Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыс азайған, «қылмыскер» көбейген

31.10.2024, 10:40 178

Мұндай ақпаратқа да өкініштісі сол, көз үйренді. ҚР Бас прокуратураның құқықтық статистикасына сүйенсек, соңғы он жылға жуық уақыт ішінде қылмыстық көрсеткіш саны 3 есеге жақын төмендеген. Есесіне әкімшілік құқықбұзушылық саны 3 есеге артқан. Ал жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіпті. Qamqor.gov.kz құқықтық статистика порталы осылай дейді. Цифрға қарасақ, елімізде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің саны артқанын байқау қиын емес. Бұл сөзімізді Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы қызметінің биылғы жылғы 9 айдың қорытындысынан да байқауға болады. Онда лауазымды тұлғалар құқықбұзушылыққа жол бергені анық айтылған.

Қорытыныды баяндамада «Лауазымды тұлғалардың іс әрекетінде әкімшілік құқық­бұзушылықтың белгілері бар 802 аудит материалдары әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкі­леттілік берілген органдарға жолданды. Оның 141 аудит материалы бойынша 25 043 928 теңге әкімшілік айыппұл салынып, бюджетке өтелді. Мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары 635 аудит материалы бойынша «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 23 материал бойынша ескіру мерзіміне байланысты әкімшілік жауапкершілік іс қозғалмаса, 3 материал бойынша сот қаулысына сәйкес «ауызша ескерту» берілген, 1 аудит материалы қарау барысында» делінген.

Лауазымды тұлғалардың қылмысы түсінікті. Онда бюджеттен ақша жымқыру, қымқыру фактілері болады. Ал ҚР Конституциясында жазылғандай, мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Демек, бізге адам өмірі мен бостандығы маңызды. Дегенмен, адам өмірін ойынға айналдырғандардың әрекеті қатаң жазалануы тиіс. Заң да осыны құптайды. Ал соңғы болып жатқан қылмыстық көрсеткіштер мен құқық­бұзушылық оқиғалары қоғам арасында үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр. Өкініштісі сол, әрине. Сонымен, бір жыл ішінде жасалған қылмыстың  санына  тоқталсақ.

Жыл басынан бері 10 айдың қорытындысы бойынша, елімізде 2611 аса ауыр қылмыс жаса­лыпты. 17921 ауыр емес қылмыс болса, теріс қылық саны 21304-ті көрсетті. Одан бөлек 31173 ауыр қылмыс тіркелсе, 44129 ауырлығы орташа қылмыс санатына жатқызылған. Ал жалпы алсақ, биыл 117138 қылмыс есепке алынған. Одан бөлек, полицияға арыз бермеген жағдайлардың да болатынын ескеру керек.

Жә, енді бұл қылмыстың қай өңірлерде көбірек тіркелгеніне мән беріңіз. Статистикаға сәйкес, Алматы қаласында ең көп қылмыс жаса­лады екен. Онда 21011 оқиға тіркелген. Ал екінші мегаполис қала Астанада жыл басынан бері 16092 қылмыс есепке алынса, үштікті толық­тыратын Қарағанды қаласында 7000-ға жуық қылмыс жасалған. Қылмыс­тық көр­сеткіштер ішінде Қызылорда облысы 19-орында тұр. Мұнда жыл басынан бері 2673 оқиға болған. Ал 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында 11 134 710 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда  42,9%-ға артып, 2023 жылы тіркелген 7 792 665 құқықбұзушылықпен салыстыр­ғанда едәуір  өскен. Сонымен бірге, әкімшілік жауап­кершілікке тартылған  тұлғалардың саны да айтар­лықтай өсті. Биылғы жылдың тоғыз  айында 10 762 988 адам әкімшілік жауап­кершілікке  тартылды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі­мен  салыстырғанда 43,3%-ға артық (2023 жылы – 7 511 324). 2024 жылы қолданылған  әкімшілік  жазалардың  саны 10 762 988 болып, өткен жылмен салыстырғанда 43,3%-ға көбейді (2023 жылы – 7 511 324). Бұл деректер әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау мен жазалау ісіндегі тиімділіктің артуын көрсетеді. Тоқтатылған әкімшілік істердің саны да өсім  көрсеткенін  байқау  қиын емес. Осы жылдың  тоғыз  айында  тоқтатылған  істер саны 234 393-ке жетіп, өткен кезеңмен салыстыр­ғанда  30,8%-ға  артық  (2023  жылы – 179 227). 

Жоғарыдағы кестеде Қызылорда облысы бойынша жасалған қылмыс түрлерінің соңғы 9 жылдағы статистикасы көрсетілген. Кесте  qamqor.gov.kz құқықтық статистика порталынын  алынды.

Е.ҚАЛИЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: