Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр кәсіпкерлері өнімдерін жұртшылыққа паш етті

12.11.2024, 8:50 726

HALYQLINE.KZ

Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына – 10 жыл

Қызылорданың қай өңірінде, тіпті ауылында болсын кәсіп бастауға деген қызығушылық, тауар өндіріп, халыққа игі қызмет жасауға құлшыныс жоғары. Тіпті үй жағдайында бос отырмай, қасындағылардан құрам жасақтап, бүтін бір қарашаңырақты кішігірім зауыт, фабрика қылғандардың қарасы көп. Бұған жақында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығында өткен кең көлемді, Сыр кәсіпкерлері туындыларының көрмесінде куә болдық. Қызылорданың жан-жағынан, дәлірек айтсақ, жеті ауданның түкпір-түкпірінен келген іскерлер кәсіпорындары мен тауарларын барынша жұртшылыққа таныстырды. Түскі уақытқа таяу ұйымдастырылған іс-шарада келушілер Қызылорда кәсіпкерлерінің қолөнер бұйымдарына таңырқай қарап, бірінен соң бірі сауда жасап кетті. Аталған көрмеде өз қолынан сабын жасаушы да, әншейінде сырт жақтан алдыртатын джинсыды өз қолымен тігуші де, онымен қоймай қазақи өрнектелген жұмсақ ойыншық жасап, кәсібінің нәсібін көріп отырғандар да бой көрсетті. Жұмыстары бағаланған кәсіп иелері облыс әкімі орынбасарының қолын алып, марапат биігінен көрінді.

Жиылған қатысушылар қолдан дайындаған дүниелерін Қызылорда инвестициялық орталығының төменгі қабатында паш етті. Тауарларда нақты шектеу жоқ. Қатысушы кәсіпкерлер азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық химия өнімдерін және қайта өңдеу өнеркәсібін өндіру бағыттары бойынша сынға түсті. Облыс көлеміндегі көрмеге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбеков, өзге де салаларға қатысты мамандар мен қаржы институттарының басшылары, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.

2014 жылы осы РИЦ деген арнайы мекеме ашылып, осы бүгінге дейін 2700-ге жуық жоба қолға алынып, 14 млрд теңге көлемінде инвестицияланған. Мекеменің онжылдығын қалай өткіземіз деп ойлана келе, орталықтың негізін қалаушылармен ақылдасып, арнайы пилоттық жоба жасаймыз деп шештік. Негізі орта және шағын бизнеске 42,5 млрд теңге бөлінген. Ал өңдеу саласының үлесін зерттер болсақ, өте жақсы көрсеткіштерге куә боламыз. Осы тұрғыда біздің өңір облыстар бойынша үздік үштікте келе жатқанын ерекше атап өтуіміз керек. Ал егер салық жағын айтсақ, жалпы облыс бойынша 63 млрд теңге салық түскен болса, оның 20 пайызы орта және шыған кәсіптен түскен. Бұл тұста сіздердің үлестеріңіз мол. Онжылдық мереке құтты болсын дегім келеді. Егер қандай да бір идея, ұсыныстарыңыз болса, осында келіңіздер, – деді әкім орынбасары.

Іс-шара барысында Ардақ Зебешов облыс басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының 10 жылдығына арнаған жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Құрметті Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының ұжымы! Сіздерді өңірлік орталықтың 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Облыстың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін риясыз алғысымды білдіремін. Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы аймақта кәсіпкерлік саласының, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жүр, көшбасшы қаржы институттарының бірі әрі бірегейі. Орталық мамандарының нәтижелі жұмысының арқасында аймақта ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Тәуелсіз еліміздің мұрат-мүддесі жолындағы қызметтеріңізге толағай табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға тек бақ-береке тілеймін» депті Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау хатында.

Әкім орынбасары сөз сөйлеп болғасын бақ сынасқан кәсіпкерлер тиісті марапаттарын алды. Сарапшылардың шешімімен үздік деп танылғандар құрмет төрінен көрінді. «Азық-түлік өнімдері өндірісі» бағыты бойынша үшінші орынға бал өнімдерін ұсынушы сырдариялық ЖК «Жания» лайық деп танылды. Екінші орынмен жүгері шырынын шығаруды кәсіп еткен ЖК «Тәуекел» марапатталса, бірінші орынды тосап өндірісімен айналысатын Шиелі ауданынан арнайы келген ЖК «Борлыбаев» иеленді.

Ал енді «Құрылыс материалдары» бағыты бойынша оза шапқандарға кезек берейік. Үшінші орын құрғақ қоспалар шығаратын шиелілік ЖК «Айданға» бұйырды. Екінші орынды құрылысқа қажет желім шығарушы ЖК «ВЕГА-Пром» алды. Бірінші орынға қалалық пластик құбырларын шығаратын ЖК «Завод композитных труб» ие болды.

Жеңіл өнеркәсіп бағыты бойынша үшінші орынға қолғап шығаратын ЖК «Гүлзира» ие болды. Екінші орын тігінмен айналысушы ЖК «Анельяға» бұйырса, бірінші орынды сырдариялық тігін және ағаштан бұйымдар жасаушы ЖК «Айқын» қанжығасына байлады.

Тұрмыстық химия өнімдерін және қайта өндеу өнеркәсібімен айналысатындар да құрқол қалмады. Үшінші орынды ұлттық, сазды аспаптарды нақышына келтіріп жасаған «Жетіген саз аспаптары» ЖШС алды. Екінші орынды ағаш бұйымдарын шығаратын ЖК «Нұртөре» еншіледі. Ал бірінші орын кір жуғыш ұнтақ пен сабын шығаруды кәсіп еткен ДК «Әділеттің» қоржынына кетті. Бір қызығы, бұл санат бойынша үздік танылғандардың бәрі дерлік – қалалық өнеркәсіп иелері.

Байқап отырғандарыңыздай, Қызылордадан шықпайтын нәрсе жоқ. Тек ұлттық креативті индустрияны өркендетіп отырғандарға қолдау жетіспейтін секілді. Осы тұста «Жетіген саз аспаптары» ЖШС-ның иесімен сөйлестік.

1990 жылы әкем домбыра шеберханасын ашқан. 10-сыныптан бастап әкемнің қасында жүріп, аталған саланы бүге-шігесіне дейін меңгеріп алдым. Артынша университет бітірген соң «Қазақстан-2020» жол картасы бойынша кәсіпкерлік бағытта қаржы алып, мемлекеттік қолдаумен Қызылорда қаласынан шеберхана ашып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Сауда жаман емес. Сырт жақтан, тіпті шетелден біздің өнімдерді сұрап жатады, – дейді ол.

Қазақстанның ұлттық креативті индустриясын өркендету бағытында ұйымдастырылған бұл кәсіпкерлер көрмесі елдің инвестициялық әлеуеті жаңа белеске көтеріліп келе жатқанының бірден-бір айғағы десек, артық айтқанымыз емес. Осы тұста он жылға жуық бастаушы кәсіпкерлерге пана болып, көмек қолын созудан жалтармаған Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының да ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды. Ел экономикасына сәл де болсын үлес қосып, өнеркәсіптің әртараптануына ықпал ететін осы шамадағы іс-шаралар көбейе берсін дейміз.

А.АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: