Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөріктілерден неге қуат кетіп барады?

17.10.2024, 10:20 266

Адамзаттың негізгі миссиясы – бала сүю, ұрпақ өрбіту мәселесі кім-кімге де маңызды. Әсіресе, жас ұлғайған сайын адамды уайым басады. Бедеулік пен белсіздік белең алған бүгінгі қоғамда ерлі-зайыптылардың 15-20 пайызы осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр, дейді халықаралық статистика. Дерек көздеріне қарағанда, елімізде қазір 9467 әйел адам бала көтере алмайтындардың тізімінде тұрса, мыңнан аса еркек – белсіз. Мұның салдарынан ажырасу факторы көбейді. Осыны назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің отбасылық-демографиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуға пәрмен  берді.

Бұл жағдай қазір күллі дүниежүзін алаңдатуда. Жастардың белсіздік пен бедеулікке шырмалуы біздің ұлттың да басты демографиялық трагедиясына айналып барады. Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 20 пайызы осындай қатал үкімнің үрейін сейілтудің жолын таппай әуре. Мамандар бұл экологиядан деп бір ауыз сөзбен түйіндейді. Біз – бесігіміз бос қалмасын дейтін халықпыз. Балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған жұртпыз. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақта қалыптасқан көзқарасы, балалы бола алмаудың кінәратын нәзік жандыларға телитіні рас. Ал шындығында ер-азаматтарға да сын аз  емес. Бөріктілерден  неге  қуат  кетіп  барады?  Мұның мән-жайын дәрігердің өз аузынан білсек. Аудандық орталық емхананың уролог-­дәрігері Ғалым Нәбиевтен осы тектес сауалымызға  егжей-тегжейлі ақпаратқа қаныққан болатынбыз. Оның айтуынша, ер адамдар түрлі суықтау мен жұқпалы індеттерден ұрпақсыз қалып жатады. Бірақ көп жағдайда ер-азаматтар дәрігер тексерілуінен бас тартып, ауруын асқындырып алады екен.

– Бүгінде еркектердің белсіздігі әйелдердің бедеу­лігінен қалыспайды. Біздің ауданның өзінде еркектер арасында белсіздік дертіне ұшырағандардың қатары көп. Бірақ олардың басым бөлігі дәрігерге қаралуды намыс көріп, саналы түрде емделуден бас тартып жатады. Осы себептен де олардың нақты саны белгісіз. Тіпті ер адамдардың 60 пайызы дәрігерге қаралудан бас тартады. Сондықтан біз ерлі-­зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден  өткіземіз, – дейді дәрігер-уролог.

Дәрігердің сөзінше, бүгінде эректильді дисфункция дертіне шалдыққандар көп. Бұл ауру көбіне физиологиялық бұзылыстан, гипертония, қант диабеті, тік ішекке жасалған ота және т.б. салдарынан  туындайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабыну, яғни, аталық без бен қуықасты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүше­лерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайып­тылар бала сүю мәселесін мейілінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрықтың сапасы  нашарлап, балалы  болу  мүмкіндігі  азаяды.

– Қазір бедеулік мәселесі екі жақтан бірдей қарас­тырылады. Отбасы бір жыл аралығында сәби сүймесе, оларға «бедеу» деген диагноз қойылады. Бірақ бұл олар өмір бойы балалы бола алмайды деген­ді білдірмейді. Дер кезінде екеуі бірдей емделсе, кеселдің алдын алуға болады. Бедеулікке апаратын себептер өте көп. Бүйрек үсті безінің қабынуы, гипофиз, қалқанша безі аурулары, простатит бедеулікке соқтырады. Кейінгі кезде простатитпен ауыра­тын жігіттердің саны көбейіп барады. Мәселен, біздің шипажайға бедеуліктен айығу үшін жылына  2000-2500-ге  дейін  ер адам келіп ем алады, – дейді «Жаңақорған» шипажайының уролог-­дәрігері  Мұзафар  Асланов.

Айта  кетерлігі,  ер  адамдарда  жасөспірім  шақтан болатын варикоцеле дерті бар. Оны дер кезінде емдеп, ота жасамаса, соңы бедеулікке соқтырады. Өйткені аталық безге қан бармағандықтан, қан айналу процесі өзгеріп, жыныс жолдарына әсер етеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұғатын мерез, соз, хламидиоз, трихомониаз, мико­плазма сияқты аурулар көбе­йіп кеткен. Бұлар да бедеулікке апарады. Ең сора­қысы, бұл індеттер еш белгі бермей, ағзада ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан, ер адамдарға да дәрігер тексерілуінен уақытылы өту өте маңызды. Ел басшылығы осы тақырыпқа арнайы маңыз беріп, жағдайды оңалту бағдарында тиімді тетіктерге жол ашуды  қаперге  алып  келеді.

Шыны керек, ерлер белсіздігі мен әйелдер бедеу­лігі кешегі күндері тап бүгінгідей етек алмағанын алдыңғы аға буын алға тартады. Жалпы, бабаларымыз ежелден жаратылыстың заңдылығына қарсы келмеген. Ерлері таза ауада ат үстінде желіп жүріп күш-қуатын еселеп, есесін жібермеген. Белсіздік дертіне ұрынбауда атқа мінудің көп көмегі бар екен. Ат үстіндегі адам қарлы боранда қалса да қатты тоңбау сыры жылқының қалыпты температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болатынға ұқсайды. Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария инс­титутының облыстық филиал меңгерушісі Дәулет  Ибрагимов:

– Пандемия басталғалы барлығымыз саумал іздеп кеттік. Дәрі ретінде пайдасын көрдік. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі саумал біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Ауырған жағдайда саумал не қымыз ішу жетіспейтін витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деді.

Сол сияқты қойдың төсін жеу – еркек қуатын арттырудың бірден-бір жолы десек, келіндерге құйым­шақ  жегізуді  жүйелі  қадағалаған екен хал­қымыздың  дәстүрінде.

Тілші  түйіні. Жалпы, мамандар пікірінен түйгеніміз, әуелі Алланың жазғаны болады, ал саулыққа сергек қарау өзімізге байланысты.  Саламатты ұстанымнан  ажырамаған  ұрпақсыз  қалмайды.

Әлібек  ЖАРЫҚБАЕВ,

журналист.

Жаңақорған  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: