Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

24.10.2024, 9:20 124

Көргені  жоқ  көнекөз

Көнекөздер келген сайын қуанып, бүгін құлақ құрышым ескі де есті әңгімеге, өткен шақтың шежіре-тарихы­на бір қанады-ау деп қаласың. Алайда кейбіреуі «Мен» деп бастап, «Мен» деп аяқталар ұзын-шұбақ көкімесін езіп, көбігін басыңа жағып, әлгі әуестігіңді әңкі-тәңкі қылып кетеді.

Адасудың  алды

Орта, қоғам, жұртшылық сауатсыз болса, кез келген сандырақ, даңғырақ, маңырақ сөздің соңына желпілдей желіп, елпілдей еріп кетеді…

Байлық  пен  кедейлік

Бай  болу – мықтылардың мұраты емес. Мықтылардың мақсаты – кедей болып  көштен  қалмау.

Міне,  ғажап!

Жиналыссыз, жиынсыз бір күн өтті-ау…

Науқан  алдында

Штаттағылар тым-тырыс отыр. Штабтағылар бар мәселені шешіп жатыр.

Кім  қайсысы?

Арақты қоймаймын деп, әйелінен айырылғандар бар… Арақты қоймаймын деп, жұмысынан айырылғандар бар… Арақты қоймаймын деп, атақ-абыройынан айырылғандар бар…

Ант  атқандар

Ант қабылдау дегенді сән қылған сайын, ант атқандар көбейе береді екен…

Ауызға  түскен  аудаң  сөз

Сақылдап қайнаған шәйнектің буы қақпақты көтереді, қалта толған көп ақша нақұрыс пен ақымақты көтереді.

Мызғымас  қызметкер

Қызметін сақтап қалу үшін қасындағыларды қырып-жоюға, айналасындағыларды аранға айдағандай айдап орға жығуға бар.

Жаназадағы  өлең

Бір қауым елге қайғы тұндырған біреудің жаназасы біреудің өлең оқып өзінің ақындық дарын-қабілетін көрсететін трибунаға айналған  екен.

Белгісіздіктен  белгіліге

Белгілі  адамдармен ғана суретке түсетін белгісіз адам бірте-бірте белгілі  бола  бастайды…

«Асату»  қалып,  «алдыру»  шықты

Бұрын той-тобырда табақ толы еттен «асату» бар еді, қазір стақанын сүйрелеп келіп, көмейіңе құйып жіберердей боп өңмеңдеп «алдыру» деген шықты.

Фотосурет

Фотосуретті әрлеп өңдеудің дамып кеткені сондай – бір бойдақтар көз алдындағы сұлу бойжеткен­дерге емес, суреттері шалқаңнан түсірер кемпір-сампырларға ғашық болып қалатын болып жүр.

Қарайласқан  тірлік

Ажары кеткен ауыл әлі де үмітін үзбей ауданға қарайды. Алақтаған аудан қамданып, қолын созып облысқа қарайды. Облыс мойнын созып жоғарыға қарайды. Жоғарыдағылар ұрты бұлтия қалып бір-біріне қарайды… Сөйтіп үнемі қарайласып отыр-ақ…

Атала  көже  ішкен

Барлық салада дамылсыз дамып бара жатқанымыз үлкенді-кішілі мінберлерден аталып өтіп жатыр, аталып өтіп жатыр. Ал халықтың бір бөлігі әлі күнге атала көже ішіп отыр…

Кесір  қылық

Кішкентай білімді, кішкентай ойлы адамдарды қызмет баспалдақтарында өсіре бергендіктен, қоғамда үлкен-үлкен қиындықтар туындап отыр.

Мүше  менталитеті

Біреудің қозып кететін арқасы бар. Біреу­дің бүлк етпейтін беті бар. Біреудің жылмаңдаған жүзі бар. Біреудің тойып болмас аузы бар. Біреудің сылп-сылп еткен ерні бар. Біреудің бүлкілдеген көмекейі бар. Біреудің жуан жұдырық қолы бар. Біреудің су жұқпайтын  аяғы  бар…

Тәтті  естеліктер

Бүкіл тірлік азап пен қиындықтармен басталып, азап пен қиындықтармен аяқталады. Алайда сол көп азап пен көп қиындықты қалай жеңгенің еске түскенде, көкіректе тәтті-тәтті сезімдер толқыны жүгіріп, жүрегіңді елжіретеді.

Не  қылған  адам?

Кабинетіне бара қалсаң, айтар сөзін түсіндіре алмайды. Қой, өзім біредеңе дейін десең, айтқан сөзіңді аузы аңқиып  тағы  түсінбейді.

Ақылдылар  азайғанда

Кей ортада ақылды адамдардың аздығы сондай – ақылды адамды көрсет дей қалсаң, кімді көрсетеріңді білмей сансырап-ақ қаласың.

«Өнер  мекемесі»

Өнерлілер кетіп, өнерсіз дәлдүріштер қала­ған «өнер мекемесі» өнерді насихаттайын десе, өрелері жетпей өндіршектеп жатыр.

Түрі  қашқан  тәрбие

Рухты  ұлттық  тәрбиеден гөрі, ұрда-соқ рулық тәрбиенің мықтымси қалғаны – әр  жер-әр  жерде  көрініп  қалады.

Ақиқат

Бізден соң да өмір бар…

Кәрінің  махаббаты

Жас сұлуды құшырлана сүйемін деп, өз аузын­дағы протезін шайнап тастады.

Интим

Қаусап отырған кемпіріңе жылы ұшырай қарап, құйрық жағынан қағып-қағып қалсаң, бет әжімі жазылып, қисық тістері ақсиып, көзінде нұр пайда болып, жүзіне қан жүгіріп, қылмия  қалады.

Өмір  өтуде

Құдажол, той, ас деп… Құдажол, той, ас деп… Құдажол, той, ас деп уа­қытымыз сырғып, өмір  өтіп  жатыр…

Қара  қыздың  қылаусы

Қара  қыз ағарамын деп жаздай күндіз күн астына шықпаған еді. Алайда ағарамын дегені болмай, қара  қызымыз  боп-боз болып  бозарып  кетті…

Қадірсіз  болмайсың

Қадіріңді  әкімдер  білмесе  де, әркімдер  біліп  жүрсін.

Есептегіш

Кейбіреулер өздерінің аз жалақысын есептеп ала алмай жүріп, айналамыздағы байлардың жиған-тергенін есептеп шотқа қағып естен танып отырады.

Тойда

«Қашан басталады екен?» деп сілең қатып, діңкәң құрып отырады. Басталған соң: «Қашан аяқталады екен?» деп есінеп-құсынап  қаралай  шаршап  отырасың…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы өткен санда.  Жалғасы бар)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: