Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1812 жылғы соғыс шындығы

17.10.2024, 14:00 264

HALYQLINE.KZ

1812 жылғы Отан соғысының басты шайқасы Бородинода орыс патшасы І Александр Москвадан айырылса, император Наполеон тағынан айырылды. Орыс армиясы бұл шайқасқа 150 мың адам мен 587 зеңбірегімен қатысты. Наполеон бұл шайқаста жеңіске жетіп, орыс армиясын талқандап, Ресейді бітімге қол қойдырмақшы болды. Кутузов болса шайқаста қорғанысқа көшіп, жаудың армиясын барынша шығынға ұшыратпақшы болды.

1812 жылдың 26 тамызында таңғы 05-те басталған Бородино шайқасы 15 сағатқа созылып, түнде аяқталды. Орыстар 45 мың адамынан, француздар 35 мың адамынан айырылды. Бұл шайқасты «Генералдар шайқасы» деп те атайды. Орыс армиясының 4 генералы өліп, 23-і жараланса, француздардың 12 генералы өліп, 38-і жараланды. Шайқас тең аяқталды десе де болады. Наполеон орыс армиясын жеңе алмады, Кутузов Москваны қорғай алмады. Наполеон өзінің 18 мыңдық гвардиясын шайқаста қатыстырған жоқ, шегіну үшін сақтап қалды. Кутузов та өзінің 9 мыңдық әскерін шайқасқа қосқан жоқ. Екі жақ та бар күшін сарқып соғысты.

Соғыс болғасын, солдаттардың жаралануы заңды, ол кезде де әскери-дала госпиталі-лазарет болды. Сол кездегі жағдайды көргенде қазіргі дәрігердің өзі есінен танып қалар еді. Ол кезде дәрігер Н.Пирогов наркозды ойлап табуына әлі 40 жыл бар еді, сондықтан денедегі оқты алып тастау үшін жаралыға бір стакан арақ берді. Ал аяғы мен қолын кесу үшін басына қапшық кигізіп, ағаш балғамен маңдайынан ұрып есінен таңдырып тастайтын. Операциядан соң есін жиса, аман қалып өмір сүретін, кейбірі есін жимастан өліп кететін. Шабуылға окоптан көтерілген сәтте осыларды білетін солдаттар дала лазаретіне түскенше бірден өліп кетейінші деп, құдайдан жалбарынып сұрайтын. Дала лазаретіндегі солдат пен генералдың жағдайы бірдей болды. Атақты генерал князь Багратион жамбасынан тиген снаряд жарқыншағынан қайтыс болды. Ол кезде ешқандай антисептик ойлап табылған  жоқ, жамбасындағы жарқыншақты бас дәрігер Яков Виллие алғанымен гангренадан өліп кетті. Ол кезде Халықаралық Қызыл Крест ұйымы құрылған жоқ, жаралыларға екі жақ та айуандықпен қарады. Смоленск қаласын тастап кетерде орыстар 2 мың жаралы солдатын, Бородино шайқасында жараланған 8 мың солдатын Можайск қаласындағы госпитальге тастап кеткен болатын. Француздардың өздерінің де жаралы солдаттары жеткілікті болғандықтан орыстарды госпиталдың екінші қабатындағы терезесінен лақтырып тастады. Бұдан соң Фили деревниясындағы әскери Кеңесте фельдмаршал М.Кутузов Москваны жауға беру туралы шешімін айтып: «Москвадан айырылсақ, Ресейден айырылдық деген сөз емес, ал армиядан айырылсақ, Москвадан да, Ресейден де айырыламыз» деген тарихта қалған сөзін айтқан болатын.

Наполеон Бонапарт өз әскерімен бос қалған Москваға кірді, 275 мың тұрғыны бар қалада 6 мың адам қалды. Олар негізінен Ресейге қызмет істеу үшін келген шетелдіктер еді. Олар қаладан шыққан жағдайда орыс мұжықтары француздар деп өлтіріп тастайтын, бұндай оқиғалар болып тұрды. Наполеон өз әскеріне Москваны алуымен орыстарға бағытталған соғыс кампаниясы аяқталады деген соң, әскеріне ие бола алмай  қалды. Москва бай қала болатын, көпестердің жерасты қоймасында азық-түлік пен арақ-шарап жеткілікті еді. Москвада 14 қыркүйек пен 19 қазан айы аралығында болған француз солдаттары тонаушылық пен зорлыққа барып, өзінің әскери қабілеттілігінен айырылды. Оны түсінген Бонапарт Москваны тастап шықты.

1812 жылғы соғыста шешуші орынды орыс шаруалары алды, оларды «Отан соғысының шоқпары» деп атады. Ресейде шаруаларды басыбайлықтан, яғни құлдықтан 1861 жылы ақпан айында ғана патша жарлығы бойынша босатты. Соғыс ауыртпалығы ең алдымен қара халыққа түсетіні белгілі. Соғыстан бұрын орыс мұжығын адам ретінде көрмей ұрып-соғып, сатып сыйға беріп отырды. Соғыс басталғанда амалсыз шаруаларға күні түскесін қолдарына қару беріп, Отанды қорғандар деуге мәжбүр болды. Қолына қару алған шаруалар ең алдымен өзіне қорлық көрсеткен помещиктердің иеліктерін өртеді, оларды отбасымен қырып салып отырды. Басқыншы француздарды екі бастан аяусыз қырды. Қолға түскен тұтқындарды тірілей суда қайнатты, тірілей жерге көмді, тірілей отқа өртеді, ағаштан үшкір қазық істеп соған отырғызды. Жаралы француз солдаттарын айырмен түйреп және балталап өлтіріп отырды. Напалеон өзінің 600 мыңдық армиясының жартысынан айырылып, әрең дегенде құтылып кетті. Кезінде «КСРО тарихында» бұл жағдай жазылған жоқ.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: