кетпейсіз, қол жаю айтылған тілекке қолдау білдіру» деп едім, басын изеді де қойды, былқ еткен жоқ.
Не істейді?
Бұтаққа қонған құс бұтақ сынса да құламайды, өйткені, оның қос қанаты бар. Бұтаққа мінген аң құлайды, өйткені, оның қанаты жоқ. Ал өзі отырған бұтақты кескен кісі не істейді?
(Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!