Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек озаттары – марапат төрінде

21.10.2024, 16:30 147

HALYQLINE.KZ

Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Алтын күз – 2024» іс-шарасы ұйымдастырылып, аудан озаттары марапатталды. Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай арнайы қатысты. Сондай-ақ, берекелі шақтың мерейлі сәтіне Сырдария ауданының Құрметті азаматтары Б.Маншарипов, Ж.Бодықбаев, ауданның еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері куә болды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртай еңбеккерлерге науқанды мереймен аяқтап, зор жетістікке жетуіне орай аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

– Несібесін жерден терген, қызметін елге жасаған, ерте көктемнен қара күзге дейін тынымсыз тіршілік еткен диқандардың еңбегі барлық мақтау мен марапатқа лайық. Тыныс-тіршілігіне атакәсіпті тірек еткен Сыр өңірінде, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында тың серпін, өрісті өркендеу бар. Биыл біздің күрішшілеріміз әр гектардан 58 центнерден өнім жинады. Бұл – үлкен көрсеткіш. Мұндай жетістікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, ел Үкіметінің нақты қолдауының арқасында жетіп отырғанымызды баса айтуымыз керек. Қамбамыз дәнге толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртай аудан еңбеккерлерін облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Мұнан соң аудан әкімі Берік Сәрменбаев еңбеккерлерді ұлттық мереке – Республика күнімен және дала еңбеккерлерінің мерейлі сәті – «Алтын күз» мерекесімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек» деп атап көрсетті. Аймақта Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аграрлы сала қарқынды дамуда. Соңғы 3 жыл ішінде мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылық құрылымдары есебінен 29 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ағымдағы жылдың 9 айында ауданда ауыл шаруашылығы саласында 21 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,3 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрап, өсім сақталды. Биыл ауданда 34 273 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21872 гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Президентіміздің суды үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес, аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, су шығынын азайту мақсатында егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы үлкен. Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Биыл шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісімен 100 гектар жерге әртүрлі дақыл орналастырып, мол өнім алды. Осындай айтулы жұмыстардың нәтижесінде жақында облыста өткен «Алтын күз» мерекесінде аймақ басшысы жыл қорытындысымен Сырдария ауданын «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен марапаттады. Бұл – Сіз бен біздің бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі. Сіздерге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Құттықтаудан кейін ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен озаттар аудан әкімінің және тиісті салалық басқарма басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ үздіктерге арнайы диплом мен сертификаттар табыс етілді.

Мерекелік іс-шарада аудан еңбеккерлерінің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: